Home » Мақалалар » Жаңартылған бағдарлама – жаңашыл ізденістер

Жаңартылған бағдарлама – жаңашыл ізденістер

Павлодар қаласының мектепке дейінгі мекемелерінде өзге ұлт өкілдерінің балаларын мемлекеттік тілде оқыту және тәрбиелеудің жаңа тиімді сан түрлі әдістерін зерттеп, қолданып келеді.  «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы азаматтың тұлғалық дамуын, оның қалыптасуы ерте жаста мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу сатысында – өз мемлекетінің тілін, салт-дәстүрін және әдет-ғұрыптарын үйретуден бастау алады.

Қазіргі уақытта Павлодар өңірінде 83% қазақ балалары ана тілінде оқиды. Бұл жұмыс биылғы жылы да жалғасын тауып отыр. Яғни, 2017 жылы мемлекеттік тілде оқытылатын 3 балабақша, сондай-ақ, көптілді бағыттағы мектепке дейінгі мекемелер мазмұнын жаңарту шеңберінде қайта құру жоспарлануда.

Бұдан басқа, қалада өзге ұлт өкілдері балаларының да мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшыныстары жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі таңда олардың үлесі 6% құрайды және бұл соңғы шегі емес. Ағымдағы жылы «Электрондық үкімет» порталында өз балаларын мемлекеттік тілде оқытуға ниет білдірген өзге ұлт азаматтарының 200 өтініші тіркелді.

Осы бағыт бойынша, Павлодар қаласының №6 балабақшасы өзінің оң нәтижелі жұмыс тәжірибесімен ерекшеленуде. 2016-2017 оқу жылында мектепке дейінгі мекемеде 16 басқа ұлттың балалары тәрбиеленді, балалардың балабақшаны бітіруіне дейінгі көрсеткіш 85% құрайды, бұны жақсы нәтиже деп санауға болады деп ойлаймын. Бұған: кадрларды іріктеуде, оқытудың мазмұнын таңдауда, технология мен түрлі әдістерді қолданудағы басшылыққа алынған жаңа көзқарастардың тигізген ықпал да зор.

Бүлдіршіндерді оқытуда оқушылар мен ересектерді оқытудан басқа әдістемелік тәсіл қажет. Жұмыс тәжірибесінде көзіміз жеткені: мектепке дейінгі даярлау тобымен тек тәжірибелі мамандар ғана жұмыс істеуі қажет, сондықтан құрамы әр тілді топтарды жоғары және бірінші санатты тәрбиешілерге ғана тапсырған дұрыс.

Тілді қажетті деңгейде меңгеруде мектеп жасына дейінгі балалардың жоғары сезгіштік және белсенді жады, көрнекі-бейнелі ойлауы сияқты психологиялық ерекшеліктері де маңызды рөл атқарады. Дәл осы қабілеттерді ескере отырып, сабақты ұйымдастыру үшін пәндік-дамыту ортасы құрастырылған.

Барлық әдістемелік тәсілдер, оқыту құралдары, көрнекі және үлестірме материалдары, қолданылатын оқу құралдары мен жабдықтар басқа тілді ортаның дамытушылық және үйретушілік сипатын іске асыруда: «Асық», «Ұршық», «Мәсі», «Домбыра» театрлары жұмыс жасайды, «Сөйлейтін суреттер», «Ертегі терапиясы» дамыту технологиялары, ойын моделіндегі Дьенеш блогы пайдаланылады. Тәрбиеленушілеріміз облыстық телеарнадағы балаларға арналған «Қазақша үйренейік» бағдарламасына қатысып, білімдерін көрсетті.

Балалардың сөйлеу икемділігінің белсенділігіне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың пайдасы көп: электронды оқу құралдары, электронды ертегі жинақтары, қазақ тіліндегі мультфильмдер.

Өзіміздегі бар тәжірибені жүйелендіру және тарату мақсатында балабақшамызда әр тілді құрамдағы тәрбиеленушілерден тұратын топтар тәрбиешілерінің қалалық шығармашылық бірлестігі жұмыс істейді. Педагогтармен оқу әрекетін ұйымдастыру, дидактикалық материалдар және жаңа білім беру стандартының талаптарына сәйкес сөздік мөлшерлеме бойынша әдістемелік нұсқаулықтар әзірленді. Тәжірибе көрсеткендей, осы материалдарды пайдалану бүлдіршіндердің 160-180 белсенді сөздік қорын еркін қолдануын қамтамасыз етуде, ал бұл – тіл меңгерудің қажетті жоғары деңгейімен сәйкес келеді. Бұған облыстық олимпиадалар мен қалалық конкурстардың нәтижесі дәлел бола алады. Соңғы 3 жылдың ішінде өзге ұлт өкілдері балаларының қатарынан мектеп жасына дейінгі 7 бала «Жауқазын» олимпиадасының, 17 бала «Балбұлақ» мемлекеттік тілді меңгеру білімі байқауларының жүлдегері атанды .

Білім беру мазмұнын жаңарту мен жаңғыртуда біздің педагогикалық ұжым республикалық шараларға да белсене қатысуда.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын сынақтан өткізуде біздің педагогикалық ұжым эксперименталдық алаң ретінде қатысты. Сонымен қатар, республикалық «Балалық шақ» орталығының ұйымдастыруымен мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық әдістер мен технологияны қолдану, мектепке дейінгі жастағы балаларға мониторинг жүйесін, үлгілік бағдарламасын апробациалауда бақшамыздың күшімен республикалық отырыс өтті. Демек осы жұмыс, жалпы мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын жандандыруда, жаңа үлгілік оқу бағдарламасын дайындау мен сынаудан өткізуде педагогтарымыздың тікелей қосқан зор үлесін айқындайтыны анық.

Еліміздің қоғамдық өмірінде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, білім беру жүйесіне, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға сәйкес өзгерістер енгізуді талап етеді. Павлодар қаласының барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қазақ тіліне біртіндеп көшіру шеңберінде, биылғы жылы 120 педагог сәуір, мамыр айларында мемлекеттік тілдегі тегін оқыту курстарынан өтті.

Сонымен қатар, Павлодар қаласының бес балабақшасында №29, №35, №85, №115, №121 пилоттық жоба бойынша өзге ұлт балаларына қазақ тілінде қарым-қатынаста болатын топтар ашылды.

Сондай-ақ, 600 өзге ұлт балалары қазақ тіліндегі балабақшаларда тәрбиеленіп жатыр.

Халық даналығында: «Кім ерте бастаса – алда болады» делінген. Сондықтан мектеп жасына дейінгі балаларды қазақ тіліне ертерек үйрету – өз елін әлемдік аренада лайықты, бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде ұсына алатын, Қазақстанның интеллектуалды элитасын қалыптастырудың негізі болып табылады.  

 

Лазат Қожабаева,

Павлодар қаласының

№6 мектепке дейінгі

                                                                                  мекеме басшысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.