Home » Білім және тұлға »   ЖАҚСЫ ЖҰМЫС – ЖАНҒА ТЫНЫС

  ЖАҚСЫ ЖҰМЫС – ЖАНҒА ТЫНЫС

«Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы бойынша

Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы типтік Ақсу медико-әлеуметтік мекемесінің аға медбикесі Нанағыз Бабаева Әзірбайжан елінің Нахичевань қаласында Бабаевтар отбасында үш ұл, жеті қыздың бесіншісі болып дүниеге келеді. Қос жанары қарақаттай, сүп-сүйкімді, қағілез немересіне әжесінің көңілі айырықша түсіп, есімін өзі қояды. «Нанағыз» — әзірбайжан тілінде «әжесінің қызы» деген мағынаны білдіреді екен. Сөйтіп, әжесінің еліктің лағындай ғана құлдыраңдаған қара қызы еркелеп жүріп бойжетіп, 1979 жылы орта мектепті «үздік» бағамен тәмамдайды.

— Біз бір үйде туып-өскен ағайынды он бала едік. Мінез-құлқымыз әр түрлі болса да, өте тату әрі бір-бірімізге сенімді тірек болып өстік. Өзім оқуды жақсы оқыдым. Фотосуретім мектептегі «үздіктер бұрышынан» түспейтін. 1985 жылы тұрмысқа шығып, тағдырдың жазуымен, өзіме мүлде беймәлім елге – екінші Отаныма айналған Қазақстанға келдім. Содан бері ғұмырымның жартысынан астам уақыты көз алдымда зымырап өте шықты. «Көзімнің ағы мен қарасындай» екі перзентімді өмірге әкелдім. Жолдасым алғашында Ермак ГРЭС-інде жұмыс істеді. Кейін жеке ісін ашып, кәсіпкерлікке бет бұрды. Ал мен болсам, «ақ халатты абзал жандарға еліктеп, дәрігер атанғым келді. Менің ойымды отағасы да қолдады. Осылайша, алға қойған ізгі мақсатымыз біртіндеп жүзеге аса бастады. Содан 1987 жылы Павлодар қаласындағы медициналық училищесіне құжаттарымды тапсырдым. Сабақтың орыс тілінде жүргізілуі о кезде орыс тілін мүлде білмейтін мен үшін оңайға соқпады. Бірақ, алған бетімнен таймадым. Біртіңдеп тіл үйрене бастадым. Кей кездері, тіпті, мағынасын ұқпасам да, берілген тапсырманы бастан-аяқ жаттап келетінмін. Ұстаздарым да үйге әр сабақты қайталап түсіндіріп, үйретуден шаршамады. Олардың сол шыдамдылығына, ұстаздық мейірімдеріне әлі күнге дейін зор ризашылықпен басымды иемін! Ақыры, қайсарлығым мен білімқұмарлығымның, үздіксіз еңбектенуімнің арқасында көздеген мақсатыма жеттім. 1989 жылы оқу орнын медбике мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдап шықтым, — дейді Нанағыз Кязымқызы.
Н.Бабаева еңбек жолын «Қарттар мен мүгедектерге арналған Ермак интернат үйінде» (қазіргі Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы типтік Ақсу медико-әлеуметтік мекемесі) физиокабинет медбикесі қызметінен бастайды. Алғыр әрі ісіне ұқыпты жас маманды жаңа орта жатырқамай, бірден қабылдайды. Әріптестері оны ақжарқын, ақкөңілділігі мен адамгершілігі үшін қадір тұтады. Мекеме әкімшілігі қанатының астында 10 жылдан астам адал қызмет еткен, ұйымдастырушылық қабілеті мол мамандық иесін назарынан тыс қалдырмады. Нанағыз Бабаеваға мекеменің ең жауапты қызметін қоса жүктейді, оны кәсіподақ комитетіне төраға етіп сайлайды. Нанақыз осы уақытқа шейін интернат үйінің тазалығы мен гигиенасын, ауысымдағы медбикелердің жұмысын бақылап, мекеме тұрғындарының денсаулығын қадағалайды. Бүгінде ол – 26 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты мамандық иесі.
— Менің әр жұмыс күнім көңілімді жадыратып, жаныма қуаныш сыйлайды. Күнде жұмысқа бар ынта-ықыласыммен кірісіп, өз жұмыс орнымды – «екінші үйім» деп білемін. Ақ халаттылар үшін алдына келген сырқаттың құр дертін жазу аздық етеді. Ол сол адамның дертіне қоса, жанын түсініп, өмірге деген құлшынысын арттырып, сеніміне ие болуы тиіс. Сонда ғана еткен еңбегің өз нәтижесін беретін болады. Мекеменің бүгінгі хал-ахуалы, оның барлық жетістіктері ең алдымен, басшымыз Болат Ахметов пен ұзақ жылдар бойы қиындықты да, қуанышты да бірге өткерген доскөңіл әріптестерімнің ерен еңбегінің жемісі. Мен бақытты адаммын. Өмірде еш өкінішім жоқ, осы өмірім үшін АллаҺқа айтар алғысым шексіз!- дейді аға медбике.
Нанағыз – білікті маман ғана емес, сүйікті жар, аяулы әже, «ұлын – ұяға, қызы – қияға» қондырған өнегелі отанасы. Туған жерінен шалғай жүрсе де, өз ұлтының дәстүрін дәріптеуді ешқашан естен шығарған емес. «Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өсер» дегендей, бақытын Қазақстандай кең байтақ, қонақжай елден тапқан ұйымшыл отбасының ұрпағы да кішіпейіл, есті болып ер жетті. Ұлы Гасан мен қызы Камина жоғары білім алып, еңбекке араласты. Жары – Магаммедали болса, кәсібін дөңгелеткен табысты бизнесмен. Нанағыз бен Магаммедали балалары мен немерелерінің әрбір жетістігіне риясыз шаттанып, оларды әрдайым мақтан тұтумен келеді.

Айгүл Молдаш,

«Білім Айнасы» газеті

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.