Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімдік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаздың бірі – Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Баянды ауылындағы №3 орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар ісінің орынбасары – Тобышева Күміс Жаскалиевнамен қызмет бабында жолымыз бір арнада тоғысқан болатынбыз. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демей ме, осындай адаммен кездестірген тағдырға ризашылығымды білдіремін.
Күміс Жасқалиевнамен әңгімелескенде:
…Бүгінде ойлап отырсам, мұғалімдік еңбекке кездейсоқ келген жоқ екенмін. Біздердің мектеп қабырғасында оқып жүрген кезіміз 1964-1974 жылдар оқуға, білімге құштарлығымыз бір шөліркеген жанның сусынға ұмтылысындай еді-ау. Мұғалімнің айтқанын екі етпейтін едік. «Шәкірт болып көрмеген – ұстаз болып жарытпас», — дегендей мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде-ақ өзіммен құрдас, не болмаса өзімнен сәл-ақ кіші көрші ауылдың балаларын жинап алып, өзімнің сүйікті ісіме – мұғалім болуға кірісемін. Мектепте өз мұғалімім нені үйретті, қалай сөйледі, мен де соны балаларға үйретіп, жақсы мұғалім болуға тырысатын едім. Осылайша өзім қатарлы оқушыларға сабақ үйретуден ұзақты күн жалықпаушы едім. Әсіресе, 9-сыныпта оқып жүрген кезде кеңес мектебінің дүние жүзінде теңдесі жоқ педагогы А.С.Макаренконың «Ұстаздық дастан» романын оқып шықтым. «Қиын» балаларды оқыту, тәрбиелеу, азамат – адам қалыптастыруы жолындағы ұлы педагогтың қажырлы еңбегі менің болашақ арманыма арқау болды. Мен сол арманыма жеттім…
Уақыт шіркінге кім тоқтау болған?! Бұл, мұғалім болуды керемет арман еткен, бүгінгі таңда еңбегімен ел арасында, шәкірт махаббатына бөленген тәжірибелі маман, ардагер ұстаз, білікті химия-биология пәнінің мұғалімі Тобышева Күміс Жаскалиевнаның өзінің ұстаздық ұлы жолын ой елегінен осылайша өткізеді.
…Ұстаз болып еңбек жолын бастадым,
Ұлы жолда еңбек етті жас жаным.
Бар арманым ұрпақ үшін тер төгу,
Бір сол үшін қиындықтан қашпадым…
Тобышева Күміс Жаскалиевна – ұстаздық жолда 40 жылдай еңбек етіп келеді.
Ол 1957 жылдың 19 сәуірінде Ақтөбе облысы, Алға ауданы, «Тікқайың» аталған ауылда дүниеге келген. Қарақобда орта мектебін 1974 жылы бітірісімен Орал қаласындағы өзінің бала күнгі арманы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтына оқуға түсті. 1979 жылы химия-биология пән мұғалімі мамандығын алды. Бақытым-мамандығым, байлығым – балаларым, бала тәрбиесі деп білген, ойы биік, сөзі де, ісі де ірі, жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, періште пейілді, тұғыры биік жан білім беру саласында қарапайым мұғалімнен басшылық қызметтің әртүрлі салаларында мамандығына деген сүйіспеншілігі, ерекше құрметі бойына қуат, жанына жігер берді. Кез-келген істе тәуекелге бара алуы, өзіне тапсырылған жауапкершілікті ала отырып, оны ұйымдастыра білуі оның іскерлік жетістіктерін шындай түсті.
Ол басқарған Мұнайлы ауданындағы «Қызылтөбе лицейі» Маңғыстау облысындағы білім беру ұяларының ішінде «Көшбасшы» болып 1-орынға көтерілді, әр жылдың қорытындысымен «Қазақстандағы үздік 100 мектеп» құрамына енді.
Тобышова Кумис Жасқалиевна – барды бағалап, айналасындағы жандармен қарым-қатынасында да жоғары адамгершілік көрсете білетін, өз жұмысына, бала тәрбиесіне жаны ашып, асқан жауапкершілікпен қарай білетін, адал да шынайы, өз ісіне жауапты ұстаздардың бірі. Мектеп директорының әдістемелік жұмыстар ісіндегі орынбасары ретінде Мұнайлы ауданы Баянды ауылындағы №3 орта мектепте 2015-2018 жылдарда «Жаңартылған білім беру жағдайында американдық ғалым Б.Блум таксономиясын қолдану» жобасын қолға алды. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы нысаналы индикаторларға жетуде «Жоғары оқу орны мен мектеп» серіктестігі жобасымен «Біртұтас педагогикалық процесті технологияландыру» (авторы/ғылыми кеңесшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, Астана университетінің доценті Алима Қисымованың) бағдарламасындағы сабақтың технологиялық картасымен жұмыс жасауды оқу-тәрбие үрдісіне енгізудің әдістемелік жұмыстарын ұйымдастырды. Оның нәтижесі де елеулі болды:
- Мектепте мұғалімдердің 80%-ы сабақта Блум таксономиясын қолданды.
- Оқушылардың білім сапасы артты, пәндік олимпиада, ғылыми жобалар байқауынан облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде жүлделі орындарға ие болды. Мектеп ең үздік нәтиже көрсетіп ауданда «Жыл мектебі» атағын және ауыспалы білім кубогын жеңіп алды.
- ҰБТ қорытындысы бойынша орта ұпай 92 пайызбен аудан бойынша лицейден кейінгі орынды иеленді. 4 – Алтын белгі, 6 – Үздік аттестат иегерлері шықты. Грантқа құжат тапсырған 21 түлектің 18-і грантпен оқуға мүмкіндік алды.
- Мектеп мұғалімдерінен құрылған әдістемелік топ «Блум таксономиясын тиімді қолдану» тақырыбымен аудандық, облыстық семинарлар өткізіп іс-тәжірибелерімен бөлісіп, әдістемелік көмек көрсетті.
- Республикалық ғылыми-танымдық “Білім айнасы” газетінің қараша, наурыз, сәуір айларындағы қосымшасына ұжымдағы мұғалімдердің Блум таксаномиясымен жасалған сабақ жоспарлары (саны-35) мен 1 мақала, 2 баяндамасы жарияланды.
Шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, творчествалық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу – ұстаз қызметінің тағлымды өлшемі, ізденіс нәтижесі. Өйткені, қай ұстаз болсын оқушының жан дүниесін, психологиялық ерекшеліктерін терең зерделеу үстінде оқыту процесінің диалектикалық сипатын салауатпен саралауға, сөйтіп парасатты педагогика практикасын меңгеруге қол жеткізеді. Ұстаздық дарын үздіксіз ізденіс көрігінде шындалса ғана, мәуелі табыс тезірек тұлғаланбақ, оқушы санасында ұстаз қалдырған із ұзақ сақталмақ. Тобышова Күміс химия пәні бойынша оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулып, олимпиада жеңімпаздарын дайындауды басшылық қызметтің қай саласында болса да тоқтатып көрген емес.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп айтқандай, ұстаздың өткеніне қарап қуанары бар. Төрт шәкірті: Қабылқақова Жания, Аятбергенова Айнаш, Шалқарова Айбала, Бердібайқызы Әсел химия пәні мұғалімі, ал Иманкулова Фариза, Қосанова Ұлаш, Латипова Камшат, Мамедниязова Алтынгүл ұстаз жолын таңдады. Мамедниязова Алтынгүл – мектеп директоры болып қызмет жасайды.
Мұғалімдік қызметімен қатар қосымша төмендегідей қызметтерді атқарады:
— оқушылардың аудандық, облыстық пәндік олимпиядасы мен ғылыми жобаларының қазылар алқасы құрамында;
— ҰБТ кезінде облыстық аппеляциялық комиссия құрамында;
— аудан, облыстағы білім беру мекемелерін аттестаттау кезіндегі комиссия құрамында;
— республикалық ЖОО студенттерін ОЖСБ өткізетін комиссия құрамында;
— аудан мектеп директорларын аттестаттау комиссия құрамында (тұрақты);
— «Рухани жаңғыру 3» аясында жаңартылған білім беруді енгізуде жүрмелі тамыз секциясында облыс мектептеріне барып әдістемелік көмек беру мақсатында құрылған топтың құрамында (2016-2017 о.ж.) болды.
— жаңартылған білім беру бойынша химия оқулықтарын талдаудың облыстық комиссиясы құрамында (2016-2017 о.ж.) болды.
Тобышова Кумис Жасқалиевна өзінің кәсіби өсуі бағытындағы жұмыстарды жинақтап баспаға ұсынып отырады (мақала-баяндамалар,кітапшалары, оқулығы):
- 2015 жылы «Оқу үрдісін технологияландыру арқылы білім сапасын артыру» тақырыбындағы баяндамасы «Нәтижеге бағытталған білім беру жағдайында мектеп басшыларының кәсіби біліктілігін қалыптастыру» мектеп басшыларына арналған облыстық семинар материалдарының жинақ кітапшасына енді.
- 2014 жыл. Оқытудың «УӘЖ» педагогикалық технологиясын оқу үрдісіне енгізу арқылы білім сапасын арттыру (Мұғалімдер үшін көмекші құрал) кітапшасы «Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы шешімімен бекітілді.
- 2014 жыл. «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ҚР ББЖ КБАРИ курс аясында «Заманауи мектепті басқару моделі» атты жобаны қорғап, мақтау қағазымен марапатталды.
- 2015 жыл. «Оқу үрдісін технологияландыру арқылы білім сапасын артыру» атты мақаласы республикалық «IT педагогика» басылымында жарияланды.
- 2017 жыл. Мұнайлы ауданының 10 жылдығына байланысты шыққан «Ақ арманның ақ бесігі – Мұнайлы» атты кітапта «Жаңа аудан, жаңартылған білім, жасампаз ұрпақ – Мәңгілік ел тірегі» атты мақаласы басылды.
- 2017 жылы сәуір айында Ақтау қаласында өткен «Жастар және ғаламдану жағдайында Қазақстанның жаңғыруы мен бәсекеге қабілеттілігі» атты жас ғалымдардың, докторанттардың, магистранттардың және студенттердің республикалық ғылыми –практикалық конференциясында «Жаңартылған білім беру жағдайында Блум таксономиясын қолдану» тақырыбында баяндама оқыды (І орын, Мақтау грамотасы), конференция жинағына енді.
- 2017 жылы 29 наурызда «Білім мазмұнынының өзгеруі жағдайындағы білім беру үрдісін әдістемелік қамтамасыз ету» тақырыбында өткен облыстық дөңгелек үстелде «Блум таксономиясын қолдану» тақырыбында баяндама оқып, құнды пікір ұсынғаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
- 2017 жылы «Блум таксономиясын қолданудың тиімді жолдары» атты зерттеу-жинақ кітапшасы арқылы аудандық деңгейде іс-тәжірибесі таратылды.
- 2018 жыл маусым айында «Білімді ел» Республикалық қоғамдық-саяси ағарту газетінде «Блум таксономиясы білім сапасын арттырмақ» тақырыбымен мақаласы жарияланды.
- 2018 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан 5-7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығын жазуда оқушының танымдық дағдыларын қалыптастыру және дамытуда Блум таксономиясы бойынша тапсырмалар құрастыруда авторлық ұжымның құрамына енді.
Тобышова Кумис Жаскалиевна туралы басылымдарда шыққан деректер де аз емес:
— 2010 жылы. Алматы қаласы «Ғылым» баспасынан шыққан «Сердце, отданные детям. Лучшие работники образования РК.» кітабында,
— 2010 жылы Алматы қаласы «Бабамұра – М» баспасынан шыққан «Мерейлі мекен –Мұнайлы» кітабында,
— 2014 жылы Алматы қаласы «Арыс» баспасынан шыққан «Маңғыстау мұғалімдері» энциклопедиясында;
— 2015 жылы Республикалық «Мәртебелі мектеп директоры»жобасына қатысып, «Шың» баспаханасынан шығатын кітапқа жазылды.
Тобышова Күміс Жаскалиевна еңбегі де елеусіз емес. Олар:
- 2013 жылы «Маңғыстау облысына – 40 жыл» мерекелік медалімен;
- 2013 жылы Ұлттық ББ статистикасы және бағалау орталығы Алғыс хатымен;
- 2013 жылы Маңғыстау облыстық білім басқармасы Құрмет грамотасымен;
- 2014 жылы «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ҚР ББЖ КБАРИ «Заманауи мектепті басқару жобасын үздік қорғағаны үшін» мадақтамасымен;
- 2015 жылы х/х Проект «Инфоурок» мадақтамасымен;
- 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен;
- 2015 жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
- 2015 жылы 2015 жылы Республикалық «Шың» газетінің «Мәртебелі мектеп директоры» жобасына қатысып, «Мәртебелі мектеп директоры» төсбелгісімен;
- 2016 жылы ««Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен;
- 2017 жылы « Мұнайлы ауданына 10жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Бақытын еңбектен таба білген ұстаз отбасылық өмірде де бақытты: адал жар, ардақты ана. Бар байлығы: Гаухар, Райхан, Маржан атты үш қызы, Бақыт атты бір ұлы – барлығы да жоғары білім алып, алған мамандықтары бойынша қызмет жасауда, балаларының әкесі Ғабит – ардагер мұнайшы.
Бергенінен берері көп, тәжірибелі ұстаз бүгінде мектеп мұғалімдерін жаппай шығармашылық тұрғыда шыңдауда. Құрметті Күміс Жасқалиевна деніңіз сау, еңбегіңіз елеулі, табысты болыңыз деп тілек білдіреміз.
Амирова Ж.Т.
Баянды ауылы, №3 орта мектептің
ағылшын пәні мұғалімі