Бүгінгі қазақстандық мектептің алдында әлемдік білім беру кеңістігіндегі зерттеулер мен жаңалықтар ашудың ғасырына ену үшін білім жүйесіндегі жаңа көзқарасты жетелеуші ұрпаққа қалыптастыруды қамтамасыз ету, ойлау, оқыту, жұмыс істеу, шығармашылық және жалпы алғанда, өмір сүру әдіснамасын қайта қарау міндеті тұр. Сол себепті ХХІ ғасырда ел болашағының баяндылығы жолында сананы жаңғырту, білім беру жүйесіне өзгеріс енгізу – маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
Мектептер оқушыларды түрлі мәдени қарым-қатынас жасауды, алуан түрлі идеяларды, көзқарастар мен құндылықтарды ескеруді, адамзаттың технологиялардың көмегімен кеңістік пен уақыт кедергілерін жеңе отырып, бір-біріне сенім білдіруін және әріптестікте жұмыс істеуін қажет ететін әрі адамдардың өмірі ұлттық шекаралар аумағынан тыс мәселелерге байланысты болатын әлемде өмір сүруге және жұмыс істеуге дайындауы керек. Жиырма бірінші ғасырдың мектептері оқушыларды өмірде, жұмыста және азаматтық ұстанымында өзгелермен ынтымақтастықта өмір сүруге дайындай отырып, ұлттық және жаһандық пікір алуандығының шынайылығын ұғына отырып, өзіндік дербестігі мен ерекшелігін дамытуға көмектесуі керек. Жоғарыда келтірілген тұжырым Қазақстанның білім беру саласына өзгеріс қажеттілігін анық көрсетеді, сондықтан сипатталған жаһандық проблемаларға жауап бере алатындай деңгейде ұлттық мән мәтіндегі жұмыстар жүргізілуде.
Жаңа мазмұндағы білім беру жүйесін мектептерге енгізу үшін орта білім мазмұнын жаңарту аясында бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша өткізіліп жатқан кәсіби біліктілікті арттыру курстары айтарлықтай үлес қосатынын мұғалімдер жалпы курстың барысында көз жеткізді. Бұл біліктілікті арттыру курсының мақсаты – оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізу арқылы Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесіне арналған орта білім мазмұнын жаңарту бағдарламасымен таныстыру болып табылады.
Ауданымызда «Өрлеу» БАҰО» АҚ Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен жүргізіліп жатқан біліктілікті арттыру курстары осыған дәлел. 24 сәуір мен 13 мамыр аралығында бастауыш сыныптар арасында Байұзақова Айгүл Құсайынқызы тәлімгерлігімен өтіп жатқан курс қатысушылары жаңа бағдарламаның тиімділігін жете түсініп, жоғары қызығушылықпен үйренуде. Әсіресе өскелең ұрпаққа арналған қызықты да оңтайлы әдіс-тәсілдер ұстаздар еңбегінің жемісті болуына ерекше үлес қосатынына көз жеткіздік.
Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Ата-бабамыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз ғана табысты болады, нәтижеге жетеді. Тәуелсіз еліміздің мәңгілік болуы білімді ұрпақ қолында. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі мен жан-жақтылығы, білімді болуы – білікті ұстаз қолында. Біздің, яғни курс тыңдаушыларының бұл жолда ұтары көп.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры С.М.Кеңесбаев мырзаға және «Басқару және білім сапасы» кафедрасының аға оқытушысы, тәлімгеріміз А.Қ. Байұзақоваға ауданымыздың мұғалімдеріне білім беру жүйесін реформалаудағы міндеттелген қадамдарды жүзеге асыруға біліктілік курсын ұйымдастырғаны үшін үлкен алғысымызды білдіреміз.
Тұржанова Нұргүл Бақытжанқызы
№34 орта мектеп бастауыш сынып мұғалімі
Алматы облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылы