Home » Сценарийлер » «Жақсылық жасай білеміз» тәрбие сағаты

«Жақсылық жасай білеміз» тәрбие сағаты

Білімділік мақсаты: Балалардың бойында жақсы әдетті қалыптастырып, жаман әдеттен аулақ жүруге, әрдайым жақсылық жасауға тәрбиелеу;

Тәрбиелік мақсаты: Қойылған сұрақтарға толық жауап беріп, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу;

Сабақтың көрнекілігі: Мазмұнды суреттер, слайд, тірек сызбалар;

Сабақтың әдіс-тәсілі: Әңгіме, сұрақ-жауап, көріністер, өнер, т.б.

Сабақтың барысы:

• Ұйымдастыру бөлімі

• Психологиялық дайындық. «Шаттық» шеңбері

— Кәнекей, тезірек өзіміздің «Шаттық» шеңберімізге тұрып, бір-бірімізді қарсы алайық.

Әсем гүлдей сүйкімді біз баламыз,

Алдыменен амандасып аламыз.

Озық оймен, ынта, жігер, талаппен Б

ілім нәрін бойға жинап аламыз.

• Негізгі бөлім. Тренинг «Тілек шоғы» Қыздар қолдарындағы гүл шоқтарын бір-біріне тілек айту арқылы ұсынады. «Өзгелерге денсаулық тілеп жақсылық жасасаң, ол өзіңе қайтып оралады» деген көріністі көрсету.

-Сонымен жақсылық деген не екен? (балалар өз ойларын айтады, жауаптарын тыңдау)

-Үлкендерге көмектескен жақсы.

-Кішілерге қамқор болған жақсы.

-Мәдениетті болған жақсы.

-Ұқыпты болған жақсы.

-Ал жаман істерге не жатады?

-Өтірік айтқан жаман.

-Біреудің затын сұраусыз алған жаман.

-Үлкеннің айтқанын тыңдамаған жаман.

-Өзіңнен кішілерді жылатқан жаман.

Көрініс «Құс ұясын бұзбайық!»

-Балалар, құстардың ұясын бұзған қандай қылыққа жатады?

Әрине жаман қылыққа.

Тәрбиеші: Ендеше жақсылық туралы қандай тақпақ білесіңдер?

Аружан

— Әдеп сақтап әманда,

Әрбір адал адамға.

Жасасаң бір жақсылық,

Қайтарады саған да.

Данияр

— Ынтымаққа қосыл да,

Ықылас қай досыңа.

Әр мақсатың нық болсын,

Ақылыңнан тосылма.

Данияр

— Ақылы бар баласың,

Айтқан тілді аласың.

Намысты боп өссең сен,

Нағыз адам боласың.

Ботакөз

— Жақсылықты ақ жүрекпен қабылдап,

Самға биік, жолын атып жүр алда.

Жігерің мен сеніміңді оттық қып,

Жас қырандай қанат қағып қиялға.

Көрініс: ”Қамқорлық”. (слайд)

(Асан аяғын ауыртып алып жылап отырған баланы үйіне апарып, сабаққа кешігеді)

-Асан дұрыс істеді ме? -Қандай қорытынды жасаймыз? -Кішілерге қамқор болуымыз керек.

Балалар, сонымен өмірде жақсылық пен жамандық қатар жүретіндігін білеміз.

Қайсысы жеңіп шығады деп ойлайсыз? (әрине, жақсылық)

-Ол үшін не істеу керек? (Жүрегіміз жақсылыққа толы болу керек)

-Ендеше мен сендерге «Нағыз адам» атты әңгімені оқып берейін.

Аптап. Қуаң даладағы жалғыз үйдің қасында құдық бар. Бұл үйде атасы мен немересі тұрады. Құдық басында ұзын арқанға бекітілген шелек бар. Жолаушылар мен әрі-бері өткен кісілер құдыққа бұрылып, су ішеді, атайға алғыстарын жаудырады. Бірде әлгі байлаулы арқан үзіліп, шелек терең құдық түбінде қалды. Атайдың одан басқа шелегі жоқ еді. Су тартып ішуге ыдыс табылмады. Келесі күні таңертең атайдың үйіне арбалы шаруа келді. Арбадағы сабанның астында шелегі көрініп жатыр екен. Жолаушы құдыққа көз жіберіп, атай мен немересіне бір қарады да, атына қамшы басып, әрі қарай жүріп кетті.

-Бұл не қылған адам?-деп сұрады немересі атасынан.

-Бұл адам емес, -деді атасы.

Түске таман атай үйінің тұсынан екінші жолаушы өтіп бара жатты. Ол арбадағы сабанның астынан шелегін алып, арқанға байлады да, құдықтан су тартты. Өзі қанғанша ішіп, атай мен немересінің де шөлін қандырды. Қалған суды құрғақ құмға төге салды да, шелегін қайтадан сабан арасына салып, жүріп кетті.

-Бұл не қылған адам? -деп сұрады немересі атасынан.

-Бұны да әлі адам деуге болмайды,-деді атасы.

Кешке қарай атай үйінің маңына тағы бір кісі тоқтады. Ол арбасынан шелегін алып, арқанға байлайды. Су тартып, сусынын қандырды, сонан соң алғысын айтып, жүріп кетті. Ал шелегі құдық басында арқанға байланған қалпында қала берді.

-Бұл қандай адам? -деп сұрады немересі.

-Міне, бұл-нағыз адамның өзі, — деп жауап берді атасы. Балалар, неліктен бұл әңгімені «Нағыз адам» деп атаған? Бірінші, екінші жолаушыны неліктен адам емес деді? Үшінші жолаушыны «Нағыз адам» дегені неліктен? (балалар өз ойларын ортаға салады) -Осыдан қандай қорытынды шығарамыз?
Cабақты қорытындылау. Сонымен «жақсылық» дегеніміз – мейірімділік, әдептілік, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу. Хор: ән «Бала тілегі».

Ермекбаева Мира Аманжоловна

«№28 «Көркем» МДҰ МКҚК

II — санатты психолог

                                                                     Ақтөбе қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.