Home » Мақалалар » Жаңартылған бағдарлама – білім берудің жаңа мазмұны

Жаңартылған бағдарлама – білім берудің жаңа мазмұны

         Бүгінгі таңда білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесі басты назарда тұр. Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында дербес мемлекетімізде білімнің маңыздылығы жоғары бағаланып, барынша қолдау көрсетілуде. Әріне, сапалы білім мен кәсіби білікті мамансыз бәсекеге қабілетті өскелең ұрпақты тәрбиелеу мүмкін еместігі бәріне мәлім.

Елімізде орта білім беру мазмұны жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына өзгерістер енгізілуде. ЖаҺандану заманында жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілетін, белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту, өмірінде оны қолдана білу, отансүйгіштік қасиетін одан әрі дамытуға бағыттау – ұстаздың басты міндеті деп білемін. Аталмыш міндет орындалу үшін білікті маман «қарулану» қажет.

Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама.

Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр.

Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топқа жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) курс барысында ұғындық. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі – спиральді қағидатпен берілуі.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы Тілдік қызмет дағдыларын дамытуға (тыңдау, айту, оқу, жазу) аса назар аударылып отыр. Оқу кезеңінен жазба тілге дейінгі оқытудың бірізділігін жүзеге асыруды көздейді. Жаңартылған білім беру бағдарламасындағы қарым-қатынас құрудың маңызын түсіну және сабаққа арналған тілдік мақсаттарды белгілеу көзделген. Тілдік мақсат үш тілде оқытудың коммуникативті дағдыларын дамытуды қолдау болып табылады.

Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалды бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады. Кеңестік заманнан қалған бес балдық бағалау жүйесі жойылады. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін (ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі.

Бүгінгі күні барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс-тәсілдермен оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Оның үстіне білім берудің жүйесін қарқынды дамытқан бұл үрдістің жалпы білім беретін мектептерге де енгізіле бастауы көңілді қуантады.

Қорыта айтқанда, аталмыш бағдарламаның мәні – баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттеледі. Оқушылардың бойына ХХI ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дамыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп Үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастағалы отырмыз. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі.

Абуталипова Сауле Абдирахимқызы,
№97 жалпы орта мектебі, директордың бастауыш
сыныптар бойынша орынбасары ОҚО, Сайрам ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.