Ұжым дегеніміз не? «Ұжым» («Коллектив» – лат. «бәрін бірге жинау») деген мағына береді. Ұжымның аса маңызды қасиеттері – бағытталу (оқу, еңбек және т. б.) мен ұйымшылдығы болып табылады. Ұжымның қалыптасуы үшін мыналар қажет: Айқын белгіленген ережелер мен талаптар. Балалар ұжымы мәселелерімен шұғылданушы Т.Е. Конникова өзінің «Мектепте оқушылар ұжымын ұйымдастыру» деп аталатын еңбегінде ұйымға (балалар ұжымына) келіп түскен баланы бірден әрі даяр әрі қатаң тәртіп қарсы алғаны дұрыс дейді. Бірақ бұл тәртіп бірлесіп тіршілік ететін балалардың мінез-құлқына лайық аяда болуы тиіс екендігін атап көрсетеді. Балаларды неғұрлым қатаң әрі сенімді тәртіп аясына алған сайын, балалар ұжымын ұйымдастырудың алғашқы кезеңі соғұрлым жеңіл өтеді. Жұмыс нәтижелері де күткендегідей болады.
Тәрбиенің ойластырылған жүйесі. Тәрбие жүйесі бұл процесті ұйымдастыру жұмыстарының, оларға тән мазмұн мен әдістеменің бір арнаға құйылуын қажет етеді. Балалар ұжымы бекітіп, ұсынған үлкендердің талаптары. Дәстүрлер. Тәртіптің негізі не? Тәртіп негізі, А. С. Макаренко пікірі бойынша, мынадай формулаға саяды: «Адамға қайткенде көбірек талап қоюға болады және оны қайткенде көбірек құрметтей аламыз». Талап – ұжым тәртібінің қажетті элементі. Егер сіз балалар ұжымына келіп жұмыс істей бастасаңыз, ешқандай пікір таласын тудырмаңыз, істі өзіңіздің жеке талаптарыңызды қоюдан бастаңыз. Бірақ сынып жетекшісі ұжым талаптарымен байланысы жоқ, дөрекі, ақылға қонбайтын, күлкілі талаптар қойып жүрмеуі тиіс. Алғашқы кезеңде талаптар логикасы заң болуы шарт. А. С. Макаренко былай дейді: «Шынайы, ашық, көз жеткізілген, отты да, мықты, шешімді талаптарсыз ұжым тәрбиелеу ісіне кірсуге болмайды, кімде кім мұны екі ұшты қадаммен, жағынып көндіру сипатында жүргізетін болса, сөз жоқ, қателікке ұрынады». Әлеуметтік-психологиялық климат деген не? Психологиялық климат немесе микроклимат бір жерде өсімдік көтерілмей қурап жатса, бір жерде өркендеп, гүлдеп жататын жағдайын еске түсіреді. Адам бір ұжымда өзінің жағдайына қанағаттанатынын сезінсе, екінші бір ұжымда керісінше құлдырап кетуі ықтимал. Психологиялық климат тәрбие ұжымының берік психологиялық жай-күйі болып табылады. Ол әр түрлі қызмет саласында әр түрлі деңгейде қалыптасады және түрліше реттеледі. Әлеуметтік-психологиялық климатқа тән ерекшеліктер: – бұл адамдар өмірі мен тіршілігінің бір қыры; – ол әр ұжымда әр түрлі; – ұжым мүшелеріне тигізетін әсері де әр кімге әр қалай; – климат жағдайы балалардың психологиялық көңіл күйіне ықпал етеді. Әлеуметтік-психологиялық климаттың тұлғаға ықпал-әсері қандай? Тұлғаның көңіл күйі, оның жұмысқа, тіршілік қарекеттеріне қабілеті ұжымда орнаған әлеуметтік-психологиялық климатқа байланысты. Көңілді, қуанышты балалар тобының ортасына түскен индивид (жеке тұлға) те бұған дейін көңілсіз болса, енді еріксіз құшуақ сезімдерге бөленеді.
Психологтар адамның көңіл күйі көтеріңкі болса өмірге құштарлығы артатынын, ой және дене қызметі күшейетінін практикада дәлелдеген. Әлеуметтік-психологиялық климат тұлғаға ұжымда қалыптасқан тәрбиеленушілер арасындағы қарым-қатынас нормалары арқылы әсер етеді. Қай жерде жолдастық ынтымақтастық пен өзара көмек, бірін-бірі құрметтеу дәстүрі қалыптасса, сол жерде тәбиеленуші өзін жақсы сезінеді, достарымен кездескенде қуанып, бірге өткізген уақытына қанағаттанғандық сезімде болады. Ал қай жерде ұжым бірлігі формальді түрде ғана көрініп, өзара қарым-қатынас дұрыс болмаса, тұлға эмоциональдық қысымды сезінеді: өзін бөлектенгендей көріп, адамдық қарым-қатынаста жылылықты аңсайды, егер жасырын не айқын қайшылықтар орын алса, стрестік жағдайға түседі.
Әлеуметтік-психологиялық климат тұлғаның интеллектуальдық, эмоциональдық қырларына, ерік-жігеріне жан-жақты әсер етеді. Егер климат оңды болса, ол тұлғаның белсенділігін арттырып, жұмыс қабілетін көтереді. Керісінше жағдайда белсенділік тонусы төмендейді. Психологиялық климаттың мазмұндық сипаты тәрбиеленушінің ұжымда өзін қалай сезінетініне (көңіл күйіне, қанағаттануына, психологиялық тұрғыдан қолайлылыққа) байланысты болады. Балалардың көңіл күйлері еңбекке (оқуға), ұжымның өзге мүшелеріне, тұлға аралық және жалпы өзара қарым-қатынасқа көшкен кезде әлеуметтік-психологиялық климат орнайды. Психологиялық климаттың мазмұндық сипаты ұжым мүшелері арасындағы қарым-қатынастың сипатын көрсетеді. Өз кезегінде бұл қарым-қатынастар адам санасынан көрініс тауып, оның көңіл күйіне, сезімдеріне әсер етеді.
Әлеуметтік-психологиялық климатты қалыптастыруға қандай жағдайлар керек?
- Әлеуметтік-психологиялық климатты реттеудің қуатты құралы ұйымдастыру-басқару жағдайлары болып табылады. Ғылыми зерттеулерде әлеуметтік-психологиялық климат пәндік-практикалық қарым-қатынастар нәтижесі ретінде қарастырылады. Ол нәтиже бірлескен қызмет барысында жинақталады. Бұл және тиімділік шарты да. Ұжымның бірлесіп жүргізетін қызметі барысында тәрбиеленушілердің өзара тығыз байланысқа түсіп, психологиялық тұрғыдан бір-бірін толықтыруы олардың арасында оңды қарым-қатынастар қалыптасуына, әлеуметтік-психологиялық климаттың жақсаруына жағдай туғызады. Психологиялық қарым-қатынас бір аданың екінші адаммен тікелей байланысқа түсетін, бірлескен қоғамдық еңбек қызметі жасалатын, бір адам екінші адамға ықпал ететін жерде туындайды.
- Әлеуметтік-психологиялық климат қалыптастыруда адам қызметіне жасалатын жалпы мәдени жағдайлар (өндірістік және тұрмыстық интерьер) маңызды рөл атқарады. Ұжымның әлеуметтік-психологиялық климаты нақты жағдайларға тәкелей байланысты (тұрмыстық, өндірістік жағдайлар, техникалық жарақтану деңгейі, өндірістің қалыпты жұмыс жүргізуі, техникалық қауіпсіздік, гигиена мәселесі, еңбекті ғылыми ұйымдастыру дәрежесі).
- Ұжымның әлеуметтік-психологиялық климаты сынып жетекшісіне тән жеке тұлғалық қасиеттерге және тәрбиеленушілерге, ұжымда қалыптасқан дәстүрлерге байланысты болады.
- Әлеуметтік-психологиялық климат динамикасы ұжымдағы әлеуметтік даму кезеңділігіне (деңгейіне) байланысты. Оны дамыту жөнінде сынып жетекшісіне қойылатын талаптар бір жағынан әлеуметтік-психологиялық климатта жүретін өзгерістерді бағалаудың критерийі де болып табылады. Белгілі бір ережелерді орындауға байланысты қатаң талаптардың болмауы тәрбиеленушілер тарапынан оған салғырт қараушылықты тудырып, соған лайық психологиялық атмосфера қалыптастырады: кей кездері инерция бойынша өзге де ресми өкімдер мансұқ етіледі. Ал бұл психологиялық климаттың өзгеруіне әкеліп соғады.
- Кез келген адам өзінің әлеуметтік топқа енуі, бірлесіп атқарылатын жұмыстарға қатысуы арқылы ұжым тіршілігіндегі көптеген салаларға, соның ішінде әлеуметтік-психологиялық климатқа әсер етеді. К. Маркс, Ф. Энгельс индивидтердің өз талап-тілектері мен оны қанағаттандыру тәсілдері арқылы өзара қарым-қатынасқа түсуі, араласуы олардың рухани, адамгершілік тұрғысындағы психологиялық даму факторы болып табылатынын жазған. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді халық даналығы. Тәрбиесіз, мінез-құлық мәдениеті төмен балалар ұжымға зиянды ықпал етеді. Эгоизмге, карьеризмге, яғни менмендікке, шенқұмарлыққа жақын тұратын олар қызғаншақ болады, мейрімсіз, әдепсіз келеді. Ондайлармен қатысу өзге балалардың көңіл-күйін бұзады. Мұндай индивидтер ұжымда қайшылықты жәйттердің тууына сбебеп болып жүреді.
- Балалар көңіл-күйінің жекелеген нышандарынан құралатын топтық, ұжымдық немесе бұқаралық көңіл-күй үлкен импульстік күшке ие. Ол өзгелер арасына да тез тарап, жұртты өз ауқымына жылдам баурап алады. Көрнекті психолог П. П. Блонский бұл туралы былай деп жазған: «Еліктеуші жан иесі ретінде адам түрлі сезімдерді жұқтыруға бейім тұрады, яғни өз жақындарының эмоциональдық мимикаларын өзіне тез қабылдап алады». Еліктеу, жұқтыру, ұю, көз жеткізу жолдары арқылы ұжымда әр түрлі көңіл-күй айналаға тарайды, олар санада көрініс табу арқылы ұжымның психологиялық ахуалын құрайды. Көңіл-күй адамдарды әр түрлі іс-әрекетке бастайтын елеулі күштердің бірі. Ол әр қалай әсер етеді, ұжымда да соған орай әр қилы із қалдырады. Жолдастармен жақсы қарым-қатынас жақсы көңіл-күй бастауы. Еңбек жағдайының нашарлығы адамдардың көңіл-күйіне кері әсер етеді. Әкімшіліктің назар аудармауы, санитарлық-гигиеналық жағдайдың талапқа сай келмеуі жұмысқа (оқуға) деген ынта-ықыласты төмендетеді.
- Психологиялық климатқа сынып жетекшісінің тұлғалық ерекшелігі мен оның басқару стилі ерекше әсер етеді. В. Н. Литвинов пікірі бойынша ұжымдағы психологиялық климат деңгейін айқындаушы фактор «жетекшінің жеке тұлғалық қасиеттері және балалардың тәртібі». Адамгершілік тұрғысындағы психологиялық климатқа әсер етуші фактор – сынып жетекшінің жұмыс стилі, қолданатын әдістері және оның өз беделі. Жетекшінің үлгілі моральдық қасиеттері, педагогикалық әдебі, айрықша ұйымдастыру қабілеті, жоғары біліктілігі – оңды климат қалыптастырудағы ең басты факторлар. Жетекшінің рухани байлығы мен моральдық тазалығы үлкен бедел негізі болып табылады. Ол әрбір ұжым мүшесінің мінез-құлқына, қызметіне пәрменді ықпал ететін нәрсе. Мұндай жетекшінің кезінде ұжымда оңды климат тұрақты сипат алып, вертикальды да, горизонтальды да қарым-қатынас үшін оңтайлы жағдайлар жасалады. Жұмыс нәтижелі жүреді. Қайшылықтарға, қызғаныш пен көре алмаушылық секілді залалды көріністерге орын қалмайды. Ұжым психологиялық климатын қалыптастыруға қажетті жетекшінің неғұрлым маңызды тұлғалық қасиеттері: объективтілік, әділдік, принциптілік, адалдық, сабырлылық, салмақтылық және оптимизм. Психологиялық климат қалыптастыруда оңтайлы басқару стилі демократиялық стиль болып табылады. Т. Шебутани зерттеулері бойынша авторитарлық стиль ұжымда қолайлы климат жасай алмайды.
- Ұжым атқарған жұмыстарға, оның әрбір мүшесіне тән іс-ірекеттерге сынып жетекшісі тарапынан берілген баға әсері айрықша болады. Бұл олардың жалпы жағдайы мен көңіл-күйлеріне күшті ықпал етеді. Жалпы, жетекші бағасы әлеуметтік-психологиялық климатты басқарудың пәрменді құралы ретінде қарауға болады. Ұжымға және жеке тұлғаға психологиялық әсер ету факторлары: 1.Қарым-қатынастағы принциптілік (әділеттілік). Бұл тәрбиеленушілердің жеке қасиеттері мен қызметін бағалауда субъективтілікке жол бермейді. Принципті адам өзінің басқару қызметінде жеке мүддені емес, қоғамдық мүддені басшылыққа алады. 2. Тәрбиеленушілерге мейірімділікпен, қамқорлықпен қарай білу. Бұл олардың материальдық және моральдық мүдделеріне, талап-тілектеріне қамқор болу, әр оқушының тағдырына араласу деген сөз. 3. Талап қоя білушілік. Қатаң талапсыз ұжымның, жеке тұлғаның қалыпты дамуы мүмкін емес. Тәрбиеленушілердің еңбекте және тұрмыста қойылған талапты орындауы ұжым мүшелерінің мәдени дамуына ықпал етеді. А. С. Макаренко: «Қанша талап етсеңіз сонша аласыз» деген екен. Бірақ талапшылдық адамға деген құрметпен үйлесіп жатуы тиіс. Психологиялық климатқа ықпал ететін жәйттер Материалдық-тұрмыстық жағдайлар. Тәрбие процесінің дұрыс ұйымдастырылуы. Ұжым қызметінің бағыты. Талаптардың бірыңғайлығы. Ұжым перспективалары. Ұжым дәстүрлері. Ұжымды басқару сипаты. Ұжым тіршілігіне тән жағдайлар эстетикасы. Ұжымға тән ресми құрылымның іс жүзіндегі құрылыммен сәйкестігі. Ұжымдағы өзара қарым-қатынас стилі. Психологиялық климатты реттейтін жәйттер 1. Жағдаяттар. 2. Дамытушы, іскерлік ойындар. 3. Психикалық тұрғыдан өзін өзі реттеу. Әлеуметтік-психологиялық климатты қалыптастыру жолдары Ұжымның «асыл ережелерді» (көңіл-күйге байланысты және т. б.) бірлесіп жасауы. Қайшылықтардың алдын алу және реттеу жөніндегі тренингтер. Қандай да бір қайшылықты жәйттер мысалын үлгі ете отырып, оларды реттеу жолдары туралы ұжым болып шағын кітапша әзірлеу. Тәрбиеленушінің өз жеке эмоциональдық-психологиялық жағдайын ретке келтіруге көмектесетін аутогендік жаттығулар. «Тиімді қарым-қатынас дағдылары» тренингтері. Өзінің оңды «менін» бағдарламалау және «өзін өзі мәжбүрлеудің сөз түріндегі формуласын» жасау тренингтері. Тиімді қарым-қатынас дағдылары немесе Біздің сөздеріміз өзімізге және айналамыздағыларға қалай әсер етеді ҚЫЗЫҚТЫ ЖӘЙТ Ғалымдар айтылған сөз адамға ықпал ете ме деген сауал төңірегінде зерттеу жүргізуде. Кванттық генетика институтында биология ғылымдарының кандидаты П. П. Горяев пен техника ғылымдарының кандидат Г. Т. Тертышный үш жылдан бері сөйлеген кезде әдепсіз балағат және дөрекі сөздерді жиі қолданатын адамға зерттеу жүргізіп келген болатын. Зерттеу процесінде сөз мазмұны генге тікелей әсер ететіні анықталды. Егер адам балағат сөздер арқылы сөйлейтін болса, оның бойында «бағдарлама» (программа) жасалады. Ең бастысы, ДНК алған ақпараттарға немқұрайды емес. Оны бір хабарлар сауықтырып жатса, енді бір хабарлар жарақаттап жатады. Жарық, жылу, мейірім әкелетін сөздер резервтік мүмкіндіктерді оятады. Психолог Наталья Правдина егер адам үнемі ұрсысып, біреулерге ашуланып жүретін болса, бұл оның денсаулығына және эмоциональдық көңіл-күйіне кері әсер етеді деп біледі (өзгелер туралы жаман ойласа немесе бұрыс әрекеттер жасаса – басы ауырады; ұрысса, ашуланса – асқазаны сыр береді, гастрит пайда болады және т. с. с.). Жапон зерттеушісі сөздің адам көңіл-күйіне қалай әсер ететінін анықтауға тырысқан. Бұл зерттеудің нәтижелері «Су» атты ғылыми-деректі фильмде көрсетілді. Ол екі банкі су алып, оның біріне бағыттап жақсы, жылы сөздер, ал екіншісіне – жаман сөзер айтқан. Мұздатылған «жаман» судағы кристаллдар микроскоппен қарағанда бей-берекет хаосты жағдайда, симметриясыз, қара дақты, ал «жақсы» судың кристалл өрнектері өте әдемі сипатта көрінген. Жапон метросына бұл өрнектер үлкейтіліп, ілініп қойылған. Адамдар сөз мәніне, оның айналасына тигізер әсеріне мән берсін деп. Адам жанының жай-күйіне образдар тигізетін ықпал-әсер де елеулі. Өйткені адамның ойы, сөзі, іс-әрекеттері бір-бірімен өзара байланысты ғой. Образдар санада адамның естіген сөздерін қайта оятады. Иван Бердявский әрбір айтылған немесе естіген сөздің энергиялық қуаты болады. Ол адам геніне әсер етеді деп біледі. Ресей мектептерінің бірінде эксперимент жүргізілді. Басты шарт – сыпайы, жақсы сөздер айту, әдепсіз жаман сөздер қолданбау. Нәтижесі кісі таңқаларлық болды: психологиялық климат, балалардың көңіл-күйі жақсарып, үлгірім деңгейі айтарлықтай жоғарылады. Дәрігер психофизиолог, дүниежүзілік экология академиясының мүшесі Л. Китаева-Смыка сөзі бойынша, адам өз күшіне өзі сенбегенде, өзінің әлсіздігін сезінгенде балағат сөздерге жүгінеді. «Данышпандық шкатулкасы» жаттығуы Балалар арасында бірқатар мақалдар мен мәтелдердің мағынасын талқылау. Жақсыға жаттық жоқ. Жылы-жылы сөйлесең жылан да іннен шығады. Басқа пәле тілден. Жақсы сөз –жарым ырыс Сөзде – қаңқу жаман, ауруда – шаншу жаман. Айтылған сөз – атылған оқ. Аңдаусыз сөйлеген – ауырмай өледі. Сөз – біреу, құлақ – екеу. (Қазақ мақал-мәтелдері). Ойыңды іштей оңаша, сөзіңді – сырттай көп ортасында талқыла (Монғол мақалы) Айтылған сөз – атылған оқ, қарағым, Ойнасаң да, ойлап айтсаң – жарадың. Жай оғының емделер-ау жарасы, Сөз оғы өтсе – жазылмайды жаралың. (Гамзат Цадаса) Осы секілді қандай мақал-мәтелдерді білесіңдер? «Сөз» деген тақырыппен афоризмдер бойынша өз авторлық варианттарыңды жазыңдар. Творчестволық тапсырма: «Карикатура» Егер адам бейәдеп, мәдениетсіз келіп, балағат, жаман сөздер айтатын болса, оның айналасында қандай жәйттер орын алатынын суретке салып көрсетіңдер. Сурет салынып біткен соң тақтаға ілінеді. Соған қарап әркім өзінше қорытынды шығарады. Ол қорытындыларын әңгімелеп айтып береді (үй тапсырмасы ретінде беруге де болады). «Жақсы сөз» Сөз туралы өз ойларыңнан авторлық өлең құрастырыңдар. Мысалы: «Жақсы сөз – бұл жан семіртер» дегенге, Растап бір қол қоямын, сенем де. «Қайырлы таң!», «Ассалаумағалейкум!» Күнмен бірге нұр шашады төбемде. Ақсақал қарт «Ақ жол!» десе, алдыңнан Ашылар жол, жаңылма тек салтыңнан. «Қарағым» мен «шырағымы» әженің Аман жүрсін дегені ғой балғын жан. Жақсы жандар жақсы сөзбен достасар, Ізгілікпен, адалдықпен бас қосар. Жылы-жылы тілек айтып ортаға, «Көріскенше күн жақсы!» деп қоштасар. Жақсы ниет жақсылық боп оралар, Жақсы пейіл күн нұрына барабар. Жақсы сөздер жан шуағы секілді Өн бойыңа қуат болып таралар. «Рахмет!» деген бір сөз кәделі, Ең әдемі сыйлықтан да әдемі. Одан жұртқа ізгі ісімен көрінген Әр жақсы жан, әр ізгі адам дәмелі. Сөз соңында ұжымдағы өзара жақсы қарым-қатынасты келісім, достық, ұйымшылдық секілді көрсеткіштерге сүйене отырып сіз де өз ұжымыңыздың климаты туралы болжам жасай аласыз.
Ермекбаева Мира Аманжоловна
«№28 «Көркем» МДҰ МКҚК
II — санатты психолог
Ақтөбе қаласы