Сәрсенбінің сәтті күні «Жауқазындағы» жайдарлы отырыспен басталды. Ақпан айының жиырма сегізі күні Астана қаласы №92 «Жауқазын» балабақшасында «Дайындалған педагог Монтессори және дамыту ортасы» тақырыбында сапа үйірмесі өткізілді. Басқосуда сапа үйірмесінің негізгі әдіс-тәсілдерімен таныстыру және тәжірибе алмасуда қолдануды мақсат еткен отырысқа кластер жетекшісі, №32 балабақшасының меңгерушісі Махамбетова Мейрамгул Икласовна бастаған бірнеше балабақша меңгерушілері қатысты.
Алғы сөзді № 92 «Жауқазын» балабақшасының меңгерушісі Смакова Айжан Мейрамғазықызы бастап, келген қонақтар және балабақша тәрбиешілеріне «Жауқазын» балабақшасына қош келдіңіздер деп қонақжайлық лебізін білдіре отырып, сапа үйірмесінің сәтті өтетіне сенім білдіріп, барша келген қонақтар мен үйірме отырысына қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сапа үйірмесі үлгісіндегі отырыс бастамасы балабақша психологы Кенжетаева Алтынай Серікқызы жүргізген «Кедергілер жолағы» психологиялық тренингімен басталып, өмір жолындағы ақ пен қара, қуаныш пен қиындықтар сияқты кездесетін кедергілерден өту кезеңдеріндегі шыдамдылық, ерік-жігер, қажыр-қайрат сияқты рухани жан дүниесі мол адамның қасиеттерін арттыра түсу мақсатында жүргізіліп, тренинг қатысушылары көңілінен шықты.
Педагог мамандардың білім-білік дағдысын арттыру мақсатында ұйымдастырылған сапа үйірмесінің әдіс-тәсілдеріне толық ақпарат беруді балабақша әдіскері Калибекова Жанат Тұрғанбекқызы сапа үйірмелері – бір мақсатта жұмыс жасайтын шағын топтарды үлкен бір топта педагогтарға біріктіріп жүргізілетінін нақты түсіндіріп өтті. Бұл Жапондық жұмыс формасының біздің педагогика бағытындағы бастамасы өте жақсы нәтиже береді деген сенімде қолға алынып, осы бойынша әдіс-тәсілдерін педагог мамандарға тәжірибе алмасу мақсатында іс-тәжірибеде қолдана отырып, мақсатымызға жету көзделетіндігін өз баяндамасында Жанат Тұрғанбекқызы толық ақпарат беріп өтті.
Сөз кезегін «Дайындалған мұғалім Монтессори» баяндамасымен №32 «Балдәурен» балабақшасының тәрбиешісі Досмаганбетова Асемгул Талғатбекқызы жалғастырып, өз баяндамасанда — мұғалім Монтессоридің үш қасиетін толық түсіндіріп, осы қасиеттердің бір-бірімен тығыз байланыста үйлескені нәтижесінде толыққанды монтессори мұғалімнің мазмұны ашылатындығын айтып өтті.
Жоғарыдағы теория негізінде берілген ақпаратты жүйелеу, тәжірибеде топтық жұмыс жүргізу мақсатында сапа үйірмесінің тәжірибелік тапсырмалармен жұмыс кезеңін №92 «Жауқазын» балабақшасының орыс тілі мұғалімі Есназарова Урляна Аскербекқызы жүргізді. «Педагог және бала», «Педагог және дайындалған орта», «Педагог және балабақша» тақырыптарына үш топқа бөлініп, өз жобаларын топ болып қорғауға дайындық уақытында бірігіп жұмыс жасады. Сонымен қатар, жалпы тақырып бойынша жағдаяттармен жұмыс барысында шағын топтарға берілген тақырыптар негізінде жобаны қорғауда басқа топтардағы мәліметтерді бірігіп қолданды. Жұмыс барысы сапа үйірмесі отырысы бағытында болғандықтан шағын топтар арасында пікір-талас ұйымдастырылды. Бір-бірімен тәжірибе алмасып, жеке-жеке әр топ өз жобаларын қорғады. Қорытынды бөлімінде семинар қатысушыларына сұрақ қойылып,ой-пікірлерін ортаға салды.
Сапа үйірмесі отырысының маңызын тереңірек аша түскен «Бала әрекетін педагогика-психологиялық бақылау» баяндамасымен сөз кезегін алған ғылыми жетекші Ақжарқын Бәделқызы өз сөзінде бала әрекетінің педагогика-психологиялық ерекшеліктеріне толық тоқтала отырып, бүлдіршіндермен жұмыс жасауда монтессори педагогтың жоғарыда атап өткен үш қасиетімен, үш ортаның бір-бірімен байланыспен ғана жүзеге асатындығын айта отырып, жылы лебізін, ыстық ықыласын білдіріп сөзін қорытындылады.
Рефлексия бөлімінде білікті маман, бала тәрбиесінде тәжірибесі мол монтессори-педагог Сапаргужина Бақыт Кабулдиновна «Монтессори-шеңбер» құрып, семинар қатысушыларының ұйымшылдықта, бірігіп жұмыс жасаудың үлгісін көрсету мақсатында шеңбер үлгісінде ойын ұйымдастырып, маңызын түсіндіріп өтті. Жұмылып, бірігіп жұмыс жүргізудің нәтижесінде өте мағыналы монтессори-шеңбері өтті.
Бақыт Кабулдиновна өз сөзін қорытындылай келе, өркендеп дамып жатқан заманымызда қазіргі замануи жаңашылдықтарды игере отырып, бала тәрбиесін ұйымдастыру жолында Монтессори мұғалімінің орны ерекше маңызды екендігін атап өтіп, барша қатысушы қонақтарға сәттілік тілеп, алғысын білдірді.
«Жауқазындағы» жайдарлы отырыс осындай мағыналы да мәнді сәттерімен есте қаларлықтай өтіп, қатысушылар мен қонақтар отырыс соңында өз ізгі тілектерін гүлдерге жазып, себетке жинады.
Жайдарлы жарқын жылы шырайыңа алғыс «Жауқазын!»