Home » Баяндамалар » ЖАСТАР БОЙЫНДАҒЫ БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

ЖАСТАР БОЙЫНДАҒЫ БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі білім беру саласында уақыт талабына сай өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Қазіргі кезеңде білім, ғылым саласында инновациялық педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, тәрбие бағытында да заманауи технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымдардың біріне айналды. Мұғалімдер мен тәрбиешілер өз қызметінде қандай технологияны қолданған күнде, олар оқушы пікіріне құлақ аспаса, олар не сезініп отырғанын білмесе бұл технологиялар сәттілік әкелмейді, алдағы өмірдің қатігез немесе қайырымды болуы балаларды қалай тәрбиелеуімізге байланысты.

Тәрбие –бұл өмірлік шығармашылық. Сондықтан мұнда бала бейнесі, яғни адам бейнесі маңызды. Бала бейнесі, адам бейнесі деген ұғымдар педагогикада соңғы жылдарға дейін өз мәнінде әр қырынан айтылмай келді. Сондықтан, біз көбіне жасөспірімнің шынайы бейнесін емес, өзіміз қалаған бейнені, яғни жасөспірімді субъекті емес, объекті ретінде көріп келгеніміз жасырын емес. Жарты ғасыр бойы үстемдік еткен технократиялық ойлау, тәрбие мақсаты мәдениетпен, мектеппен, жасөспірімнің өзімен анықталатынын түсінуге жол бермеді. Тек, соңғы жылдар да ғана субъект ретінде мән берілуде жеке оның өзегі болып табылатын басты қасиеттер мен сапаларды айқындауға ұмтылыстар жасалып келеді. Осы тұрғыда, педагогтар мен психологтар жасөспірім дамуының әр кезеңінде орын алатын, тұлғада жүретін: өзін-өзі тану, өзін-өзі көрсету, өзіне-өзі сүйену, өзін-өзі анықтау, өзін-өзі реттеу, өзіне-өзі баға беру. т.с.с. үрдістердің мәні мен маңызы өте зор екенін жоққа шығармайды. Осыдан келіп, қазіргі педагогикалық ойлаудың мәні, яғни балаға деген субъектілік қатынас екені шығады. Ендеше, бұл біріншіден жасөспірімнің өз тәрбиелеушісімен бірге тәрбиеге қатысуы, екіншіден ересектердің баланың барлық құқығын мойындауы, үшіншіден, балаға субъекті ретінде қараудан келіп, оның шығармашылық қабілетін дамыту, төртіншіден, бала тұлғасын субъектілік қасиеттерін: өзін-өзі тану, өзіндік сынын дамыту қағидаларын айқындау қажеттілігі туындайды. Демек, тәрбие педагогикалық әрекетті әр қырынан қарастыратын күрделі модель, сонымен қатар тұлғаны қалыптастыруға мақсатты бағытталған үрдіс.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.А. Назарбаев, Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2011-2020жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «тәрбие жұмысы және жастар саясаты»- бөлімінде жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру, жастар саясаты саласындағы іс-шараларды іске асыруға белсенді қатысатын жастардың олардың жалпы санынан үлесі (2015-жылы 17%, 2020 жылы 55%) жетуін міндеттеді.

Елбасының міндеттемесін іске асыру мақсатында педагогтардың жас өскелең ұрпақты тәрбиелеу барысында алатын орны ерекше десек те, тәрбие процесінде жетістіктеріміз бен қатар олқылықтар алатыны ащы болса да, шындық. Кемшілігіміз өсіп келе жатқан жас буынның психологиялық тұрғыда, жас ерекшелігіне аса көңіл бөлмеу, салғырттық таныту. Салғырттық тәрбиенің түп нәтижесі – жасөспірімдердің қоғамнан өз орнын таба білмеуінің салдарынан қайта тәрбиелеудің орын алуы әлі де жете ескерілмей келеді деуге болады.

Педагогикалық тұрғыда қайта тәрбиелеу осыған дейін қолданылған тәрбие әдістері мен тәсілдері, формалары нәтиже бермеген жағдайда, тәрбие әдістері мен тәсілдерін түбегейлі өзгерту делінсе, бұл анықтама ықлым заманан айтылып келеді.

Дәлірек айтсақ, жасөспірімдерді қайта тәрбиелеу мәселесі жаңадан ғана қаралып отырған мәселе емес, революциядан бұрыңғы орыс және шетел педагогикалық ойлардың қайраткерлері: А.Богдановский, А.Я. Герд, Д.А.Дриль, А.А.Фидлер шұғылданса; 20-30жылдарда құқық бұзушы жасөпірімдердің мәселесін қолға алып зерттеу жұмыстарын жүргізген еліміздің аса көрнекті педагогтары мен психологтары: Н.К.Крупская., С.А.Макаренко, А.С.Выготский т.б. шұғылданған.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы қиын оқушылар мәселесі де, педагогикалық проблемалар ретінде Р.А.Уманов, Ә.Ж.Жұмабаев, Л.К.Керимов, Ж. Ысқақов, К.Бегалиев, О.К.Өтеген, К.Арынбаева, т.б. ғалымдардың еңбектерінің арқауы бола отырып, әр қырынан жан-жақты зерттелді:

Дегенмен, жоғарыда аталған ғылыми еңбектерді теориялық тұрғыдан талдау зерттеліп отырған проблемалардың ғылыми әдіснамалық тұрғыда әліде болса шешімін таппай отырғандығын дәлелдейді.

«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 46-бабына және Қазақстан Республикасының Президентінің Әкімшілігі Басшысының 2011жылғы 29 желтоқсандағы №01.38.145. бұйрығына сәйкес дайындалған 2012 оқу жылындағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы» кезекті баяндамасында: кәмелетке толмаған жасөспірімдердің оқу сабақтарына баруының ай сайынғы мониторингі жүргізіліп, оқу жылының, басынан 10 және одан көп күн бойы сабаққа бармаған 3 мыңнан астам жасөспірім айқындалғанын, қиын өмірлік жағдайларға тап болған, кәмелетке толмаған жасөспірімдерді біріңғай есепке алудың арнайы білім беру ұйымдарындағы балалар, қатыгез іс-әрекеттер және зорлық-зомбылық құрбандары, жайсыз отбасынан шыққан, қадағалаусыз, панасыз қалған кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына жеткізілген балалар туралы мәліметтің шоғырландырылған дерек қорына 2012 жылы 13 мың кәмелетке толмаған жасөспірімдер туралы деректер енгізілген полицияның, мектеп инспекторларының білім беру ұйымдарына жәрдемдесу мақсатында құқықтық тақыптар бойынша 65мыңға жуық дәрістер өткізілгендігін, тұрғылықты жері бойынша мектепшілік есепте тұрған 16 мыңға жуық жасөспірімдер мен тұрғылықты жері бойынша 11 мыңнан астам қолайсыз отбасыларға барғандығы туралы, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін, ойын –сауық мекемелерінің 500-ге жуық иесі, сондай-ақ 2 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы ӘҚБТК 336-4 бабын бұзғаны үшін (заңды өкілдері еріп жүрмеген кәмелетке толмағандардың тұрғын жайдан тыс желерде болуы) 32 мыңнан астам ата-ана немесе оларды алмастыратын тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы, 700-ден астамы ата-ана құқығынан айырылғандығы, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына 50 мыңға жуық жасөспірім, оның 4 мыңнан астамы қадағалаусыз және панасыз қалғаны жеткізілгендігі және де бас прокуратураның деректері бойынша 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана жасөспірімдерге қатысты 5 мыңға жуық қылмыс жасалғандығы, соның ішінде 586 зорлық жағдайлары орын алғандығы, кәмелетке толмаған жасөспірімдер жасаған 3435 қылмыс тіркелгендігі, ішкі істер Министрлігі деректері бойынша 2012 жылы девианттық мінез-құлықты 13 мың жасөспірім, 12 мыңнан астам жайсыз отбасы есепте тұрғандығы туралы нақты мәліметтер келтірігені баршамызға мәлім.

Әрине, бұл көрсетілген мәліметтер ересектер тарапынан педагогикалық, психологиялық тұрғыда кімді болса да, селт еткізері хақ. Қалыптасқан жағдайдың себептері отбасы институты рөлінің әлсізденуі, қызығушылықтары бойынша жасөспірімдер және жастар бірлестіктерінің тегін желісінің шектелгендігі, бұқаралық ақпарат құралдарының жеке тұлғаның қалыптасуына теріс әсер етуі болып табылса, психолог-заңгердің жеке пікіріне сүйенсек: бұл тікелей педагогтың тәрбие беруде жіберген ағаттықтары деп түсіндіреді.

Жоғарыда айтып кеткендей біздің басты кемшілігіміз — өсіп келе жатқан жас буынның психологиялық тұрғыда, жас ерекшелігіне аса көңіл бөлмеу, салғырттық таныту деп келтірген болатынмын. Оған түрлі келеңсіз құбылыстар куә. Дәлірек айтсақ, кей-кездері мұғалімдер тәрбие, тәртіптілік дегенді айтқанды бұлжытпай орындаумен шатастырады. Баланың саналы тәртібі әрине оның тәртіптілігімен тығыз байланысты, бірақ саналы тәрбие, саналы тәртіп – бұл өте күрделі диалектикалық қайшылықтық құбылыс екенін естен шығарып жатамыз. Сананың элементі және әдеттегі практикалық әрекеттер амалы ретінде пайда болады. Оны жасөспірім шынайы өмір міндеттерін шешу, дайындықтарын жеңу, күресу тәртібі ретінде меңгереді, саналы тәртіп қалыптастыру диалектикасы баланың орындаушылық әрекеті мен оның білдірген құлшынысы және қоғамдық белсенділігімен қайшылықты әрі өзара байланысты бірлікте қарастыратынын ескергеніміз жөн-ақ. Әсіресе жасөспірімдік шақта бала өзін тұлға ретінде нақты сезіне бастайды, ол өзінің жекелеген көз-қарастарына сүйеніп әрекет еткісі келеді, өзіне деген қарым-қатынасқа өте үлкен мән береді, ол өзін ойындағыдай болмаған жағдайда, кәдімгідей шамданып қарсылық білдіреді. Осы тұрғыда педагог жасөспірімдер тарапынан орын алған қарсылықты, жас ерекшелігін ескеріп, психологиялық заңдылық деп қабылдап, жасөспірімге өзінің қасынан орын беріп, бала тұлғасына құндылық ретінде қарап, оның еркіндікке, бақытқа, адам ретінде әлеуметтік қорғалуына құқығын мойындап, қабілеттері, жеке бас ерекшеліктерінің көрінуі мен дамуын танытса, тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыра білсе, аксиологиялық амал тұрғысынан келгенде бұл кісілік, мейірімділік, білімділік, рухани мәдениет, талғампаздық, педагогикалық қырағылық деуге сайып келеді.

Өкінішке орай, кейбір әріптестерімізде келтірілген педагогикалық құндылықтар жоқтың қасы деп айтсақ қателескендік емес, оның дәлелі ұстаз- педагогикалық әдеттен шет қалып, білімгерлер алдында өзін биік ұстауы, келемеждеуі, кемсітуі, сенімсіздікпен қарауы, қол көтеруі, әкімшілік тарапына, ата-анаға шағымдануы, т.б. олқылықты іс-әрекеттері. Осының салдарынан қиын баланың туындауы әбден мүмкін. Қиын баланы өз қолымызбен жасап алғаннан кейін, тәрбие процесі іске аспаған жағдайда, қайта тәрбиелеу процесіне орын береміз.

Халық даналығынан: «Ауру күліп кіріп, мысқылдап шығады» демекші- қайта тәрбиелеудің маңыздылығына үлкен мән берген педагог К.Д.Ушинский «Егер адам бойындағы зиянды әдет-дағдыларды түп-тамырымен бір уақытта жою үшін азда болса, күш-жігермен кіріссе одан құтылуда қиынға түспес еді, бірақта қиыншылығы сонда мысқылдап ұзақ уақыт енген дағдыны құрту үшін, соншама ұзақ уақыт күресу керек» деген болатын. Мұның астарында-күнделікті біздің алдымызда отырған жасөскелең ұрпақтың бойына мысқылдап ұзақ уақыт бойы енген жаман әдет-дағдыны ұстаздың көре білмеуі.

Тағы бір айта кететін жайт, алайда, көбінесе «Қиын бала» дегенде тек ұл балаларды ғана сөз етіп, сыңар-жақтылық танытып жүргенімізді жасырмаған жөн. Қыз бала қаға берісте назардан тыс қалып, олардың ертеңіне көрінеу көзге қиянаттық жасап жүргенімізді несіне жасырмақпыз.

Осы тұрғыда өз тәжірибеме тоқталатын болсам, осыдан бірнеше жыл бұрын қазан айының орта тұсында онбір жылдық мектептен он бес жасар жасөспірім қыз бала колледжге ата-анасының өтінішімен орналасты. Әрине оқу жылының екі айы өтіп кеткен мерзімде бұл жасөспірімнің «Алтын ұя» мектебінен колледжге ауысуына не себеп, не түрткі, астарында бір мән болатыны айдан анық. Кәмелеттік жасқа толмаған он бес жасар жасөспірім қыз баланың мектеп ұжымынан, колледж ұжымына ауысуының басты себебін анықтау барысында, қыз баланың тәрбиеден шет қалғаны белгілі болды. Әрине мектеп ұжымы қиын жасөспірімнен құтылдық деп, іштей болса да марқаяр, бірақ жасөспірім тағдырының соңы нендей жағдаймен бітетіні мектеп ұжымын қызықтырмағанда болар. Ендігі жерде, жасөспірімнің тәрбиесіне жауапты колледж ұжымы екені белгілі жайт. Директордың тәрбие ісі-жөніндегі орынбасары ретінде жасөспірім қыз баланы бірінші күннен бақылауға алдым. Жасөспіріммен жеке педагогикалық ынтымақтастықта сөйлескенде ол маған ештеңе де айта алмады, айтқысы да келмеді. Психологиялық тұрғыдан алғанда бұл заңды құбылыс, себебі: жасөспірім ересектер тарапынан қойылған неге олай? неге бұлай? неге олай істейсің? деген сұрақтардан әбден жалыққан.

Жасөспірім бақылау үстінде өз құрбы-құрдастарымен араласу жағдайы да қалыпты жағдайда емес, келіспеушілікке жиі ұшырайтын орын алып отырды. Сабаққа қатысуы, үлгерімі топ тәлімгеріне тапсырылса, белгілі-бір нәтижеге жеткізу мақсатында күнделікті бақылау жұмысын өзім сырттай бақылап отырдым. Араға бірнеше күн салып, жасөспірім қыз баланы алдыма қайта шақырдым. Бұл жолы жауапқа тартпай, алты жастан бастап, онбес жасқа дейінгі қызықты және ұнамаған кезеңдеріңді қағаз бетіне түсір деп тапсырма бердім. Жасөспірім бірден кірісе қойған жоқ, арада 25-30 минут өткенде жасөспірім қыз бала маған іші шимайланған қағазды ұсынды, жылап тұр, діріл бар. Сол күні жасөспірімді үйіне жалғыз жібермеу үшін, ата-анасы шақыртылып, сұхбаттасу мақсатында, бұрынғы сынып жетекшісі де шақырылған болатын. Жасөспірімді тәлімгерге тапсырып, кабинетке, жасөспірімнің анасы, мектептегі сынып жетекшісінің қатысуымен қыз баланың шимайланған қағазына үңілдік, бұл қағазда алты жастан он үш жасқа дейін өзін бақытты сезінгені, сабақты да жақсы оқығаны, спортқа да би ырғағына да бейім екенін, қоғамдық жұмысқа да белсенді араласқаны көрсетіліп, он үш жасынан бастап, оқығысы келмейтіндігі, мектеп ұжымындағы келеңсіз оқиғаларды, өзі құрдастарымен келіспеушілікте екендігін, ылғи ата-анасы мектеп ұжымы қысымға алатындығы және де мектепті сағынып жүргендігін қағаз бетіне түсірген. Бұдан шығатын қорытынды қыз бала психологиялық тұрғыда «өзіндік менімен» он үш жастан он бес жасқа дейін арпалысқан. Ересектер тарапынан ата-ана, педагогтар, психологиялық жас ерекшелігін ескермеу нәтижесінде қыз балада қырсығу, жағымсыз іс-әрекеттер орын алған. Мұның соңы, жасөспірімді бір ұжымнан екінші ұжымға, яғни мектептен колледже ауысуына әкеліп соққан. Себебі: мектеп ұжымы жасөспірімнің кемшілігін түзету орнына мектеп орнын босатуын жөн көрген деген қорытындыға сайып келеді. Міне біздің тәрбиедегі басты өрескел кемшіліктер осы тұста.

Жасөспірімде бақылау үстінде біршама түзеліс бар, дегенмен құбылмалы, орнықты емес. Жасөспірімді алға тарту мақсатында жастар ұйымының мүшесіне кіруге ұсыныс білдіргенімде көзі жадырап, жайнап сала берді. Қазан айының соңынан бастап, желтоқсанға дейін жақсы жағынан көрініп жүрді, бірақ әліде болса қадағалауды қажет ететіні белгілі.

Содан, жаңа жыл қарсаңыда жасөспірім өзінің өтінішімен колледжде оқығысы келмейтінін, құжаттарын қайтып алатынын өтінді. Колледж әкімшілігі тарапынан рұқсат бермеді, заңды түрде заңға қайшы келетінін жасөспірім түсінгісі де келмеді. Содан жасөспірім қыз бала колледжден қол үзді, колледж тарапынан тәрбие жұмыстары атқарылды, содан болмағаннан кейін анасы келіп, жасөспірімнің құжаттарын біржолата алып кетті, бұдан шығатыны тәрбиенің нәтижесіз аяқталғаны өкінішті-ақ…

Енді ойлап көріңіздер, жасөспірім тәрбиесінде басты өрескел кемшілік қайдан, кімнен кетті? Оның жауабы: баланы футбол добындай зат есебінде көрген мектеп ұжымы демеске амалы жоқ. Бұл менің қызмет барысында кездестірген бірғана жасөспірімнің тағдыры. Осындай келеңсіз оқиғалардың талайына күә болып жүрген жоқпыз ба? Әрине, бұл айтылған келеңсіз оқиға желісі жіберіліген кемшіліктер жасөспірімдерді тәрбиелеуде педагогтарға қатысты бір қырын ғана айтып отырмыз. Бұл жерде ата-ана тәрбиесі, қоғам, қоршаған ортаның тигізер әсері өз алдына. Дегенмен, жасөспірімдер тәрбиесінде педагогтың тигізер ықпалының маңызы ештеңемен тең келмесі анық.

Қазіргі таңда жастар бойындағы белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру мәселелерін қарастырсақ:

-біріншіден, Қазақстан Республикасындағы «Баланың құқықтары туралы» Заңының 9-тарауының 49-бабында көрсетілген «Ата-анасы және басқа да заңды өкілдері ата- ананың құқықтарын жүзеге асырған кезде баланың дене және психикалық денсаулығына оның дамуына зиян келтіруге құқылы емес». Баланы тәрбиелеу тәсілдерінде баланың адамдық қадыр-қасиетіне менсінбей, қатал, дөрекі қарау, оны қорғау немесе қанау болмауға тиіс –деген баланың мінез-құлқына әсер етудің ерекшеліктеріне педагог, ата-ана тарапынан аса мән берілсе;

-екіншіден, дәл жасөспірім кезінде психологиялық тұрғыда «Драма-терапия»- педагогтың өзін жасөспірім орнына қойып көру әдісін қолданылса, сонда педагог өзінің кемшілік тұстарын түсініп, педагогикалық ынтымақтастық орын алар еді;

-үшіншіден, білім беру ұйымдарының жанынан жасөсіпірімдер және ата-аналарымен жеке жұмыс жасайтын әлеуметтік, педагогикалық қызмет орталықтары құрылса;

-төртіншіден, ата-аналардың психологиялық, педагогикалық деңгейлерін көтеру мақсатында, ата-аналар лекторийлерін, ата-аналар семинарларын, тренингтер, пікір-талас клубтарын ұйымдастыру және т.б;

-бесіншіден, ата-аналарды оқу –тәрбие үрдісіне белсенді қатысуға өз пікірлерін ортаға салуға тарту;

-алтыншыдан, мұғалімдердің, психологтардың, әлеуметтік-педагогтық баланы отбасында тәрбиелеу жұмысында ата-аналарға тікелей көмек және қолдау көрсетілсе;

-жетіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарының жағымды мүмкіндіктерін пайдалану және жасөспірімдермен олардың жағымсыз әсеріне қорғау жұмыстары жүргізілсе;

-сегізіншіден, жасөспірімді жағымды, қоғамдық орталықтардың, ұйымдардың, «Спорттық, мәдени, демалыс, туристік, театр және т.б.» мәдени орындарына белсенділік орын алса;

-тоғызыншыдан, адасып, қате жолға түскен адамдардың тағдыры туралы, деректі фильмдерді ашық көрсетіп, жасөспірімдердің қатысуымен талдау жұмыстары жүргізілсе;

— оныншыдан, жасөспірімнің жас кезеңдеріне сәйкес отбасының тәрбие берудегі ерекшеліктері ескерілсе;

-он біріншіден жасөпірімдердің заңдылықты ұстану, мінез-құлқын қалыптастыру және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Жасөспірім-заң-қауіпсіздік» акцияларды ата-ананың қатысуымен қарастырылса, жасөспірімдерді тәрбиелеуде, қайта тәрбиелеуді болдырмаудың алдын-алу мүмкіндіктерінің бірден-бір ұтымды жолы деп қарастырар едік.

Жалпы қорытындылай келе, тәрбие процесін басқару өте қиын, ол еш уақытта бірқалыпты жағдайда өтпейді. Белгіленген мақсаттан ауытқып кетпеушілікке жол бермеуіміз тиіс, қазіргі кезеңде педагогтарға қояр талапта күшті, міндетте нақты. Сол себептен педагогтың бойында педагогикалық шеберлікпен қатар, міндетті түрде педагогикалық қырағылық әбден қажет. Ұлы славян ғалымы Я.А.Коменский «Егер егістікті отамайтын болса, егіске қауіп төндіретін арам шөп өседі, егер ағаш бұтақтары кесіліп отырылмаса, жабайыланады»- деген пікір айтты. Бұл пікірден мұғалімдер де, оқушылар да бірін-бірі қадірлеп, тәртіптің үлгісін мұғалімнің өзі көрсетіп отыру деген сөз.

Жасөспірім — кең әлемдегі ең пәк, ең таза асыл жан. Оның ойының тазалығы, арының тазалығы, оны қоршаған ортаға байланысты болмақ. Бала осы ортаны қалай қабылдап, танып білсе, оның алдынан кең әлемнің есігі де, солай ашылмақ–деген қанатты сөздерді ұстанып, міндетімізді қайсарлықпен атқарайық дегім келеді!

Аюпова Назым Алиятовна

«Өрлеу»БАҰО» АҚ филиалы ҚР ББЖ ҚБАРИ,

Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.