Қазақстанда орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберіндегі білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуде. Жаһандану заманында жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілеті мен белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту, өмірде оны қолдана білуге бағыттау – ұстаздың басты міндеті болуымен қатар, оларға жүктелер жауапкершілік жүгін де еселейді. Өйткені, сапалы білім мен кәсіби білікті мамансыз бәсекеге қабілетті өскелең ұрпақты тәрбиелеу мүмкін емес.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша өткізіліп жатқан барлық курстарда сыни тұрғыдан ойлауды дамытудың тәсілдері, сыни ойлауды оқу және жазу арқылы дамытудың стратегиялары, жобалау әдісі, өз пікірін жазбаша рәсімдеу (мақала, эссе, комментарий беру және т.б.) әдіс-тәсілдері кеңінен қолданылады. Аталған бағдарлама бойынша жүргізілген курстарда тыңдаушылардың бойында тілдік дағдыларды қалыптастырудың, оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру мен инновациялық технологияларды меңгеріп, оны тиімді қолдана білудің маңызы зор.
Кіріктірілген білім беру бағдарламасында қазақ тілі пәнінің берілу жайы да өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында «Шиыршық әдісімен» орналастырылған және бір-бірімен тығыз байланысты. Яғни, жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түседі.
Жаңартылған бағдарлама бойынша жүргізілген курста дәріс, практикалық жұмыс және тренинг кезінде тыңдаушылардың қызығушылықтары күннен күнге арта түсті. Курс барысында мұғалімдер жаңартылған білім беру бағдарламасының түйінді идеяларын түсініп, тың тәсілдермен таныса алды. Топтық жұмыстың да мән-мағынасын тез ұғып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Алайда кейбір тыңдаушылар өте баяу қабылдап, дәстүрлі білім берудегі үйренген әдістерін, ағымда қолданып жүрген бағдарлама бойынша өз тәжірибелерін алға тартумен болды. Нәтижесінде «Топтастыру», «Ойлан, жұптас, бөліс», «Ақпаратты жаңғырту», «Сұрақ-жауап», «Өз миыңды сал», «Стоп-сұрақ» стратегияларын тиімді қолдану арқылы тыңдаушылардың білімдерін бекітіп, білім деңгейін күнде бақылап, бағдарламаның түйінді идеясын барлық курс тыңдаушыларының санасына сіңіруге қол жеткізе алдым деген ойдамын.
Бүгінгі күні дамыған елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының білім деңгейімен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі заман талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды жаңартылған білім беру бағдарламасының талабына сай инновациялық әдіс-тәсілдермен оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Оның үстіне білім берудің жүйесін қарқынды дамытқан бұл
үрдістің жалпы білім беретін мектептерге белсенді түрде енгізіле бастауы көңілді қуантады. Курстың маңыздылығы да міне, осында. Курс аясында жоғарыда айтылған міндеттер мен мәселелер өз шешімін табуда. Міндетіміз ауыр, мақсатымыз айқын. Отандық білім беру саласында әлемдік тәжірибедегі алдыңғы қатарлы идеяларды басшылыққа ала отырып, жаңаша ойлай алатын білікті мұғалімдер қатарын көбейтсек, жақсы нәтижеге жеттік деп білеміз.
Ләззат ОРМАНБЕКОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
«Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты»
Инновациялық технологиялар және жаратылыстану (гуманитарлық) пәндерді
оқыту мазмұны мен әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы,
қазақ тілі бойынша жаңартылған бағдарламаны оқыту тренері.