Home » Мақалалар » Жақсы бастығың – жарты бақытың

Жақсы бастығың – жарты бақытың

Жаныңда жүр жақсы адам

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының бұл сөзі ұжымын  саусақтың саласындай біріктіре білетін іскер басшыларға арналып айтылғанына дау жоқ. Басшылыққа қабілеті мол, жауапкершілікпен ауыртпашылықты көтере білетін бір сөзбен айтқанда ұжымдағы атмосфераны ұстайтын жан өзіне сене қараған барлық әріптестеріне қорған бола алады.
Бүгінгі біз қалам тербеген кейіпкеріміз бүлдіршіндер ордасын басқарып, есіктен кірген әр жанды өзінің мейірімді жүзімен шынайы күлкісімен қарсы алатын жан. Балабақша табалдырығын аттағаннан бұл күлкінің өзімізге арналғанын сездік. Кейіпкеріміз әңгіме барысында әркез мұңайып қалса да қабағын еш төмен түсірмейді. Өмірде қызғаныш, бақталастықтың барын білседе нағыз әйел бейнесінде қалған. Себебі, ол ешкіммен бақталаспайды, Жетістікке жету үшін тек өзіне сенеді Абыройын бірінші кезекте ойлайды. Өткен күніне шүкірлік етіп, алдағы күннен күдерін үзбейді.
Ауыз толтырып мақтауға лайық іскер басшы Целиноград ауданына қарасты «Сұлу-ай» мемлекеттік балабақшасының меңгерушісі Түкешева Гүлнәз Рамазанқызы. 2014 жылы ашылған 140 орындық балабақша ғимараты заман талабына сай. Мекемеде тәртіппен тәрбиенің қатар жүретіні бірден байқалады. Бірінші қабаттан бастап қолмен жасалған әсем қолөнер бұйымдарына, сан түрлі гүлдерге толып тұрған ғимарат іші көздің жауын алады. Тазалық жағы айтпаса да көрініп тұрды.
Шортанды педколледжін бітіріп, Еуразия ұлттық университетінде жоғары білім алып, Көкшетау педагогикалық университетінің магистрі атанған Гүлнәз Рамазанқызы аталмыш мекеменің басшылығына дейін көптеген білім ордаларында жемісті еңбек ете білген ұстаз.
Қаладағы №35 мектеп-лицейінде ұстаз, №21орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі, №63 білім ордасында директордың тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары сынды қызметтер атқарды. Жалпы еңбек өтілі 20 жылдан асқан білікті маман ешкімнің көмегінсіз, қала шетінде жаңадан бой көтерген балабақша меңгерушілігіне іріктеуден өз күшімен өтіп келді. Содан бері қызметін жас тәрбиешілерге жол нұсқаудан бастап, ата-анамен шынайы қарым-қатынаста болу, өнерлі-білімді бүлдіршіндерді   тәрбиелеу жолында еңбек етіп келеді.  Қаладан шеткері болса да ешбір байқаулардан шет қалмаған шаңырақтың өнерлі балғындары талай шыңды бағындырып үлгерген. Атап айтар болсақ I Халықаралық балалармен жасөспірімдер, ересектерге арналған «Алтын дауыс», «Әр бала-жұлдыз» өнер байқауларында шәкірттері жүлдемен оралып, балабақша ұжымы арнайы «Алғыс хатпен» марапатталған. IV Республикалық «Тайжарыс» радиобайқауында, зияткерлік балабақша республикалық марафонында жүлделі орыннан көрінді.
Тайтөбенің төрінде, балабақшам жайнасын,-деп Әнұран сөзін жазған ақын жанды ұстаз «Сұлу-ай» бүлдіршіндер ордасын үлгілі өнер-білім ордасына айналдырған. 30-ға жуық қызметкері бар балабақша басшысы билік өкілдері басқосқан шараларда өз ойын ашық айтудан еш жасқанбайды. Оған дәлел ата-анасы жұмыс бабымен кетерде балаларын сеніп қалдырар балабақшасы келушілеріне күн-түні қызмет етсе деген ойын жеткізді. Оған себеп отбасылық жағдайына байланысты балабақшаға келе алмаған қаншама бүлдіршіндер өздерінің үйренген білімдерін естен шығарып, білім ордасын жатырқап қалатынын жасырмады.
Ұжымына сыйлы басшының нұсқауымен өтетін шаралардың жоғары деңгейде бағаланғанын сөрелерге қойылған  Құрмет грамоталары, Алғыс хаттардан көруге болады.
Жолдың ұзақтығымен еңбекақының аздығына байланысты жұмыстан өз еркімен кеткен тәрбиешілерін, басқада қызметкерлерін қайта-қайта айтып отырған басшы әуелі ұжымның бір отбасындай болғанын қалайды.
Басшысына сенім білген әріптестері де әрқашан қолдауға дайын екендіктерін айтады. Демек басшы мен қызметкер арасындағы сыйластық ұлы жеңіске бастар жол. Алдағы жылы 5жылдық мерейлі күнін атап өткелі отырған білім ордасына, Гүлнәз Рамазанқызына шығармашылық шабыт, әрдайым еңбектеріне жеміс тілейміз.

 

Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы,
Астана қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.