Home » Жаңалықтар » ЖАСТАР ЖЫЛЫНДА ЖАС ТАЛАНТТАРДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНДЫ

ЖАСТАР ЖЫЛЫНДА ЖАС ТАЛАНТТАРДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНДЫ

Есіл ауданында «Ақмола жұлдыздары-2019» облыстық көркемөнерпаздар шығармашылық байқауына іріктеу кезеңі өтті. Халық шығармашылығын дамытуға серпіліс беретін дәстүрлі жоба биыл «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аудандық мәдениет үйінде өткен есілдік көркемөнерпаздардың гала – концертінде ине шаншар жер болмады. Жерлестерін қолдауға келген қалың көрерменнің кештен ұмытылмас әсер алып, үйді-үйлеріне разы көңілмен тарқағандығы олардың қуанышты жүздерінен көрініп тұрды. Жүз пайыз өнерлі жастардың қатысуымен өткен концерттің желісі түрлі жанрларды қамтыды.

Байқауда бағын сынап, аудан намысы үшін жанын салған шығармашылық ұжымдардың өнерін мәдениет саласының үздіктері мен қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалады.

Облыс орталығынан келген әділқазыларға белсенді жастар өнерде, білімде, спортта қол жеткізген жетістіктерін, шеберлердің қолөнер туындыларын ұсынып, таң-тамаша етті.

Концертті жас әнші Еламан Уленбаев Т.Молдабайдың «Молдабай» әнімен ашып берді. Әнге қойылған шағын қойылым бұрынғы сал-серілердің думанды өмірінен сыр шертеді. Жігіттерге іле жауап қатқан «Шабыт» би тобының сұлулары «Сырқылдақ» биін мың бұрала орындады. Бұл – ертедегі жастардың кешкілік бас қосып, ән айтып,  айтысып, бір-бірімен әзілдесіп көңіл көтеретін ойын-сауығының көрінісі іспетті болды.

Бұдан әрі қазақ  ұлттық аспаптар оркестрінің орындауындағы «Торы жорғаның бөгелек қағуы» атты Қазанғаптың күйі, «Атамұра» фольклорлық ансамблі күмбірлете шерткен Қ.Ахмедияровтың «Күткенде» күйі көрермендердің құлақ құрышын қандырып, рухтандыра түсті. Ал Алтынбек Әбілда мен Әйгерім Аманжолованың классикалық әндерден шырқаған үзінділері, Александр Шатилоның орындауындағы «Гранада» әні көрерменді опера әлемінің сиқырына бөледі.

Сондай-ақ, «шынықсаң шымыр боласың» деген қағиданы берік ұстанған №7 агротехникалық колледждің «Жігіттер» студиясы көрсеткен акробатикалық жаттығулары кім-кімді де таңқалдырмай қоймады.

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.