Home » Мақалалар » ЖАСТАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН АРТТЫРУҒА, ОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ЖӘНЕ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ МЕН БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУҒА ЫҚПАЛ ЖАСАУ  

ЖАСТАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН АРТТЫРУҒА, ОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ЖӘНЕ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ МЕН БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУҒА ЫҚПАЛ ЖАСАУ  

Қазіргі кезде білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндеттердің бірі – жас ұрпақтың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру.

            Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Мемлекеттің ертеңгі күн тұтқасын ұстайтын, ұлт мүддесін, халық қамын ойлайтын жастарды тәрбиелеп қалыптастыру – әрбір ата-ананың, мектептегі мұғалімдердің мойнындағы міндеті. Бала – тәрбиенің үштен бірін үйдегі ата-анасынан алса, тағы бірін мектептен, қалғанын қоршаған ортасынан, айналасындағы адамдардан, достарынан алады.

Кез-келген ұлт балаларының сымбатты, көрікті, шымыр, денсаулығы мықты болғанын қалайды. Міне, осы ретте мектептегі дене шынықтыру пәні бала өмірінде маңызды рөл атқарады. Өйткені дені сау, қимылы ширақ, өзін жеңіл де сергек сезіне білген бала ғана қатарының алды, оқушының озаты бола алады. Спортпен айналыспайтын, бойкүйездік пен енжарлыққа бой алдырған баланың денсаулығындағы ақаулық оның мінезіне, жүріс-тұрысына кері әсерін тигізеді. Сондықтан біздер, яғни дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мектептегі әрбір оқушының саулығына көңіл бөліп, бөлінген уақытты тиімді пайдаланып, олардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеп, салауатты өмір салтын қалыптастыра білуіміз керек.

Қазақ халқының дене тәрбиесіне, оны шынықтыруға, ептілікке, денсаулықты, көңіл-күйді көтеруге арналған осы кездегі дене тәрбиесі мен спорт нышаны ерте заманда-ақ халық кәдесіне жарағандығын кейбір археологиялық деректер дәлелдейді. Сөйтіп көшпенді деп аталып келген қазақ халқы дене тәрбиесін, оның ішінде спортты дамытуға көңіл бөлгені байқалады. Ежелден садақ тарту, бәйге, сайыс, күрес, аударыспақ сияқты спорт түрлерімен айналысу арқылы өздерінің рухани байлықтарын жетілдіріп, толықтырып отырған.

Оқушылардың дене тәрбиесін жетілдіру денсаулығы мықты, денесі жан-жақты дамыған, алуан түрлі дене және ақыл-ой еңбектерін орындауға әбден қабілетті ұрпақты дайындау жөніндегі мемлекеттік қажеттілік талаптарына байланысты.

Қазақстанның әрбір азаматын бала жастан дене тәрбиесімен айналысуға тарту үлкен маңызы бар мемлекеттік міндет екендігі еліміздің негізгі заңында көрініс тапқан. Ата Заңның 24 және 29-баптарында азаматтардың демалуға және денсаулығын сақтауға құқы бар екендігі атап айтылған.

Ел Президентінің «Қазақстан-2030» бағдарламасында біздің ұрпақтың бүгінгі кезеңінің міндеттерінен өзге келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалайтынымыз, сонымен бірге жастар алдындағы жауапкершілікті күнде есте ұстауымыз керек екендігі атап көрсетілген. Бұдан егеменді елімізде жас ұрпақтың дене тәрбиесіне айрықша көңіл бөлініп отырғаны да байқалады. Ол түсінікті де. Жастардың денсаулығын нығайтып, дене тәрбиесін дамыту – мемлекеттік маңызды іс. Өйткені елдің егемендігін сақтау, оның экономикалық мүмкіндігін арттыру көп жағдайда ұлттың саулығымен және рухани тазалығымен айқындалады.

«Халықтың денсаулығы – ел байлығы» деген сөз жайдан жай айтыла салмаған.

Жеткіншек ұрпаққа біліммен бірге дене тәрбиесін білу аса қажет. Өйткені, күш-қуат адам өміріне керек факторлардың бірі болып табылады.

Спорттың және дене тәрбиелеудің салауатты өмір салтын қалыптастырудағы рөлі зор. Сондықтан да баланы жас кезінен бастап дене қимылдарын жасатып, спорттық жеңіл жаттығуларды өз тәжірибесіне енгізуге баулу жеткіншектердің дені сау, мықты болып өсуіне мүмкіндік жасайды.

Мектепте дене шынықтыру сабағы жүреді. Әрине, бұл оқулық көлемінде белгілі бір бағдарламаға енгізілген сабақ. Мұнда оқушы дене тәрбиесіне байланысты білім алады. Ал бұл – оқушы үшін аздық етеді. Басты мәселе оқушының бос уақытын тиімді пайдалану. Ол үшін спорттық секцияларға қатысып, жаттығулар жасап, тіпті мүмкіндігі болса спорттық жарыстарға, түрлі ойындарға барып, өзінің бағын сынап, болашағына жол ашуға әбден болады деп сенемін. Баланың кепілі – денсаулық, сондықтан да дене шынықтыру өте маңызды. Сонымен қатар баланы 9-10 жастан бастап гимнастикалық жаттығулармен айналыстыру арқылы дене бітімінің өсуіне ықпал жасау. Жас жеткіншек 9-10 жастан бастап спорттық жаттығулармен айналысса баланың дене бітімімен қатар ойлау қабілеті жоғарғы деңгейде өседі.

Балаларға салауатты өмір салтына сай қағидаларды енгізе отырып, балаларды болашақтың тірегі болатын дені сау, жан-жақты азамат етіп тәрбиелеу.

Көптеген дене тәрбие мәдениетінің ғалымдары дәлелдегендей жас өспірімдер күн санап өскен сайын оның күш-қуаты артып отырады. Осыған басты назар аударылса жас өспірім қай жаттығуды болмасын өзінің күнделікті тіршілігінде емін-еркін пайдалана алады деп сенемін.

Мұндай әдіс-тәсілдер бұрыннан да қолданылып келген. Бұл балаларға қарапайым дене тәрбиесі мен спорт өнеріне баулудағы мүмкіндіктерді пайдалану өз-өзінің денсаулығына және де біздің мемлекетімізге де пайдасы үлкен деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жолдауларының бірінде ұрпақ денсаулығын нығайтуға ерекше көңіл бөледі. Халық санасының өсуі, оның сапасы дененің саулығы деп көрсетеді. Н.Ә.Назарбаев егеменді еліміздің дамуының стратегиялы еңбегінде Қазақстан халқының білімі, таланты, мәдениеті мен денсаулығы бізге аса қажет деп түсіндірді. Сондықтан да әрбір адамның өз қуат күшіне орай жаттығу жасау өмір жолының ұзақ болуына, еңбекке алғыр, көңілді өмір сүруіне жол ашады деп сенемін.

Кейбір жастардың дене шынықтырумен айналысу арқылы спортқа деген қызығушылығын арттырады және спорттан үлкен шыңға шығатынына көзі жетеді. Ал спорт ол меніңше сабақ. Қайратың тасып, жігеріңе жігер қосатын, алып күшті шынығу, шыңдалуы арқылы бойыңа  сіңіретін, кейіннен өзінің кәсібіне жол ашатын дүние әрі ең күшті бір қасиет. Сондықтан да кімде-кім спортпен айналысып, одан өз бақытын табам десе, әлбетте тынымсыз шынығуы қажет.

Дене шынықтыру жоғарыда аталғандай өмірлік қажеті бар, денсаулығыңыздың таза болуына жасаған сенің өз қамқорлығың және де өз мемлекетіңе қосар үлесің. Адам баласына ең алғаш туылғаннан кейін дене қимылы немесе дене шынықтыру қажет.

Онсыз баланың денесі әр түрлі ауруларға әкелуі мүмкін. Дене жаттығуы ғұмыр бойы қасыңнан қалмауы тиіс. Жаттығу ғана адамның бойын сергітіп, денеңді шынықтыра түседі.

Жас жеткіншектердің организмі және ішкі ағзасы  гигиена мен күн тәртібі ережелерін орындауды талап етеді. Сонымен қатар тазалыққа, әдептілікке, күн тәртібін дұрыс орындауға басты назар аударады. Тазалық өз өміріне үлес қосар ең үлкен үлесің. Соның ішінде жеке бас гигиенасын сақтау, дене шынықтыру жаттығуларын үнемі үзбей жасап тұру, тамақтануды дұрыс жолға қою, организмді шыңдау, белсенді дене жаттығулармен айналысу.

Жас жеткіншектер спорттың белгілі бір түрімен айналысқанда көп энергия шығындалады, соны қалпына келтіру үшін дұрыс тамақтана білуі тиіс. Дұрыс тамақтану – денсаулықтың негізгі рөлі. Біз тамақтану үшін еңбек етіп, тер төгеміз. Сондықтан тамақтануды ерекше іс есебінде қараған жөн.

Елбасы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» деп, салауатты өмір салтын насихаттауды басты мәселенің бірі ретінде қарастырып, бүгінде мемлекет оны ең басты орынға қойды. Бұл дегенің халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту, бос уақытты тиімді пайдалану, зиянды әдеттерден аулақ болу, денсаулықты нығайту секілді жұртқа пайдалы ізгі істерге көпшілікті бейімдеу.

Тек спорттың өзі бір елді айдай әлемге таныта алатынын осы күні көпшілік білді. Әсіресе,  Лондон Олимпиадасының Қазақ елі үшін маңызы жоғары. Жеті бірдей алтын медаль алып, жеті рет Әнұран шырқалуы ел тарихында бұрын мүлдем болмаған оқиға. Осы жарқын жеңістер арқылы еліміздің болашағына  қаншама даңғыл жол ашылды. Елбасының соңғы жылдары спорт саласына ерекше назар аударуының себебі де енді айқын біліне бастағандай. 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Н.Ә.Назарбаев 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтудың бір жолы бұқаралық спорт екендігін арнайы түрде атап өткен болатын. Соның ішінде, отандастарымыздың 30 пайызы бұқаралық  спортпен айналысқан жағдайда ғана бізді ілгерілеу күтіп тұрғанын баяндаған. Елбасымыз тек ол емес, әр жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударып келеді. Сонымен қатар, оны жүзеге асыруға нақты міндеттер жүктеген.

Енді, осы арада бұқаралық спорт түрі­нің адам өміріндегі орны, маңызы жөнінде аз-кем тоқтала кетуге тура келеді. Себебі, кейінгі кезде, әсіресе, соңғы он жылдықта еліміз адам денсаулығын қорғаудың, күшейтудің, өмір сүру сапасын жоғарылатудың қаншама ғылыми жетістіктеріне қол жеткізді. Соның аса маңыздысы әрі тұтас ел көлемінде жүзеге асыруға мүмкіндігінің ең жоғарысы – бұқаралық спорт екендігі анықталып отыр.

«Біздің ежелден табиғатпен етене өсіп, ауаның тазасын, судың тұнығын пайдалана білген халық екендігіміздің өзі бабаларымыздың саламатты өмір салтын қалай ұстанғандығын көрсетеді» – дейді отандық мамандар.

Елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасы бекітілген болатын. Бұл бағдарлама ел Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен бекітілген Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына, сондай-ақ Елбасының 2010 жылғы

1 ақпандағы Жарлығымен бекітілген Стратегиялық даму жоспарына сәйкес түзілген болатын. Және бұл салалық бағдарламада дене шынықтырумен айналысатын қазақстандықтардың санын арттыру мәселесі қарастырылған.

Қазіргі таңда елімізде халықтың 20 пайызға жуығы, яғни 3,3 миллион адам дене шынықтыру және спортпен айналысады.

Еліміздегі спорттық инфрақұрылымды дамытуға «Жол картасы» бағдарламасы да игі ықпалын тигізді. Осы бағдарламаның аясында былтыр жоспарланған 56 спорт нысанының орнына үнемделген қаражат есебінен 12 облыста 64 нысан жөнделді. Бүгінде елімізде 33 мыңға жуық спорт нысаны бар.

Расында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ат спорты, тағы да басқа ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрықша ден қойылды. Ұлттық спорт түрлері бойынша былтырғы жылдың алдында 80 жарыс өткізілді. Соның ішінде, әсіресе, тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионатын, жасөспірімдердің бірінші ауыл спорты ойындарын, қазақ күресінен әлем және Азия чемпионаттарын, Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі жолындағы ІV халықтық спорт ойындарын арнайы атап өтуге тура келеді.

Соңғы жылдары елімізде көптеген жаңалықтар қолға алына бастады. Әрине, бұл жаңалықтардың басында Спорт және дене шынықтыру агенттігінің тұрғандығы анық. Агенттіктің қолдауымен, ұйытқы болуымен істеліп жатқан іс-шаралар саны артып келеді. Соңғы екі-үш жыл көлемінде атқарылған іс-шаралар саны 17 мың мен 20 мың аралығында болды десек, тек былтырғы жылдың өзінде 18 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізіліп, оларға 4,1 миллионнан астам адам тар­тылған екен. Осы жерде ескерер тағы бір нәрсе – осы шаралардың көпшілігіне дені ауыл адамдары қатысыпты. Алайда, әлі де атқарылар ауқымды жұмыстар көп екендігін әсте ұмытпауымыз керек.

Бұқаралық спорт саласы болсын, басқа да спорт саласы болсын көбіне көздейтіні жастар мен жасөспірімдер деуге болады. Өйткені, болашақ жастардікі. Мемлекет өз болашағын сол жастармен елестетеді. Сол себепті жастар денсаулығы, жастар спортына ерекше көңіл бөлініп, бұдан екі жыл бұрын бірқатар жаңа спорттық ұйымдар ашылды. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақ­стан облысында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен нысана көздеу бойынша олимпиадалық даярлау республикалық орталығы ашылды.

Бұқаралық спорт дегеніміздің өзі – спортпен жүйелі шұғылданатын адамдар мен спорт түрлерінің дамуы. Саламатты өмір салтын насихаттап, халықты спортқа тарту аса маңызды. Мұның адамның бойына күш-қуат құйып, рухани болмысын жаңғыртатын бір ден-бір амал екені даусыз. Сондықтан, бүгінгі қазақстандық қоғамда бұқаралық спортты дамыту – төтенше маңызға ие болып отыр.

Қазақ елінің экономикалық өрлеуіне, саяси тұрақтылығына, халықаралық беделінің артуына да залалын тигізбей қоймайды. Сондықтан, саламатты өмір салтын мемлекеттік саясаттың бір бағыты ретінде жаппай насихаттау алға қойған стратегиялық мақсаттарымызға жету жолындағы басым бағыттардың бірі саналуы тиіс.

Қазақстандағы бұқаралық спорт – әркімнің жеке басына тәуелді іс. Сондықтан, біздің мамандар халықты спорттың мейлінше қолжетімді түрлеріне тартуы тиіс. Мәселен, таңертеңгілік жүгіріп немесе ауладағы алаңқайда доп қуса, несі бар?! Бұқаралық футболға ешқандай шығынның да керегі шамалы. Ең бастысы – ниет пен көңіл болса болғаны.

Несін айтамыз, еліміздің спортта жеткен жетістіктеріне қазір әлем куә. Спорт­шыларымыздың әлемдік деңгейдегі беделді жарыстарда қол жеткізген жеңістері спортшыларды даярлаудағы қазіргі жүйеміздің ықпалды да, тиімді екенін аңғартады. Жоғары жетістіктер спор­тындағы рекордтар, халықаралық, ұлттық және басқа да ресми спорттық бәсекелердегі жеңістер бұқаралық спорттың дамуына оң ықпалын тигізетіні анық.

Алдағы жылдары қазақстандықтарды ғылым мен экономика саласындағы жетістіктер ғана емес, денсаулық, дене қуат жақтарынан және өмірге сергектікпен қарайтын соны серпілістер күтіп тұр. Бұл серпіліс адам денсаулығын күшейтіп, көңіл-күйін жақсартып, ерік-жігерін жанып, өмірге талпынысты арттырып жеңістерге жетелейтіндіктен еліміздің дамуындағы барлық саланы қамтиды деп айтуға әбден болады.

Жарарова Роза Галиюллақызы,
  Тараз қаласы, Жамбыл атындағы
№ 5 мектеп-гимназиясы
дене-шынықтыру пәнінің мұғалімі

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Г. Икіманова. Саулық пен сымбат. — Алматы: Қайнар, 1991.
    2. «Қазақстан – 2030» стратегиясы
    3.«Қазақстан мектебі» журналы, № 4, 2006ж.
    4 Дене мәдениеті – оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде.

Ізденіс-Поиск. 2009ж. №2(2) -Б.262-264.
5. Е. Уақбаев. Қазақстанда дене тәрбиесі жүйесінің дамуы. — Алматы:

Санат, 2000ж.

  1. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал «Мектептегі дене

шынықтыру» . Алматы, № 5, 6, 7, 2014ж.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.