Білім саласында Тәуелсіз Қазақстанның алға қойған басты мақсаты – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Қазіргі таңда білімдінің бәйгеден бірінші болып озатын заманы туды. Ең бірінші кезекте өткір мәселе болып отырған – жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Бұған «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген халық мақалы дәлел. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев еліміздің әлемнің 50 елінің қатарына қосылуын мақсат етіп көздеген. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін, білімді ұрпақ тәрбиелеу маңызды болып табылады. Елімізді дамыған елдер қатарынан көру үшін – заман талабына сай білім мен тәрбие қажет. Ал дамыған ел – білімді, тәрбиелі, денсаулығы мықты ұрпағы бар ел. Дамудың өзі – білім мен тәрбиеге келіп тірелетіні сөзсіз.
Қазіргі кезде ғылым мен техниканың дамуына байланысты ұстаздар алдындағы басты міндет – бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде жұмыс істей алатын, жаңа, заманауи технологияны толық меңгерген, білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Балаға мұндай білім беру үшін, баланы осы күнге жеткізу үшін, әрине ұстаз талмай еңбек етуі, кәсіби ізденуі керек.
Заманауи талаптарға сай оқыту нәтижелері, жаңартылған білім мазмұны бойынша оқыту – оқушының өз бетінше ізденуіне, талпынуына, алға қарай ұмтылуына септігін тигізеді. Оқушының ойлау қабілетін дамытып, дүниетанымын арттырады.
Қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінде әртүрлі пәндерден жаңартылған білім мазмұны бойынша курстан өтіп жатқан ұстаздар саны қаншама? Мәселен, өзім еңбек етіп отырған Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы «№ 1 жалпы білім беру орта мектебі» КММ қабырғасында қазіргі таңда 70-тен аса мұғалім қызмет атқарады. «Білім негізі – бастауыштан» демекші, бастауыш сынып мұғалімдерінің түгелге дерлігі білім мазмұнын жаңарту курстарынан өткен. Орта буында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінен – жас маман – А.Ж. Агисова, Н.С. Жүсіпбекова, М.Д. Оразалиев, Н.Ж. Нұғыман, Б.Ж. Нұрымовалар өз білімін жаңаша жетілдірді. Аталған оқытушылар 1,2,5,7 сыныптарда жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беріп жүр. Жас маман, химия пәнінің мұғалімі – С.П. Бесчасова, өзі сабақ беретін пәнін ағылшын тілінде беруге мүмкіндік алып отыр. Бұл да мұғалімнің алдына қойылған мақсатына жетуінің нәтижесі емес пе?
Тек қана негізгі пән мұғалімдері емес, дене шынықтыру пәнінен де Т.П. Шалтеева, Г.Г. Федотовалар жаңартылған білім мазмұнына сай өскелең ұрпаққа дәріс беріп жүрген жайы бар. Сөз соңында өскелең ұрпаққа білім мен тәрбиені қоса ұштастырып жүрген шығармашыл ұстаздарға денсаулық пен шыдамдылық тілеймін!
Бақыт Құлмағанбетова,
«№1 жалпы білім беру орта мектебі» КММ әдіскері,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі