28 наурыз күні Қарағанды қаласының гуманитарлық колледжінде жас музыканттардың 50-облыстық фестиваль байқауының ашылуы өтті. Бұл конкурсқа Қарағанды облысының барлық музыкалық және өнер мектептерінің пианино және хор сыныптары бойынша білім алып жатқан оқушылары қатысуда.
- Байқау республика бойынша 1966 жылдан бері өткізіліп келеді. Биылғы 50-ші мерейтойлық жылында оған облысымыздың жер-жерлерінен 204-тен астам оқушы қатысуда, — дейді облыстық білім басқармасының Рухани-адамгершілік дамуы және қосымша тәрбие беру бөлімінің басшысы Аруна Мұқашева. Облысымызда аталмыш байқау 7-ші рет өткізілуде. Ұйымдастырушы комитетінің талабына орай, сайыс екі өнер бағыты бойынша жүргізіледі. Сондықтан жобамен республикалық кезеңде облысымыздан пианино бағыты бойынша 9 оқушы, ал хор ұжымдарынан 30 қатысушы аймақ намысын қорғамақ.
Аймақ бойынша аталмыш сайыстың республикалық кезеңіне біз өте жіті дайындалдық. Егер бұған дейін бұл өнер додасына аймағымыздың барлық білім орындарының оқушылары жаппай дерлік қатысқан болса, үстіміздегі жылдан бастап, біз оқушыларды алдымен мектепішілік, содан кейін аудан және қала бойынша кезеңдерде сынап, облыстық кезеңге ең үздіктерін іріктеп алдық. Бұл алдағы уақыттағы сынақта өңірімізді жеңіске жеткізеді деген үміттеміз, — дейді маман.
Байқаудың мақсаты – өнер саласы бойынша білім алушылардың рухани-тұлғалық мәдениетін көтеру, классикалық және қазіргі заманғы туындыларды орындау қабілетін шыңдау арқылы шығармашылыққа баулу, өнер мектептерінің және музыкалық орта білім ұйымдарының мәртебесін жоғарылату болып табылады. Сол себептен облыстық кезең қатысушыларының өнерін бағалауға аймақтық өнер мектептерінің майталман музыканттарымен бірге, Астана қаласы Қазақ ұлттық өнер университетінің сала мамандары Бибігүл Мейірбекова және Гафура Жұмақова шақырылған. Пианино бағыты бойынша қатысушылардың өнері орындаушылық шеберлігі, музыкалық аспапты игеру, әртістік шеберлігі, бағдарламаның күрделілігі, орындаушының техникалық мүмкіндіктеріне орай бағаланатын болса, хормен ән айтуда екпінді игеру, сап түзеу, стильді сақтау, көркемдік образы және әртівстік шеберліктері есепке алынады. Түрлі келіспеушіліктердің алдын алу әрі әділ төрелігін беру үшін әр қатысушының өнер көрсетуі бейнетаспаға түсіріледі. Қатысушылар жас шамасы бойынша кіші – 7-9 жас аралығы, орта – 10-12 жас аралығы және ересектер тобы 12-15 жас аралығында сайысқа түседі.
2017 жылдың 30 наурызы күні Қарағанды қаласының «Шалқыма» концерттік залында аталмыш фестиваль-байқаудың облыстық кезеңі жабылады. Осы кезеңде жеңімпаз атанып, өнерімен суырылып шыққан жастар мамыр айында Павлодар қаласында өтетін жас музыканттардың 50-республикалық фестиваль-байқауына қатысуға жолдама алады.
Анар Сәрсенбекова,
«Білім айнасы» газетінің
Қарағанды облысындағы тілшісі
aknurzhanabay73@gmail.com