Home » Жаңалықтар » ЖАҢАРТЫЛҒАН БАҒДАРЛАМАҒА – ЖАҢАША КӨЗҚАРАС

ЖАҢАРТЫЛҒАН БАҒДАРЛАМАҒА – ЖАҢАША КӨЗҚАРАС

     Ұстаз – таудан сарқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында  кездескендерді сумен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды еңсере білетін, қасиетті мамандық    иелерінің ішіндегі  жауһары. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты мен бала күнімнен армандадым. Қазіргі таңда  қазақ тілі мен әдебиеті  пәні  мұғалімімін. Әр уақыт ізденіс үстінде жүретін мұғалімдер қауымы емеспіз бе, қаламызға жаңартылған  оқу бағдарламасы бойынша төрт апталық курс келіп, апайымыз  Ботагөз Серікқызының және курсқа жиналған  әріптестеріміздің арқасында бағдарлама туралы   толыққанды түсініп шықтық деп айтсам болады.

          Жаңартылған    оқу  бағдарламасының бұрынғы  бағдарламадан ерекшелігі — мақсаттың дайын берілуі  және оның өзгермейтіндігі,  сонымен  қатар, бастауыштан жеңіл  берілген  білімнің,                  сынып жоғарылаған  сайын  ауырлай түсетіндігі және                          төрт тілдік дағдыға негізделіп оқытылуымен бірге, термин  сөздердің қолданылуы. Бағдарламаның ішінде кездесетін термин сөздердің берілуінің өзінде бір жаңашылдық жатқан сияқты. Осы термин сөздерді (модерация, имодель, дескриптор,  кері байланыс т.б)  ережелерге  сүйене отырып, белгілі бір мысалдармен есте сақтап қалсақ және жаңа бағдарламаны   іске асыруда сабағымызда пайдалана білсек деген  оймен курс нәтижесінде топпен талқылап игеруге тырыстық.

         Курс  барысында мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған  білім беру бағдарламасы –заман талабына сай  келешек   ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама екенін түсіндік. Қазіргі таңда қазақ тілі  — мемлекеттік тіл, қарым-қатынас тілі — орыс тілі және ағылшын тілі — әлемдік кеңістікті тану тілін  оқытуда жаңа идеяларды  әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде  қолдану заман талабы болып отыр, яғни, білім  берудің  мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды деген сөз. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін  үнемі  жаңартып отыру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты — білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды          бағалау жүйесін енгізу және мұғалімнің педагогикалық шеберлігін  арттыруды талап етеді. Негізінен жаңартылған білім беру жүйесі сапаға бағытталған бағдарлама. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы —  оқушыны сыни ойлауға, әртүрлі зерттеу жұмыстарын тәжірибе жасау арқылы  іске асыруға, жекелей, жұппен, топпен жұмыс жасай   білуге үйретеді. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалық бағалау жүйесіне өтеді. Бұл  бағалау  жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықпал етеді. Жаңартылған  оқу бағдарламасында  қазақ тілі пәнінің берілу жайы да  бұрынғыдан өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік                          дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым                                    жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды  оқу жоспарында             жоғарыда айтып өткеніміздей “Шиыршықты білім беру”               негізінде іске асырылады, яғни, сынып өскен сайын тілдік            мақсат та  күрделене түспек. Қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі  оның өскелең жас ұрпақтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс.

         Қорыта айтқанда, жаңартылған оқу бағдарламасының мәні,             баланың мектеп қабырғасында алған білімін өмірде өз             қажеттілігіне асыра білетін азамат болса екен деген ұғымға негізделген. Демек, мұғалімдер қауымы тынымсыз еңбектену             керек деген пікірге кеп саяды. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін аянбай еңбек етіп, білім беретін мұғалімдер ғана жұмыс істей алады.

“Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман”-деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, ойы ұшқыр, білімді ұрпақ тәрбиелеуде және жаңартылған оқу бағдарламасын жүзеге асыруда ұстаздар қауымына талмай еңбек етіңіздер дегім келеді.

Әлия Тойлыбаева,

№2 Хамза  атындағы жалпы орта

мектептің қазақ тілі мен

әдебиеті пәні мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.