Жатақханамыз 1 жылдығын атап өтті

«Бізге 1 жас!» Дәл осындай атаумен Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақханасына жыл толуына байланысты мерекелік кеш өтті. Танымдық – сазды бағдарлама түрінде өткен кештің мақсаты жатахана тәрбиеленушілерінің бір жылда атқарған істері мен жетістіктерін паш ету, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, ортақ отбасылық қуанышты бөлісуге, ынтымақтастыққа шақыру.

Бүгінде 120 баланың ортақ шаңырағына айналып отырған жатақхананың туған күніне мектеп басшылығы, ұжым, ата-аналар, оқушылар қатысып, қуанышына ортақтасты. Мерекелік сазды бағдарлама бірнеше бөлімнен тұрып, көрерменге көтеріңкі көңіл –күй сыйлады. Туған күнге жоғары дайындықпен келген жатақхана тәрбиешілері жаңа жылды қалай қарсы алғандарынан бастап, мектеп дәлізіне мерекеге дейін қойылған оқушылар, олардың отбасыларының қолынан шыққан өнер туындылары топтасқан сурет көрмесі мен үйірмелер жұмысы жайлы арнайы дайындалған бейнематериалды көпшілік назарына ұсынды. Жеке шығармашылық көрмеге Айда Тайтөлеу, Альмара Серікқан, Құралай Орынғалиева және дизайнерлік бағытта Махаббат Молдаханованың еңбектері қойылды. Сонымен қатар бұл шараға ата-аналарымызда өз үлестерін қосып, нәтижесінде Дана Ғабдулкәрімқызының анасы Нұрсұлу Қартабаева, Нұрай Жұмаханованың анасы Айнұр Сейсебаевалардың қолөнер еңбектері қойылып, көрме ажарын аша түсті.

— Әр тәрбиеленушіміз жатақхананы өзінің екінші үйі санайды. Бұл жерде де оларға өз үйлеріндегідей барлық жағдай жасалған. Балаларымыздың еркін жүріп –тұруына, кедергісіз білім алуына, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына шектеу жоқ. Керісінше, олардың бос уақыттарын тиімді өткізуге біздің өзіміздің белсене араласатынымызды айта кеткенім артық болмас. Жатақханамызда әр баланың ептілігіне байланысты түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Солардың ішінде мәнерлеп оқу, қолөнер, шебер қолдар, ағылшын тілін тереңдете оқып үйрену, спорт секцияларына оқушыларымыз ерекше қызығушылықпен қатысады. Бұның сыртында жатақхана өмірінен сыр шертіп, тәрбиеленушілердің шығармашылық қабілеттерін дамытуды көздейтін «NIS times» журналы да оқушылар күшімен жарық көріп отырады. Бүгінгі мерекеге жақсы көңіл-күймен, ерекше дайындықпен келдік. Бұл шарадан шет қалған бірде –бір оқушы жоқ. Барлығы бірдей қатысып, танымдық–сазды бағдарламамыздың әсерлі өтуіне атсалысуда. Дәл осындай өнерлі, талантты, дарынды балалармен жұмыс жасау жатақханадағы әрбір тәрбиешіге қызықты деп айта аламын, — дейді жатақхана меңгерушісі Қалжан Омарбаева.

Расында да бүгінгі кешке куә бола отырып, жатақханадағы барлық баланың бір кісідей жұмыла жұмыс жасағанын көруге болады. Мәселен, тәрбиеленушілердің бір тобы көрермен арасына еркін кіріп, қонақтардан именбей ыстық ықыласқа толы лебіздер жинаса, енді біреулері қазақтың халық ауыз әдебиетіндегі аңыз кейіпкер Алдар көсенің басынан өткен қызықты бір оқиғасын ағылшын тілінде сахналады. Демек, жтақаханадағы оқушыларымыз актерлік қабілеттерін әлеуметтік жоба – қуыршақ театрында сынып көреді деген сөз.

Кеш көрігі спортқа шолу жасаған «Sport life», «Менің жатақханадағы бір күнім» сынды бөлімдермен қыза түсті. Жатақхана туған күніне орай, мектеп директоры Бағдан Тоқтамысұлынан бастап барлық сала қызметкерлерінің жүрекжарды құттықтау сөздері видео арқылы жолданды. Әрине, мереке болған соң әсем әнмен, өрнекті биден шашу шашылатыны заңдылық. Ал ондай өнерге бейім оқушылар жатақханада да аз емес. Міне солар бағдарлама аясында ән де салды, би де биледі. Келген қонақтармен бірлесе отырып, түрлі ойындар да ойналды.

1 сағатқа жуық созылған мерекелік бағдарлама әлі талай уақыт жыр қылып айтып жүрер көңілді кештің бірі болды. Кеш соңында ата-аналар сөз алып, мектеп басшылығы мен жатақхана ұжымына балаларына беріп отырған сапалы білім, саналы тәрбие үшін алғыстарын айтты.

Осы ретте жатақханадағы бірер баламен тілдесіп, олардың өз ойларын сұрадық.

Жансая Ғалымова, 7 сынып оқушысы: Жатақхана біздің екінші үйіміздей болып кетті. Сабақтан кейінгі уақытымыздың көп бөлігін осында өткіземіз. Жатақханамыздың бір жылдық мерекесін өткізуде барлық балалар атсалысты. Олар өз өнерлерін көрсете отырып, ата-аналары мен қонақтардың алғысына бөленді. Жаңадан жас таланттар танылды. Мысалы: балалар гитарада ойнап, өз туындыларымен көрермендерді таңқалдырды. 7 сынып оқушылары да қарап қалмай, өздерінің қуыршақ театрымен мерейтойды ерекше, естен кетпесте өткізуге көмек берді. Лаура Оралханова жатақхана жанындағы көрмені таныстырса, Алуа Ілиясова мен Манап Болатбеков жатақханадағы бір күндері жайлы айтып берді. Осыдан соң жатақхана күніне орай фуршет өтті. Мен жатақханада осындай көп дарынды балалардың бар екеніне қуаныштымын. Менің ойымша бұл күн барлық оқушылармен, қонақтардың есінде мәңгі қалады деп ойлаймын.

 Аңсаған Серікқызы, 8 сынып оқушысы: Жатақхана. Міне осы үлкен үйдің балалары болып келе жатқанымызғада 1 жыл болыпты. Атаулы дата қарсаңында «Бізге 1 жыл» атты кеш болып өтті. Менің осы аталып өткен мейрам туралы ойым ерекше. Жатақхана тәрбиеленушілері бізге керемет көңіл күй сыйлап қана қоймай, әсем әуенге еліттіріп,мың бұралған билерімен таңғалдырды. Осындай тамаша есте қаларлық сәт сыйлағандарына алғыс айтып, жатақхана өмірінің қызықты өте беруіне тілектеспін.

Ермахан Ғабдулкәрім, 12 сынып оқушысы: Жатақхананың 1 жасқа толуына арналған іс-шара жоғары дәрежеде өтті. Әрбір көрініс өзіндік ерекше тартымдылығымен көрермендер назарын аударды. Ал АКТ залының безендірілуі тіптен керемет. Кешімізде көңілді атмосфера қалыптасты.

Осы кеште мені таңғалдырғаны кейбір балалардың жасырын тасадағы таланттары, әсіресе Ерболдың музыкалық шеберлігі еріксіз бас шайқатады. Осы мерекедегі балаларының жан-жақтылығы ата-аналарын қатты қуантқанын да көрдім. Мектеп жатақханасына үлкен жетістік тілеймін.

Семей қаласындағы физика–математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.