Home » Мақалалар » Жаңалыққа бастаған жаңартылған бағдарлама

Жаңалыққа бастаған жаңартылған бағдарлама

«Болашақта еңбек ет­іп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады».

Н. Назарбаев

           Тіршілік, өмір – қолға ұстаған құм сияқты. Оны үнемі бір деңгейде ұстап тұра алмайсың. Бабаларымыз «Ит үреді, керуен көшеді» дегендей, жаз өтіп, күз келетіні сияқты, кез-келген дүниенің басталуы, дамып жетілуі және аяқталуы болады. Міне, осы сынды білім беру саласында да заман ағымына сай өзгерістердің болуы – заңды құбылыс. Кешегі дәстүрлі әдіс-тәсілдер арқылы білім беру кезіндегі оқу сапасы төмен болған жоқ.

Өз кезеңіне сай үздік ұстаздан үздік шәкірттер тәрбиеленіп, терең білім нәрімен сусындап, талай ғалым, академик, ойшылдар, қоғам қайраткерлері шықты. Дегенмен, бүгінгі таң талабы басқа болғандықтан, жаңартылған бағдарлама бойынша енгізіліп отырған жаңа әдіс-тәсілдердің тиімді екеніне күмәнім жоқ. Себебі, қазіргі кезде табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет деген ойдың жақтастары көбейіп келеді. Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі сала қолдана білуін талап етеді. Сол мақсатта мұғалімдер дұрыс бағыт-бағдар беруші болу керек. Бағыт-бағдар беру үшін мұғалім түбегейлі өзгеру керек, не өзгеруге тырысу керек.

Жаңа білім берудің мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқыту әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Осыған байланысты ұстаздарды оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру,  оны тиімді қолдана білу міндеті тұр.

Жаңартылған оқу бағдарламасының ерекшеліктеріне пән мазмұнының спиральді қағидатпен берілуі, Блум таксономиясы, пәнаралық байланыс, ортақ тақырыптардың болуы, олардың уақыт талабына сай болуы, әлеуметтік дағдылардың қалыптасуы оқушы бойына білім, білік, дағдыны қалыптастырып, жүйелі білімді меңгертетіні сөзсіз.

Сонымен қатар, әр түрлі белсенді әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану – білім сапасының өсуіне жетудің бірден бір жолы.

Тағы бір айта кететін мәселе, кез келген көзі ашық, ойы жетік, саналы адам болашақта белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін өз алдына мақсат қоятыны белгілі. Мұғалімнің де нәтижелі білімге жетуі үшін сабақ мақсатының маңызды рөл атқаратыны жаңалық емес. Стронг «Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім» деген болатын. Алайда тамыры тереңге кеткен ұстанымдар мұғалімнің жаңашыл идеяларды қабылдау қабілетін шектеуі мүмкін. Сондықтан жаңашыл идеяларды танудан және тәжірибе жасаудан жалықпағанымыз абзал. Осы орайда мұғалімнің жұмысы дұрыс мақсат қоюдан басталатынын айтқым келеді.

Оқушылардың жақсы білім алуын, табысты оқуын, ақыл-ойының дамуын жоғары дәрежеде ұйымдастыру егеменді елімізді одан әрі дамытатын азаматтарды тәрбиелеуде маңызды қадам болып табылады. Джон Кеннедидің «Ұлттың дамуы толығымен білім сапасының дамуына тәуелді» деген ұлы сөзі бар. Демек, мақсатты дұрыс қою арқылы біз сол сабақтағы жұмыстың нәтижесін болжаймыз. Сабақты өткізген соң мақсатымызға қайта оралып, оқыту тиімділігін анықтай аламыз. SMART мақсатқа сай құрылған сабақ табысты оқытудың кепілі болмақ. Мұғалім жұмысында әдістемелік тақырыпты таңдап алып, сол бағытта жұмыстанамыз. Ол үшін әрбір жұмысты бастаған кезде «Мен нені нақты жүзеге асыра аламын, менің қолымнан не келеді?» деген сұраққа жауап беріп кіріскеніміз дұрыс. Мақсатымыз аз болған сайын нәтиженің нақты және сапалы болатынына менің көзім жетті.

Мақсатты дұрыс қою – адам өміріндегі маңызды үдеріс, сол үшін оған күш те, уақыт та жұмсалуы керек және мақсатқа деген талап өте күшті болуы қажет.

Әр сабақ мақсатын «Мәңгілік ел» патриоттық акциясымен байланыстырып отыру – бала бойына өз еліне деген сүйіспеншілік пен елінің тарихын терең меңгертуге бағытталғаны белгілі.

Оқушылардың үлгерімін бағалау мақсатында бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалды бағалау жүйесі енгізілген. Бұл бағалаудың ерекшелігі – оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады. Кеңестік заманнан қалған бес балдық бағалау жүйесі жойылды. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс-тәсілдермен оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр.

Қорыта айтқанда, оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін  ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Ата-бабамыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, жан-жақты, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз ғана табысты болып, нәтижеге жетеді. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады» — деген тұжырымдамасы негізінде ой жүгірте отырып, біз де, ХХІ ғасыр ұстаздары, ХХІ ғасыр мектебінде ертеңіне нық сенімді, бәсекеге қабілетті, бойына түрлі дағды қалыптастырған, өзіндік дербестігі мен ерекшелігі дамыған ұрпақ тәрбиелеп, осы мақсатымызға жетеміз!

Арстамбекова Шарбат Габдулловна,

№41 орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі,

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы,

Қабанбай батыр ауылы

Абильдинова Айша Аркадиевна,

№27 орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі,

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы,

Оразақ ауылы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.