Мақсаты:
- Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында сынып кураторы тарапынан 8 – сынып оқушыларының жауапкершілігін арттыру;
- Пән мұғалімдерімен байланыс жасау арқылы сынып оқушыларының білім сапасын көтеру;
- Өзінің тәрбиеленушілеріне бар мүмкіндігінше білім алуда көмектесу;
- Сыныпты білім сапасы үшін күреске тәрбиелеу;
- Танымдық қызығушылықтарын және сынып ұжымының танымдық іс-әрекетін дамытуға ат салысу.
Нәтижесі:
1.Оқушылардың білім сапасы артып, білім деңгейлері анықталады.
2.Пән мұғалімдерімен бірге баланың сабаққа деген жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік жасалады.
3.Оқушылардың білім деңгейі анықталып, сабаққа деген қызығушылығы мен белсенділіктері артады.
Бүгінгі заманауи оқыту технологиясын дамыта жүргізуде, сынып жетекшісінің пән мұғалімдерімен бірлесе жүргізетін жүйелі жұмыс жоспары қажет-ақ. Себебі, әр жылдың қорытынды білім сапасы пән мұғалімдерінен ғана емес, ең әуелі сынып кураторынан сұралады. Осы мақсатта, жаңартылған оқу бағдарламасы аясында сынып кураторы үшін сыныптың пәндік оқытылу мотивациясын саралап, бағалау жүйесін нақтырақ әрі жүйелі жүзеге асыру қажет.
Ахмет Байтұрсынов атамыз «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады» — деп айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сай болуы керек. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді. Қазіргі таңда пәнді жақсы, терең білетін, күнделікті сабақтағы тақырыпты толық қамтитын, оны оқушыға жеткізе алатын, әр түрлі деңгейдегі тапсырмаларды білу іскерлігі, оқытудың дәстүрлі және ғылыми жетілдірілген әдіс – амалдарын, құралдарын еркін меңгеретін, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыра отырып дарындылығын дамытудағы іздену — зерттеу бағытындағы тапсырмалар жүйесін ұсыну өмір талабы. Жаңартылған оқу бағдарламасының да мақсаты осы.
7 – сыныпта алғаш жаңартылған оқу бағдарламасының енуіне байланысты оқу жылының соңында үздіктер санының төмендеуі, яғни, 6 – сынып бойынша 42 оқушы үздік болып келсе, 7 – сыныпта 13 оқушы үздіктер қатарында болды және тоқсандық бағалауға оқушылар мен ата-аналардың келіспеушілігі орын алды. Сондықтан да сыныпта куратор ретінде сабаққа ене отырып, пән мұғалімдерінің қалыптастырушы бағалау жүйесін анализдеу ең басты мәселе.
Әрбір пәнді оқыту жүйесі оқушыны ғылыми дамытумен қатар, функциналдық сауаттылығына да көңіл бөлген абзал. Осы мақсатта, сынып кураторының өзі пән мұғалімдерімен байланыс жасай отырып, сабақтарға қатысып, оқушылардың білім алумен қатар сол білімді игеруде, берілген тапсырманың орындалу барысын саралай отырып, баланың ұлттық менталитетінің пәнаралық байланыстағы ықпалдастығын жетілдіруде, оқу мотивациясын арттыруда, оқушылардың үлгерімін анықтауда маңызды рөл атқарады.
Бүгінде жаңалыққа бастаған жаңартылған бағдарлама арқылы білімге деген жаңаша көзқарас қалыптасып, білім деңгейі биікке көтеріліп келеді. Қазіргі білім беру жүйесінде жаңа технологияларды енгізу күннен-күнге басты талапқа айналып, осы әдістерді жетілдіре түсу қажеттілігі күшеюде. Мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болса да, мұғалім оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді. Оқушының тұлға ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Сондықтан оқушылардың белсенділігін арттыру мақсатында куратор сағаттарын түрлі формада өткізу сыныпта оң психологиялық жағдайды туғызуға септігін тигізуде. Нәтижесінде, 7 «ә» сыныптағы үздік оқушы Бергенбекұлы Нұрдәулет бастапқы уақытта өте тұйық, өз ойын еркін айта алмайтын оқушы болатын. Сабаққа қатысу барысында оқушының алгебра пәнінен орындаған тапсырмаларының нәтижелі, әрі алғырлығын байқап, куратор сағатын Нұрдәулеттің қатысуымен бір тақырып бойынша сайыс түрінде өткіздім. Нұрдәулет оқушылар алдында өз білімін ортаға салып, өзін жақсы ұстай білді.
Қорыта айтқанда, мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі саласы жаңа тәсілдер аясында кеңеюде. Ол – пәнаралық және жобалық қызмет, оқыту мен басқаруда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (бұдан әрі — АКТ) пайдалану, білім беру қажеттіліктері ерекше балаларды интеграциялау және ата-аналарды консультациялық сүйемелдеу. Озық экономика білім беру мақсаттарын «білетін адамнан» «шығармашылықпен ойлайтын, әрекет ететін, өзін-өзі дамытатын адамға» ауыстыруды талап етеді.
Шакиева Назерке Бақытқызы,
8 – сыныптар кураторы
Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған
№ 4 облыстық мектеп-интернаты
Қызылорда қаласы