2019 жыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл, өйткені Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында оны – Жастар жылы деп жариялаған болатын. Жастар жылы – жаңа леп, жаңа толқын. Еліміздің болашағы – жалынды жастардың қолында. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, аспан қалай ашылмақ»-деп, бауырлас түріктің атақты ақыны Назым Хикмет айтқандай, жастар еліміздің келешегін ойламаса, жарқын болашақ туралы не айтуға болады?! Ел боламын десең, бесігіңді түзе,-дегендей, еңсесін биікке көтеріп келе жатқан еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек. «Отан отбасынан басталатындықтан», ата-ананың тәрбиесімен бойға даритын ізгілікті балабақшада дамытып, мектеп пен жоғарғы оқу орындарында рухани және дәстүрлі құндылықтарды жастардың санасына сіңіру – оның тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды іс. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың айтуынша, мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты – лайықты тұлға ретінде болашақ ұлтжанды азаматты тәрбиелеу болып табылады. Елорда төріндегі «Нұр Әлем» кешенінде Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен Жастар жылына арналған форумға бизнес, ғылым, өнер, спорт, журналистика, әскер сынды түрлі сала үздіктері, «Жүз жаңа есім» жобасының жеңімпаздары, жас депутаттар, қоғам белсенділері қатысты, сондай-ақ, өңір жастары онлайн режимде байланысқа шықты. Айшықты шараның ашылу салтанатында Елбасы «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы жастардың қолында, олардың білімдеріне, күш-жігерлері мен патриоттық сезімдеріне байланысты екендігін жеткізді. Сондай-ақ атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы да жастардың бақытты өмірлері, әлеуеттері мен мүмкіндіктерін толықтай жүзеге асыру үшін жасалуда екенін тілге тиек етті. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Себебі патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн! – деп айтқанындай, Қазақстанның бүгінін нұрландырып, ертеңін гүлдендіретін, атын ай-әлемге паш ететін – жастар!
Ендеше, сол сенімді ақтап, болашағымызды жарқын қылайық. Жастардың ұраны ерлік, тірлігі – елдік!
Туғанбаева Тілеу Сайлауқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ PR, SMM — маманы