Елбасымыз атап көрсеткен «Мәңгілік Ел» іргетасын қалайтын Жеті құндылықтың бірі — жалпыға ортақ Еңбек қоғамы.
Бұл құндылық ғажап елдің жас бүлдіршіндерін үлкен өмірге, осы елде өмір сүруге дайындау үшін мұғалімге бұрын-соңды ел, ұлт тарихында болмаған жаңартылған оқу бағдарламасы мазмұнынында іске асып жатқанына бір жыл болды.
Қазақтың маңдайына біткен Абай, Ыбырай, Ахмет, Жүсіпбектері сынды қазақ елінің тарихындағы ең ауыр кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай азаматы болған халқымыздың бағы бар екен.
Бұл бағдарлама баланы шығармашылық және сыни тұрғыдан ойлауға бейімдейді. Қарым-қатынас қабілетін сабақта шәкірттің ішкі қажеттілігіне, таным деңгейіне сәйкес әр түрлі тапсырмалармен дамытады. Өзгелердің мәдениетіне, көзқарастарына құрметпен қарауға үйретеді. Өз деңгейіне, мүмкіндігіне сәйкес тапсырма алған оқушы бірте-бірте өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауға даяр болады.
Мұғалім ретінде бұған дейінгі тәжірибемде мен үшін ең құнды қасиет-баланың бойында жауапкершілік сезімін ояту болды. Міне, бағдарлама сонысымен маған ұнап тұр.
Қазіргі қоғамда өз әрекетіне жауапкершілікпен қараған күнгі дәрігер науқастың хал жағдайын жақсарту үшін барын салады, атүсті қарамайды. Жаңа бағдарлама бойынша білікті мұғалімнен, ең бастысы, осы құжаттың мәнін түсінген оқытушыдан білім, тәрбие алған бала міндетті түрде денсаулықтың қадірін түсініп, айналадағыларға қамқорлық көрсетуге дайын болады.
Осы оқуға келгенге дейінгі оқытушылық қызметімде өмір бойы оқу дегенді түсіне алмайтынмын. Биыл «Өрлеу» БАОҰ АҚФ ОҚО бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Басқару және білім беру сапасы» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к, халықаралық деңгейдегі тренер Медетбекова Меруерт Асқарбекқызының жетекшілігімен жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша 22 мамырдан бастап оқуды бастаған кезде осыған көзім жетті. Шындығында, мұғалім оқып, көзін ашып, қоғамдағы өзгерістерге мән бермесе, оның оқытқан шәкірттері де өмірге дайын болмайды. Бәсекеге қабілетті болмайды, баланың болашағына балта шабады.
Осыдан он шақты жыл бұрын жазған бір мақаламда: «Дәрігер білімсіз болса, адамды бір сәтте өлтіреді. Ал мұғалімнен балаға келетін еш қатер жоқ деп ойлаймыз. Бұл қате пікір. Мұғалім баланы әсте-әсте өлтіреді. Қалай? Бұлақтың көзін ашқандай, жас бүлдіршіннің тілін таба алмаса, өмірге дайын болмайды. Оған қоғамда сұраныс та жоқ. Ол өлгенмен тең, себебі еңбек етіп, пайда, ләззат, табыс ала алмайды» деп жазған едім. Сол он жыл бұрынғы ойым өзімнің жеке көзқарасым ретінде дұрыс еді. Көзім анық жеткен нәрсе болатын. Бірақ осы үздіксіз оқу, білім жетілдіру арқылы баланы болашақ өмірге икемді етіп қалай дайындаудың тәсілдерін жаңартылған бағдарламадан тапқан сияқтымын. Жүрегімде қуаныш пен ұят сезімі қатар оянды. Қуанышым – осындай мүмкіншіліктің бар екендігі. Ұялғаным — талай шәкірттерімді бар ынтаммен оқытқанмен, барлығының «шырағын жаға алмадым-ау.»
Бұл бағдарламада әр оқушының жеке қабілетіне назар аударып, мұғалім шеберлікпен, махаббатпен алға жетек сұрақтар арқылы басқа оқушыларға білдірмей-ақ жетелейді. Мақсатқа жай-жай болса да жетеді. Төмен деңгеймен қалып қоймайды. Күнделікті сабақта жеке,топтық жұмыста шәкірт ішкі уәжін өсіріп, қанағаттанып үйіне қайтады. Бұл ең маңызды нәрсе. Осының бәріне мұғалім сабағында шебер ұйымдастырған еңбек түрлері себеп. Олар сабақта өз пікірін айту, жазу, парталасының жұмысын тыңдау, тек тыңдап қана қоймай баға беру, графикалық органайзер жасау, оны көпшілік алдында айтып қорғау. Бір қарағанда елеусіз ғана нәрсе тәрізді. Ал бала үшін үлкен еңбек, шыңдалу.
Елбасының «Жалпыға ортақ Еңбек құнды болатын қоғамда» өмір сүруге шәкіртім дайын болатынына сенім пайда болды.
Мұғалімнің қуанышы — шәкіртінің шатаспай, Абай дана айтып кеткендей «дүниеге бір кірпіш болып қалануы» емес пе?! Осы тұста бұл бағдарлама
баланы сын тұрғысынан ойланып,«жеті рет өлшеп,бір кесетін», дұрыс шешім қабылдайтын тұлға етіп қалыптастырады. Бұл қанша сабақ болса, әрқайсысында мұғалімнің баланы сын тұрғысынан ойлауға бағыттайтын, әр оқушыға жеке сұрақтар қою арқылы жүзеге асып отырады. Бұл әрекетті оқытушы дәстүрлі оқыту әдісте де қолданды, бірақ тек бір-екі немесе үш-төрт оқушымен ғана сәтті жасады. Қалғандары «үлгермеуші» болып, сырттап қала беретін. Сөйтіп, «үлгермеушімен» жұмыс деп, бөлек папка арнап, сабақтан тыс жұмыс жасауға әрекет етті. Одан түк шықпады, себебі мұғалім сабақ үстінде көпшілік баламен жасамаған жұмысты, кейін уақыт тауып істей алмайды. Бұл ащы шындық. Мектепке келген «тексерушілер» де осы осал, ішкі тұсты біліп, «үлгермеушімен жұмыс» папкаңды көрсет дейтін. Жасырудың қажеті жоқ. Бұл әр оқытушының басынан өткен жағдай. Жаңартылған бағдарлама Елбасымыздың көрегендігімен, болашақ ұрпаққа шексіз қамқорлығы мен сүйіспеншілігінің арқасында іске аспағанда, тасада тәп-тәуір көзі ашылмаған «үлгермеушілеріміз» қалып қояр еді. Бұл жағдай еліміздің дамуына да кері әсерін тигізер хақ.
Тағы бір маған ұнаған нәрсе, Жүсіпбек Аймауытұлы айтып, дәлелдеп берген баланы оқыту ерекшелігінің осы жаңартылған бағдарламаға өзгеріссіз келгені. Жүсіпбек Аймауытұлы бала бір беймәлім ұғымды түсінуі үшін, оған күнделікті өмірде көріп жүрген құбылыс немесе затпен байланыстыра үйретуді ұсынған. Белгілі қарапайым нәрсені шәкірт ұстап көріп, сапасын байқап, салыстырып, содан соң ғана жазады. Осыдан кейін барып жазған жазба жұмысы пайда тигізеді.
Мектепте қазақ тілін екінші тіл ретінде өзге ұлт өкілдеріне оқытамын. Ата-аналар тарапынан баламызға қазақ тілінің ережелерін оқуға көп көңіл бөлесіз, ал өмірде қажет кезде бір құжатты жазуға немесе қазақтармен сөйлескенде сөйлесімі төмен деген пікірді жиі еститінмін.
Жаңартылған бағдарламада қазақ тілі мен әдебиеті бір пән бір сабақ ретінде оқытылады. Грамматикалық ережені әдеби көркем шығарманы оқып, түсініп отырып үйренеді. Оның үстіне өзге ұлт өкілдері балаларына қазақ тілін оқытуда Ы.Алтынсариннің қысқа, бірақ тәрбиелік мәні терең әңгімелерін алушы едім. Бұл да менің еңбек тәжірибеме, көзқарасыммен дәл келіп тұр. Осы сияқты жаңартылған бағдарламаның өміршең жақсы жақтарын алдағы уақытта бала оқыту үдерісінде көп кездестірем деп ойлаймын.
Әріптестеріме құтты бағдарлама болсын, бағалай әрі сауатты түрде іске асырайық дегім келеді.
Қалшабекова Ақбөпе Батырқызы
№20 Титов атындағы мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі