Мемлекетімізде орта білім беру саласы қарқынды жаңғыруда. Басты себеп — қазіргі өзгермелі қоғамның талабына жауап беретін, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті және әлеуметтік өзгерістерге тез бейімделетін азаматтарды тәрбиелеу.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бекіткен іс-жоспарына сәйкес, еліміздегі жалпы білім беретін барлық орта мектептер «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ң апробациясынан өткен білім беру мазмұнына көшуде.
Осыған орай облыстағы педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және күнделікті тәжірибеге қолдау көрсету мақсатында Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен облыстық білім беру басқармасы кәсіби мереке қарсаңында «Жаңартылған білімге – жаңашыл ұстаз» атты педагог кадрларының І облыстық форумын ұйымдастырды.
Форумның мақсаты: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» тәжірибесін тарату арқылы облыстағы сала мамандарының шеберлігін арттыру, үздік инновациялық тәжірибелерді енгізу.
Педагогикалық бастамаларды қолдау мен білім берудің оңтайлы шешімдерін таратуға мұрындық болған форум екі кезеңде өтті. Әуелі зияткерлік мектеп пен облыстағы жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері жұптық негізде (team-teaching) ашық сабақтар өткізді. Одан соң өткізілген сабақтарды талдау арқылы оқытудың әлсіз және мықты көрсеткіштеріне мән берілді. Мұндағы мақсат жаңартылған білім беру жүйесімен сабақ беретін пән мұғалімдерінің баланы оқыту барысында пайда болатын қиындықтарды алдын-алу, оқушының тыңдау, сөйлеу және жазу дағдыларын игеру арқылы оның бойында іздену машықтарын дамытуға қолдау көрсету болып табылады.
«Бұл арада сабақ берудің бірлескен тәсілі өте көмектесті», — дейді № 30 мектеп гимназиясының педагогы Айнұр Исағалиева. Оның айтуынша, оқытушы тек сабақ беріп қана қоймай, жекелей даму, әріптеспен ынтымақтастықта жұмыс істеу және педагогқа қажет құзыреттерді арттыруда пайдалы. Сайып келгенде командалық оқыту — пәндерді кіріктіру, менти мен ментор арасында байланысты нығайтуға бағытталған.
Форумда алғаш рет жалпы білім беретін пән мұғалімдері химия, физика, биология және информатиканы ағылшын тілінде жүргізді. Сала мамандарының айтуынша бұл мүмкіндіктер шет тілін меңгеріп жүрген ұстазға тілдік құзыретті арттыруға көп септігін тигізді.
25 ашық сабақтың қорытындысы бойынша ұстаздар баламен байланыс ортанудағы кейбір ерекшеліктер, сабақтың барысында инновациялық қызмет идеяларын қолданудағы туындайтын мәселелер туралы пікір білдірді. Ал салтанатты жиында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарына негізделген тоғыз номинация бойынша үздік сабақ берген педагогтар сала ардагерлерінің қолынан марапат алды.
Осылайша төл мерекені Елбасы мектебінің төрінде атап өткен атыраулық ұстаздар қауым бір ауыздан зияткерлік мектептер желісіне алғысын білдірді. Жаңартылған бағдарламаны оқушыға жеңіл әрі ықыласпен оқытуда озық әдістерді таратқан Назарбаев мектебінің мұғалімдері мұндай шараның әлі де жалғасын табатынын жеткізді.
Әнуар ЖАМАНҚҰЛОВ,
Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы