Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек.
Мектеп түлектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» — деп білім беру жүйесіне жаңа міндеттер қойған болатын.
Жыл ішінде мектеп әкімшілігі мен пән мұғалімдері жаңа бағдарлама бойынша тынымсыз еңбек етуде. 2015-2016 оқу жылынан жаңартылған білім мазмұнын оқу үрдісіне пилоттық енгізуде мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, ата-аналар болып бірлесе жұмыс атқаруда. Кез келген ата-ананың көкейінде «Бұл бізге не береді?» деген сауалдың болуы заңды. Қолданыстағы білім мазмұнымен салыстырып көретін болсақ, мәселен, қолданыстағы білім «Мектепте нені оқытады?» деген сұрақ аясында болып, баланың теориялық біліміне, яғни, бала біледі және түсінеді дегенге бағытталған. Ал қазіргі жаңартылған білім мазмұны «Мектепте не үшін оқу керек?» деген сұрақ аясында болып, білім мазмұны күтілетін нәтижеге және баланың бойындағы түрлі дағдыларды қалыптастыруға бағытталады. Қыркүйек айынан бастап 1-сынып сабақтарына ену барысында, мұғалімдердің оқушыларға бағдарламадағы оқу мақсаттарын игертуге қарқынды жұмыс жасап жатыр. Бұл бағдарламаның дәстүрлі бағдарламадан ерекшелігі — пәндер бойынша ортақ тақырыптардың болуы. Жаңадан енгізілген пәндер қатарында ағылшын тілі, жаратылыстану және ақпараттық технология сынды заманауи қажеттіліктерге байланысты жүргізілетін пәндер бар. Жаратылыстану пәнінде (химия, физика және биология пәндері), дүниетану пәнінде (география, тарих, қоғамтану) алғашқы ұғымдары қалыптастырылады. Жекеленген пәндерде үш тілділік мақсатын жүзеге асыруда тақырыпқа қажетті тірек сөздердің қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сабақта қолданылуы жүзеге асады. Оқу мақсаттарының белгіленіп беріліп, сол мақсаттар бойынша оқушылардың оқу жетістігін «жетті», «талпынды» деп бағалау жүргізіледі. Әрбір оқушы үшін оқу мақсатына жетудегі оқушының үлгерімін көрсететін портфолио жинақталып, ол қалыптастырушы бағалау үшін қолданылады. Бұл бағдарлама бойынша жетістіктермен қатар, жекелеген пәндер бойынша қиындықтар да кездесті. Атап айтсам, ағылшын тілі, орыс тілі пәндерінен кезекші сөздерін қолдануда қалыптастырушы ортаның жоқтығынан оқушыларда тілге төселу баяулық танытуда. Әйтсе де пән мұғалімдерінің шеберлігімен оқушыларға жеке жұмыстар жүргізіліп, оқушыларды алға жылжыту үшін саралау жұмыстары атқарылуда. Білім берудің қазіргі заман талабы — шығармашылықпен жұмыc жасайтын, бәcекеге қабілетті, құзіретті тұлға тәрбиелеу. Оқыту — мұғалімдердің оқушыларға жасаған сыйы емес, бұл құзіреттіліктер білім алу үшін оқушылардың өздері де оқу үдерісіне белсенді қатысуын талап етеді. Мұғалімдер, өз кезегінде, өзінің сабақ беруіне емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударуы тиіс. Осы мақсатта мұғалім оқыту ортасын құру керек. Осыған байланысты оқушылар арасында өзара түсіністік және ұжымдық қарым-қатынасты орнатып, оқушылардың сенімсіздіктерін жойып, мүмкіндіктерін арттыруға жол ашатын критериалды бағалау болып табылады. Критерийлер — оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер, атап айтқанда, оқушылар жұмыс барысында орындайтын іс-әрекеттер тізбесі. Критериалдық бағалау бұл – білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критериялармен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс. Егер балаға оның белгілі бір деңгейге жеткендігін айтса, онда бұл оған үздік нәтижеге жету үшін не істеу керектігін түсінуге көмектеспейді; бұл ретте егер баламен бірге оның жұмысында мұндай бағалауға не әкелгенін және бағалау өлшемдерін түсіндіруге талдау жасаса, онда бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін кейін не істеу керектігін түсінуге мүмкіндік береді.
Критериалды бағалауды енгізудің мақсаты:
- Мектепте оқыту сапасын жоғарлату
- Мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіру.
Критериалды бағалаудың міндеттері:
- Сабақтың әр бөліктеріндегі әр оқушының дайындық деңгейін анықтауға;
- Бағдарламаға сәйкес оқу мақсаттарын орындау қабілеті;
- Жеке оқушының даму жетістігін бақылауға;
- Оқушының білім алу барысындағы қателіктері мен олқылықтарын айқындауға;
- Әртүрлі жұмыс барысындағы алған өз бағасының әділдігіне көзін жеткізуге;
- Оқу бағдарламасының тиімділігін саралауға;
- Сабақ үдерісі мен білімнің меңгерілуі туралы оқушы мен мұғалім және ата-ана арасындағы кері байланысты қамтамасыз етуге.
Практикалық маңызы
- Тек қана оқушы жұмысы бағаланады;
- Орындалған жұмыс алдын ала белгілі үлгі (эталонмен) салыстырылады;
- Оқушы өзінің жұмысын бағалауға мүмкіндік беретін нақты бағалау алгоритмін біледі және ата-анасына ақпарат бере алады;
- Критериалды бағалау белгілі оқу мақсаты бойынша бағаланады.
Критериалды бағалаудың маңызы:
Мұғалімдер үшін:
- Сапалы нәтижеге әкелетін критерийлер құрастыруға;
- Өз іс-әрекетін саралап және болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер алуға;
- Сабақ берудің сапасын арттыруға;
- Оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқытудың әр тұлғаға арналған ауқымын жоспарлауға;
- Бағалаудың әртүрлі әдістерін пайдалануға;
- Оқу бағдарламасын қолжетімді ету үшін ұсыныстар енгізуге.
Оқушылар үшін:
- Танымдық қабілеті мен ойлау деңгейін арттыратын оқытудың әртүрлі әдістерін пайдалануға;
- Табысқа жетелейтін бағалау критерийлерін түсінуге;
- Өзін және өзгелерді бағалау арқылы кері байланысқа түсуге;
- Сыни ойлауына, еркін ойын айтуына, өзінің білімін көрсетуге.
Ата-аналар үшін:
- Баласының білім сапасының дәлелдемелерімен танысуға;
- Оның оқуындағы табыстылықты бақылауға;
- Оқуына қолдау көрсету үшін бағыт алуына мүмкіндік туғызады.
Қорыта айтқанда, аталмыш бағдарламаның мәні – баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асырып, пайдаға асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі — «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Пилоттық жоба ретінде таңдалған мектептегі бірінші сынып оқушыларын жалпы мектептің ортасына бейімдеу жүргізіліп, оқытуда әріп тануға, оқу мен жазуға үйрету, ана тілі, орыс тілі және ағылшын тілі пәндерінен айтылым–тыңдалым дағдыларын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алшериева Бахтыкул Амангелдиевна,
«Шардара» мектеп — лицейі
директорының бейіндік оқыту ісі
жөніндегі орынбасары,
ОҚО, Шардара ауданы