Home » Жаңалықтар » ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК – ЖАНҒА САЯ

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК – ЖАНҒА САЯ

Жер-Анаға көрік беріп, тыныс алып жүрген ауамызды жақсартып, тазартып тұратын тіршіліктің сәні ол — жасыл желекті белдеулер екені баршамызға аян.
Дөңгеленген дүние дидары әр мезгілде адамзатқа әлдебір қуаныш, тыныштық, қуаныш сыйлайды. Айлы аспан астында, жеті қат жердің үстінде тамыр жайған табиғаттың адамға берері мол. Көңілді көлеңке басқанда да табиғаттан сая мен тыныштық іздейтініміз жасырын емес. Ал, біз табиғат үшін не істей аламыз?
Әлия Назарбаеваның мұрындық болуымен және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтің бастамасымен қала аумағын көріктендіру және абаттандыру мақсатында 6 мыңға жуық адамның қатысуымен қалалық ағаш егу науқаны өтті.
Ауқымды шараға Шымкент қалалық Білім бөлімінің басшысы Жанат Арысбекқызы Тәжиева бастаған ұстаздар мен студенттер, оқушылар және қала тұрғындары қатысты. Аталмыш науқанды өткізудегі негізгі мақсат қала тұрғындарын қаланы таза ұстауға, жастарды еңбекке жұмылдыру арқылы, қаланы жасыл қалаға айналдыруға шақыру болып табылады.
«Ағаш ек, гүл ек — туған жерді түлет» деген нақыл сөзді ұстанған қала тұрғындары Шымкент-Шатқал бағытындағы жол жиегіне 80 мың түп жеміс ағашы көшеттерін отырғызды.
— Мұндай іс-шаралар әрбір адамның өз жеріне адалдық, туған жерге сүйіспеншілікпен қараумен қоса, өз ортасын таза ұстауға үйретсе керек. Айналамыз көгалданса көңіл жайланып, табиғатпен әлдебір үйлесімділікті байқаймыз. Ең бастысы мұндай шара адамдарға экологиялық мәдениеттіліктің жоғары болуын үндейді.
Сондықтан көпшілікпен бірге осындай ауқымды шараға атсалысқанымызға, өз қолымызбен көшет отырғызып, туған жерімізге теңізден тамшы үлес қосқанымызға бек қуаныштымыз, — дейді Шымкент қаласындағы №31 балабақша тәрбиешілері.
Өңірдегі өнегелі шара өзге аймақтарға да үлгі болса игі!

Гүлжазира ЕРТАСОВА,
«Білім айнасы» газетінің Бас редакторы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.