Заманауи оқытушы — әрқашан да кәсіби деңгейі жоғары, педагогикалық дәстүрлі әдістер мен жаңа технологияларды жақсы білетін әрі оларды өз сабақтарында тиімді пайдалана алатын, әрдайым ізденіс үстінде жүретін, білімін үздіксіз толықтырып, шыңдап, шығармашылықпен жұмыс жасайтын, студенттердің бәсекеге қабілетті маман болып шығуына қолайлы жағдай жасап, жан-жақты білім беретін, оқу-тәрбие ісін меңгерген тұлға. Арнайы педагогикалық білімі мен жұмыс өтілі жоқ, оқу орнын енді ғана тәмәмдаған жас мамандардың ұлағатты ұстаз атанып, студенттердің сүйікті оқытушысына айналуы үшін біраз нәрсені үйренуі қажет. Осы орайда жас маманға әдістемелік, педагогикалы-психологиялық көмек қажет.
Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің әдістемелік кабинетінің басты бағыттарының бірі – жас оқытушыларға әдістемелік көмек көрсету. Бұл бағыттағы жұмыстар әдістемелік кабинет жанынан құрылған «Жас оқытушылар мектебі» бірлестігінде жүзеге асырылады.
Жас оқытушылар мектебі – арнайы педагогикалық білімі жоқ жас мамандардың кәсіби деңгейін жетілдіру, педагогикалық шеберлігін шыңдау, психологиялық қолдау, бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде атқаратын бірлестік.
Жас оқытушылар мектебінің жұмысын ұйымдастыру үшін педагогикалық жұмыс өтілі 20 жылдан кем емес, іс-тәжірибесі мол, озат педагог оқытушы жетекші болып тағайындалады. Оқу жылы басында мектептің жоспары құрылады. Жоспар колледж әдістемелік кеңесінде қаралып, колледждің әдіскері Э.С.Аймбетова және кәсіптік тәжірибе және оқу-тәжірибелік бірлестік әдіскері А.А.Нұрпейсовамен келісіліп, содан кейін оны директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Б.Б.Ермұхан бекітеді. Оқу жылы барысында мектеп тарапынан жас мамандарға арналған семинар сабақтар, тренингтер, дөңгелек үстелдер, конференциялар,озат оқытушылардың іс-тәжірибесімен танысу мастер-класстары, кездесулер, дискуссиялар өткізіледі, өзара сабаққа, ашық сабақтарға қатысу, қатысқан сабаққа әдістемелік талдау жасауды үйрету, педагогикалық этиканы, сөйлеу мәдениетін ұстану жайлы мол мағлұмат беру жұмыстары жүргізіледі.
Жаңа жұмысқа кіріскен жас маман өнегелі ұстаз болуы үшін жас оқытушылар мектебінің жұмысы үш бағытта жүргізіледі:
- Бейімделу жұмысы.
Кәсіби жеке стилін қалыптастыру:
- жас маманды ұжыммен таныстыру, оқу орнымен танысу;
- жас мамандарға тәлімгенрлер тағайындау;
- қиындықтарын анықтауға сауалнама жүргізу;
- құжаттармен танысу;
- әдістемелік нұсқау беру;
- күнтізбелік, сабақ жоспарларын құруға, өзара сабаққа қатысу,талдау жасау, бақылау жұмыстарын ұйымдастыруға көмек көрсету.
- Өзін—өзі дамыту.
Педагогикалық шығармашылықты дамыту:
- ізденетін әдістемелік тақырыбын анықтау;
- педагогикалық жаңалықтармен танысу;
- білімін жетілдіру курстарына қатысу;
- семинар, дөңгелек үстел, пікіралмасуларға үнемі қатысу;
- өзара сабаққа қатысу;
- жас оқытушыларға арналған сайыстарға қатысу.
- Психологиялық көмек.
Жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту:
- психологиялық кеңестер алу;
- қиын сұрақтарды ортаға салу, бірлесіп шешім қабылдау.
2018/2019 оқу жылында «Жас оқытушылар мектебінде» барлығы 18 жас маман тіркелді, олардың басым көпшілігі арнайы педагогикалық білімі мен еңбек өтілі жоқ жас оқытушылар болып келеді. Оларға колледж әдіскері Э.С.Аймбетова мен кәсіптік тәжірибе және оқу-әдістемелік бірлестік әдіскері А.А.Нурпейсова тарапынан үстіміздегі оқу жылы басталғалы бері көптеген сұрақтар бойынша әдістемелік кеңестер берілді, әдіскерлер «Жас оқытушылар мектебі» жетекшісімен бірлесіп жас мамандардың алғашқы қиындықтарын анықтау, сұрақтарын ортаға салуға арналған дөңгелек үстел басындағы кездесу, «Кәсіптік тәжірибенің оқу бағдарламаларын дайындауға әдістемелік көмек» тақырыбындағы семинар, модульдік-құзіреттілік тәсілдеме негізінде әзірленген техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс жасауға байланысты сұрақтар аясында пікір таластар ұйымдастырып өткізді. Жас мамандар көкейдегі көптеген сауалдарына жауап алып, ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта жас оқытушылармен сабақтың түрлері мен типтері, мақсаттары жайлы мастер-класстар, сабақтың этаптарына арналған семинар-тренингтер, педагогикалық әдістер мен оқытудың жаңа технологияларын меңгеру және басқа да мәселелерге арналған кездесулер жүйелі түрде өткізіле береді, яғни жас мамандарға әдістемелік, педагогикалы-психологиялық көмек үздіксіз беріліп, жыл бойы жалғасын табады демекпін. Колледж әдістемелік кабинетінен жан-жақты бағыт-бағдар алған жас маман болашақта ұлағатты ұстаз атанып, сый-құрметке лайық болып жатса – бұл басты мақсаттардың бірінің орындалғаны деп білемін. Бүгінгі жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті жас мамандар – ертеңгі ел басқарар азаматтар.
Мусурманкулова Гүлмира Әнуарқызы
«Жас оқытушылар мектебі» жетекшісі,
орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы