Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр!» деген қанатты сөз бар. Тағдырдың қатал сынына буыны бекіп, бұғанасы қатпай тұрып-ақ арқасын тосқан жетім балалардың болашағы кім-кімді болсын алаңдатпай қоймайды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде түрлі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – «Мейірім сыйла» атты жоба. Жоба – жетім болмаса ата-ана қамқорлығынан айрылған балаларға моральдық –материалдық көмек беруді, қолдауды көздейді.
Жуырда мектеп жатақханасының тәрбиеленушілері қаламыздағы ШҚО жетім және ата-ана қамқорлығынан айрылған балаларға арналған мектеп – интернатына барып қайтты. Сапар барысында зияткерлік мектеп оқушылары өздерінің концерттік бағдарламасын ұсынып, 1 ай көлемінде мектеп жинаған оқуға қажетті құрал-жабдықтар, киім-кешек, канцеляриялық тауарларды тарту етті.
— Адамдар арасындағы байланысты, қарым-қатынасты нығайта түсуде түрлі қайырымдылық шаралардың өтіп тұруы көп пайдалы. Мәселен, біздің шәкірттеріміздің өткізіп отырған «Мейірім сыйла» жобасының аясында интернаттағы жетім болмаса ата-ана қамқорлығынан айрылған балалардың біздің қоғамымызда қолдаусыз емес екенін нақты іспен дәлелдегіміз келді. Ерекше атап өтетін жайт – шараны жатақханамыздың көшбасшылар кеңесі бастама көтеріп, ұйымдастырып отыр. Осының өзінен-ақ оқушыларымыздың өздерін қоршаған ортадағы кез-келген іске бей-жай қарай алмайтындығын анық байқауымызға болады. Бұл бізді ерекше қуантады, -дейді жатақхана тәрбиешілері Гүлнар Бектұрова мен Жадыра Бейсембаева.
Жалпы жобамен аттас акция Зияткерлік мектепте қыркүйек айының 11 -30 жұлдызы аралығында өткізілген. Акцияға мектеп оқушыларынан бөлек ұстаздар, қызметкерлер де белсене қатысты. Олар балаларға қажетті керек –жарақ: кітап, дәптер, қалам, қарындаш, сөмке сияқты дүниелерден өзге киім-кешектер, тәтті-тағамдар, ойыншықтар өткізді.
Әкелген базарлықтарын тарту еткен шәкірттеріміз концерттік бағдарламаға кезек беріп, ән мен биден шашу шашты. Жалпы жатақхана тәрбиеленушілерінің арасында өнерде ден қойған оқушылар жетерлік. Солардың арасынан Аружан Сәрбиева, Гүлім Құрманғазы, Аян Нұрғалиев, Аян Нұрмағанбетов, Әлішер Сәбиғалиевтар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ән шырқады.
Концерт соңы «Қара жорға» биімен қорытындыланып, интернат тәрбиеленушілеріне азда болсын көтеріңкі көңіл-күй сыйладық.
Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі