«Баға беру және есепке алу – керемет мақсаттар. Білім алу үдерісіне кедергі жасамайтын және біздің жан салып, жасап жатқан ісімізге пайдалы да әділ баға беретін жүйе…»
Теодор Сайзер
Бүгінгі таңда елімізде білім берудің деңгейі мен сапасына жаңа талаптар қойылып отыр. Қазақстан Республикасында соңғы жылдары білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар еліміздегі білім беру сапасының әлемдік деңгейге сәйкес келуін қамтамасыз етуді көздейді, сол арқылы әлемдік сұранысқа жауап бере алатын мамандарды даярлау және бәсекеге қабілетті білім беру болып табылады. Білім саласындағы жаңарту жүйесі еліміздің әр аймағындағы ашылған Назарбаев Зияткерлік мектептерінде алғаш тәжірибеден өтіп бүгінде өзінің тиімді нәтижесін көрсете бастады. Ұстаздар қауымы бүгінде (1 сурет) еліміздің жалпы білім беретін орта мектептері ұстаздарымен тығыз байланыс орнатып, пилоттық жүйемен тәжірибені таратуда.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы NIS-Рrogram (бұдан әрі – Білім беру бағдарламасы) ұлттық және халықаралық тәжірибелердің ең үздік үлгілерін кіріктіруді көздейді. Білім беру саласын жаңартудағы стратегиялық әріптесіміз Кембридж университеті. Келесі сұрақтарға көңіл аударсақ, білім жүйесін жаңарту үшін неліктен Кембридж университетінің тәжірибесі таңдалды? Жаңартылған білім беру бағдарламасының кейбір ерекшеліктері қандай ? Оқу үдерісінде жүргізілетін қалыптастырушы бағалау барысында берілетін кері байланыстың қандай тиімді тұстары бар?
Кембридж университеті әлемдегі орта білім саласында реформалар дайындаумен айналысатын жетекші университет. Университет әлемдегі 160 тан астам елдің білім беру министрліктері және ұйымдарымен жұмыс істейді, білім беру саласында тұрақты беделге ие. Білім берудің барлық саласында оның ішінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу, мұғалімдерді оқыту, оқуды, оқу үшін бағалауды және мектептегі көшбасшылық салаларында жетекші сарапшылармен кәсіби әріптестікте.
Еліміздің білім саласына кезең-кезеңімен енгізіліп жатқан білім бағдарламасының басты мақсаты, зиялы азаматты – сана әлеуеті жоғары дамыған, сын тұрғысынан және жаңашыл ойлай білетін, рухы мықты, өз білімін қоғамның алға басуына жұмсай алатын кез-келген ортаға бейімделіп кете алатын азаматты тәрбиелеу. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы…» -депорта ғасырлық данагөйіміз әл-Фараби айтпақшы, бағдарламада тәрбие мен оқу ажырамас байланыста қарастырады. Кез келген пәннің мазмұны «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық біріктіруші идеясын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады, ата-бабаларымыздың бірегей мәдениетін, әлем тарихындағы Қазақстанның алатын орны мен рөлін, оның жалпыәлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесін түсінуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде ол ұлттық және жаһандық азаматтық құндылықтарды қабылдайтын, адамдар құқықтары мен бостандықтарын құрметтейтін және Отанының дамуына өзіндік үлес қосуды қалайтын тұлғаны тәрбиелеу арқылы жүзеге асады. Орта білімнің маңызын белгілейтін құндылықтар: құрмет, әріптестік, азаматтық жауапкершілік, ашықтық, өмір бойы білім алу.
Бағдарламаның келесі басты ерекшеліктерінің бірі пәндер бойынша оқу бағдарламалары «шиыршық» ұстанымы негізінде құрастырылған, оған сәйкес оқытудың әрбір мақсаты және әрбір тақырыбы белгілі бір академиялық кезеңдер өткеннен кейін білім көлемі мен олар бойынша дағдыларды бірізді тереңдету, күрделендіру және көбейту арқылы қайта қарастырылады.
Пәндер бойынша барлық оқу бағдарламалары екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі жалпы ақпараттан тұрса, ал екінші бөлігі сыныптар бойынша мақсаттарды қамтиды. Жаңа форматты ұзақ мерзімді жоспарда белгілі бір тарау/бөлімше шеңберінде қамтылуы тиіс оқу мақсаттары көрсетілген. Бұрынғыдай, тарау ішінде сағаттарды бөлу мұғалім қалауы бойынша ауытқуы мүмкін. Орта мерзімді жоспарда оқу бағдарламасында тұжырымдалған мақсаттарға сәйкес оқу мақсаттары, сондай-ақ мұғалім мен оқушы үшін ұсынылатын қызмет түрлері, ресурс үлгілері бейнеленген. Оқу бағдарламасынан және ұзақ мерзімді жоспарлардан өзгеше, орта мерзімді оқу жоспарлары ұсыныс сипатында, сондықтан мұғалім іс-әрекет түрлерін өз біліктілігіне қарай бейімдеп, оқушылардың қызығушылықтарына, деңгейіне, қажеттіліктеріне және жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін баламалы ресурстарды таңдайды.
Кіріктірілген білім беру бағдарламасының атап өтерлік тұсының бірі жетілдірілген критериалды бағалау моделі, яғни оқуды және оқу үшін бағалау жүйесі.1)бағалау критерийі – оқушының оқу жетістіктерін бағалауға негіз болатын белгі, тиімді құрастылған бағалау критерийлері, оқушының тапсырмаларды нақты және дәл орындауын жеңілдетеді, 2) балл қою кестесі – тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларына балл қою бойынша бірыңғай норманы белгілеу үшін мұғалімдер қолданатын кесте. Кесте мұғалімге оқушы білімін әділ бағалауға көмектеседі. 3) дескриптор – тапсырмаларды орындау кезіндегі әрекетті көрсететін сипаттама, сауатты құрастырылған дескрипторлар оқушыны тақырыптан ауытқымай жұмыс жасауына бағыттайды, 4) критериалды бағалау – белгіленген критерийлер негізінде оқушылардың нақты қол жеткізген нәтижелерін оқытудың күтілетін нәтижелерімен сәйкестендіру үдерісі. Критериалды бағалау бойынша электрондық журнал – жиынтық бағалау (бөлім/ортақ тақырыптар, тоқсан) нәтижелерін тіркейтін және тоқсандық, жылдық, қорытынды бағаларды автоматты түрде есептеу мен балды бағаға айналдыруды жүзеге асыратын электрондық құжат.
Қалыптастырушы бағалау – оқуды дер кезінде түзетуге мүмкіндік беретін, оқушымен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етіп, сабақ барысында жүргізілетін бағалаудың түрі.
Бағалау ауызша және жазбаша түрде жүзеге асырылады. Қазіргі кезде пән мұғалімдері өз тәжірибелерімен бөлісу мақсатында қосымша құрал ретінде «Қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар» жинағын шығарып ұсынуда
Қалыптастырушы бағалау оқу бағдарламасындағы оқу мақсаттарына жетуге көмектеседі, қиындықтың алдын алуға мүмкіндік береді, оқу үдерісінде оқушылардың білімі мен дағдыларының қалыптасуы, білімді меңгеру деңгейін анықтайды. Қалыптастырушы бағалау кезінде оқушыларға үздіксіз кері байланыс беріледі. Баға, балл қою жүргізілмейді. Қалыптастырушы бағалау оқудағы іс-әрекеттің әр кезеңінде (тақырыпты түсіндіру, тапсырмаларды орындау, тапсырмаларды тексеру және т.б.) түрлі әдістер мен тәсілдер арқылы жүзеге асырылады (сауал қою, тәжірибелік жұмыстар, зертханалық жұмыстар, жобалар, тест тапсырмалары және т.б.). Жұмысты ұйымдастырудың жеке, жұптық, топтық жұмыс түрлерінде қолданылады. Қалыптастырушы бағалаудың нәтижесі бойынша мұғалім оқу үдерісін дер кезінде түзетіп отырады, оқушылардың жиынтық бағалау жұмысын өз деңгейінде тапсырғанға дейінгі кемшіліктерінің, олқылықтарының алдын алады. Қалыптастырушы бағалау кезінде оқушылар пән бойынша жалпы білім берудің оқу бағдарламаларына сәйкес оқу мақсаттарына қол жеткізеді. Оқушы белгілі себептермен сабаққа қатыса алмаған жағдайда оқылмаған материалды мектепке келгеннен кейін екі апта ішінде оқу мақсаттарына жету арқылы меңгеруі қажет. Қалыптастырушы бағалаудың нәтижелері тоқсандық, жылдық баға қою кезінде есептелмейді.
Сабақта оқушы қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырманы орындаған соң, мұғалім жұмысты бағалап, тапсырманың қай тұсы өте жақсы және қай тұсын қалайша жетілдіруге болатындығын айта отырып, кері байланыс береді. Оқушы дәл осындай кері байланысты жұптасып, топтасып
жұмыс жасау барысында сыныптастарынан да алуы мүмкін. Сауатты берілген кері байланыс оқушының өз-өзін ретке келтіруіне ықпал етеді.
Демек, бұл жерде мұғалімнің және өз сыныптастарының берген кері байланысы оқушыны қалыптастыруға, оқу мақсаттарына жетуге үлкен көмегін тигізеді. Жаңартылған оқу бағдарламасы, бағалау мен оқыту арасындағы қиындықтарды жойып, үйлесімді нәтижеге жетуге алып келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Педагогика кадрлардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу қағидалары. Жалпы ереже. ҚР БҒМ №18 бұйрығы. Астана, 18.01.2017.
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. Жалпы орта білім. Негізгі ереже / Ресми басылым. Астана, 2012. (ҚР Үкіметінің 23.08.2012 ж. №1080 қаулысы бойынша)
- Оқу бағдарламасы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ – NIS-Рrogram Астана, 2017
З.К. Аязова,
Физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Қазақстан тарихы пәні мұғалімі
Ақтөбе қаласы,