Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің одан әрі өркендеу жолына айтарлықтай бағыт-бағдар берілгенін білеміз. Әсіресе, қазақтың ұлттық ойындарын жаңғырту еліміздің болашақ патриот жастарын, әлемдік додаларда бәсекеге қабілетін көрсететін, еліміздің спорт саласында жеңіске жетер азаматтарды тәрбиелеу де маңызы зор екендігін атап өтті. 2011-2012 оқу жылында Қарағанды облысы, Балқаш қаласындағы ЖББ №8 орта мектебінде алғаш рет кадет сыныбы ашылды. Бұл ұландар сыныбының ашылуының негізгі бағыты: — «жас ұландарды келешекте әскери оқу орындарына түсуіне ықпал жасау. Әскери іс-қимылдарды үйретіп, әскери өмірге дайындау».
Елбасымыздың жолдауының негізімен, қаңтар айының 19 жұлдызында мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Кадет» сыныптары арасында қазақ күресінен сайыс өткізілді. ІІІ-ші жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл додамызға 5-10 сыныптар арасында 58 палуанымыз 5 салмақ дәрежесінде бақтарын сынады. Сонымен қатар биылғы жылы өткізіліп отырған сайысымыз – Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр деседі.
Атаулы шараның шымылдығы мың бұралған қарындастарымыздың әдемі биімен басталып, мектеп диекторы Төкейбекова Айгүл Төкенқызы мен балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Балжігітов Әбіш Сейтбатталұлының құттықтау сөзімен жалғасын тапты. Кешке Жәкенов Ізбасар Өміржанұлы қонақ болып келсе, боз кілемде Балқаш қаласы жасөспірімдер спорт мектебінің қазақ күресінің жаттықтырушысы, қазақ күресінен спорт шебері Мұхаметжанов Ораз Тұрсынұлы төрелік етті.
Жауырынын жерге тигізбей, татами үстінде қос арыстанша алысқан жас ұландарымыз бір-біріне еселерін жіберер емес. Бірінен-бірі асып түсіп жатыр. Жерге бір құлап түсіп, қайта тұрып қарсыласының жағасынан жармасуда. Бағы мен бабы қатар сыналатын тартысты дода бірнеше сағаттарға созылды.
Сайыстың қорытындысы бойынша 38 келі салмақ дәрежесінде бағын сынаған палуанымыз Хайратбекұлы Нұртілеу қарсыластарынан оқ бойы оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінді. 46 келі салмақ бойынша Тойғанбай Шалқар жеңіске жетсе, 54 келі салмақта Темірғалы Сайран, 62 келі салмақта Жасымбеков Ілияс және 66 келі салмақта Басаров Темілан қарсыластарын шаң қақтырып, бірінші орынды қанжығаларына байлап қайтты. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мақтау қағаздары мен медальдар және кубоктар салтанатты түрде табыс етілді.
Алдағы уақытта жас сарбаздардың ұрыс шеберліктерін шыңдау негізінде жеке дайындамақ ниетіміз бар. Мектепшілік шарадан бастау алған бұл бастамамызды келешекте қала, облыс дәрежесінде өткізуді жоспарлап отырмыз. 2019 жыл – жастар жылы! Осы жылы жастарға арналған осындай бастамаларымызды сіз болып, біз болып қолдасақ, нұр үстіне-нұр болар еді.
Қоңыров Бақтыбай Жамашұлы,
Жарыстың бас төрешісі, ұйымдастырушысы
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі