Home » Білім және тұлға » Жақсы әдістеме – тәрбиенің көзі

Жақсы әдістеме – тәрбиенің көзі

«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша

   XX ғасырда қазіргідей емес, керісінше ұстаз – ұлы тұлға атанып, көпшіліктің көкейінде жатталып қалатын еді. Ұстазға қарап ой түзеп, болашақта өз мамандығын сонымен байланыстырып пір тұтқан. Біздің кейіпкеріміз де ұстаздықтың «жілігін шағып, майын ішкен», әке өсиетін жерге тастамай, оның бауырының жолымен жүруді мақсат тұтып, өмір ағысымен Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №9 балабақшасында әдіскерлік қызметті адал атқарып жүрген – Жусупова Гулсин Пазилкызы.

Кейіпкеріміз 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Кеңгірстау ауылында дүниеге келген. Бастауыш сыныпты туған жерінде оқып, 1971 жылы отбасымен Жыр алыбы – Жамбылдың жеріне көшіп келеді. Жамбыл қаласындағы Карл Маркс атындағы орта мектепті үздік тәмамдаған кейіпкеріміз мұғалім болуды мақсат тұтты. «Әкем Ұлы Отан Соғысының ардагері әкімшілікте есепші қызметін адал атқара жүріп әуелі қыз балаға ең лайықты мамандық – педагогика саласы, — деп ақыл айтып, жөн сілтейтін. Ал әкемнің інісі Алатау бөктеріндегі Алматы қаласында «математика» мамандығын бітірген доцент еді, көкеміз бауырлары мен балаларының «математик» болғанын армандап өтті. Бірақ «адамның емес, Алланың дегені болады». Әулетімізде туған ағам және мен «математика» мамандығын тәмамдаған едік. Міне, осылай Жамбыл қаласындағы Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы педагогикалық институттың қызыл дипломын иелендім», — дейді кейіпкеріміз өзінің ұстаздық жолға келуін баяндап. Гулсин Пазилкызы 34 жылдық еңбек өтілінің 30 жылын балабақшаға арнады, әлі де сонда адал қызмет етуде.

Кез келген мекеменің жұмысы жақсы болсын, жаман болсын тек қана басшылықпен байланысты емес, өйткені ұжымдық еңбек үнемі өз жемісінен артығырақ болары анық. Десе де әрбір мекемеде білікті, еңбекқор, әділетті әрі талапшыл басшы болғаны абзал. «Тараз қаласындағы № 9 балабақшаның негізі қаланғанына 50 жылдың жүзі болды. Аталған мекемеде меңгеруші қызметін атқарған Рахия Төлепбергенқызы, Оразгүл Тажибекқызы және Гульбахыт Танкеновна Мухатаеваны да өз ісінің нағыз мамандарының қатарына әбден қосуға болады. Өйткені олар мекеменің гүлденуіне көп еңбек сіңірді. Иә, Гульбахыт Мухатаева бұл балабақшаның абыройының өсуіне едәуір үлес қосып келеді», — дейді кейіпкеріміз меңгеруші туралы сөз қозғап.

Жақсы әдістеме – тәрбиенің көзі. Өйткені есін жаңадан білген бала, дүниені танып, жақсы мен жаманды ажырататын ең бірінші мекеме дәл осы балабақша. Әуелі балабақшаның негізі мықты болса, бүлдіршіндер де оңды солын танып, жеке тұлға болып қалыптаса бастайды.

«Балабақша жұмысы – мектептен де қиын әрі қызықты. Өзім 4 жылдай мектепте қызмет еттім, бірақ балабақшаға келгенде балалардың былдыр-былдыр, қызықты әлеміне еніп кеткендеймін. Иә, көпшілігі бақшада еңбек етсең еш қиындық жоқ деген ойды қалыптастырады. Дегенмен, мектептің, колледж бен университеттің, жалпы білім ошағының фундаменті – балабақша. Өйткені бұл мекемеде баланы тәрбиелеуден бастайды. Білімнің негізі де – салиқалы тәрибие екендігін ата-бабамыз ықлым заманнан айтып кеткен. «Балалы үй базар» деп те тегін айтпаса керек. Отбасылық өмірдің мәні мен сәні болған бүлдіршіндер ата-анасының көңіліне уайым ұялататыны қоғамдағы белгілі жәйттердің бірі. Сондықтан да біз ата-ана, бала, тәрбиеші арасындағы жұмыстарды әрдайым уақытылы жүргізіп отырамыз. Өйткені үш бағыттағы еңбек әрдайым жақсы нәтиже берері сөзсіз.

Ең әуелі балабақшаға келген бала көбіне өз ұстаздарын пір тұтады. Себебі тәрбиешілер балаға екінші анасындай болып кетеді. Тараз қаласындағы ең мықты мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің бірі №9 балабақша. Себебі жетістіктеріміз ұашан-теңіз. Қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға бүлдіршіндеріміз бен тәрбиешілеріміз, ұстаздарымыз барынша атсалысуда. Ата-аналармен де байқауларды жиі өткізіп тұрамыз. Мәселен, өткен жылы балаларға арнап «Самға-жұлдыз» атты байқау ұйымдастырдық. Мұндағы мақсат балалардың өнеріне қолдау білдіру. Балалардың өнерін қолдай отырып, біз олардың жастайынан сахнада өз-өзін ұстай білуін қалыптастырып, бәсекеге қабілетті болуының қырын ашамыз. Біздің балаларымыз Елбасымыз Жамбыл обылысына іссапарға келген сәттерде де өз өнерлерін паш етіп, жұртшылықты таң қалдырып жатады. Қаракөз бүлдіршіндеріміздің зияткерлік қабілеттіліктері де жоғары деуге болады. Өйткені балалар балабақшамыздың қабырғасынан шыққан соң мектеп табалдырығында кілең «бестікпен» оқиды. Бұл менің немесе басшылықтың ғана жемісі емес, сонымен қатар тәлімді тәрбие мен саналы ұрпақ қалыптастыруға өз білгенін балақайларға үйретіп жүрген тәрбиешілер мен ұстаздарымыздың да еңбегі. Өйткені олар қыр-сырлы, білім мен ғылымнан да кенде емес. Оның бір мысалы ретінде біздің мекемеде еңбек етіп жүрген Р.Қ.Керімбаеваның Н.Ә.Свамбаевамен бірлесіп «Логика» ересек топ балаларына арналған «Ойлан да, тап» оқу-әдістемелік құрал» атты әдістемелік жинақтың жарыққа шығуына өз үлесін қосуы, оның ғылыми жұмыспен айналысуы. Бізде қазақ тілінің мықты маманы Ж.А.Отышева мен музыка пәнінің майталман маманы С.Ж.Муханова деген жоғары санатты педагогтарымыз көпшіліктің алғысына бөленуде. Сондықтан да ұжымдық еңбек қашанда маңызды роль атқарады», — дейді кейіпкеріміз өзі әдістемелік қызмет атқаратын мекеме туралы. Ақиқатында, мұндағы ұжым білікті мамандардан құралған, ал оны құрауға негіз болған жақсы әдістеме – тәрбиенің көзі деп кейіпкеріміздің өзі айтқандай, әдістемелік жұмыстың хас шебері атанған әдіскерге байланысты. Кейіпкеріміз Жусупова Гулсин Пазилкызының еңбегін жоғары бағалап отырған меңгеруші әрі мұнда қызмет ететін тәрбиешілер мен ұстаздар қауымы. Ата-аналар да өз алғыстарын айтуда. Оған дәлел бала күнінде осы балабақшаға келген әкесі өз балаларын да Тараз қаласындағы №9 балабақшаға алып келуі. Мысал боларлық мұндай жәйттер осынау бір кішігірім мекемеде көптеп кездеседі. Өйткені, жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші, қазақтың байтақ даласындай тәуелсіз, әрі қабілетті етіп ұлдардың бетін қақпай, қыз балаға театр сахнасы арқылы ертегі әлеміне саяхат жасап, инабаттылық пен өнегелі тәрбиені бүлдіршіндер жүрегіне ұялатып отырған мекеменің ұстаздары мен әдіскері.

Жансая Құрманғалиқызы,
 Тараз қаласы
Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.