Биылғы оқу жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының қадамдарын және Қазақстан Республикасында Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатындағы білім мазмұнына кезең-кезеңмен көшу жұмыстарын бастаудың алғашқы жылы болуымен ерекшеленді. Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептеріне «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесі бойынша жаңартылған білім мазмұны бірінші сынып тәжірибесіне енгізілді.
Бірінші сынып оқушыларының оқу жетістіктері критериалды бағалау жүйесі арқылы бағаланды. Қазақстандық мектептер үшін жаңа әрі тың әдіс болып келетін критериалды бағалау жүйесі білім алушылардың дамуына, оқуға деген қызығушылығын арттыруға және ынталандыруға бағытталды.
Оқу жылы барысында жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі идеяларын, оның жаңа мазмұнын тәжірибеге енгізу, алғашқы тәжірибесіне қатысты жетістіктерді талдау, насихаттау сияқты жұмыстар ұйымдастырылды. Жаңартылған білім беру бағдарламасы шеңберіндегі біліктілікті арттыру курстарының тренерлері мен бірінші сынып мұғалімдерінің қатысуымен болған семинарлар жаңа тәжірибенің тиімділігін қарастыруға бағытталды.
Курстан кейінгі әдістемелік десанттар бірінші сынып мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету; олардың өзара тәжірибе алмасуы мен толғандырып жүрген мәселелері бойынша кері байланыс алу мақсатын көздеді.
Бірінші сынып мұғалімдері оқу бағдарламасындағы оқу мақсатын іске асыруға сәйкес сабақты барынша тиімді етіп жоспарлау; оқу жоспарына алғаш енгізілген «Жаратылыстану» пәнін оқытудың ерекшеліктері; оқу материалының мазмұнын саралау; бағалау критерийлеріне сәйкес келетін және мақсатқа қол жеткізу туралы қорытынды жасай алатындай тапсырмалар таңдау, дескрипторлар әзірлеу сияқты өзекті болып танылатын сұрақтарды ортаға салды.
Аталмыш бағдарлама шеңберінде оқушылардың бойында XXI ғасыр дағдылары деген жалпылама атауға ие болған дағдыларды қалыптастыру міндеті тұр. Жаңартылған оқу бағдарламасы мен критериалды бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып отыр.
Адамова Жұмабике Шазаровна
«Өрлеу» АҚ БАҰО филиалы педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтымектепке дейінгі
тәрбие және бастауыш білім беру кафедрасының аға оқытушысы
Қарағанды облысы