«Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз; асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды»
Қазыбек би
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біздің басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз», – деп, Қазақстан халқының тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін талдап, саралап, оның ішінде «Қазақстан – 2030» стратегиясының қорытындысын, нәтижелерін, жетістіктерін айтып өткен еді. Дәл қазіргі таңдағы қоғамдық тұрақтылық пен келісімнің арқасында халықаралық аренада таныла бастағанымызды айтқан Елбасы халықтың мерейін өсіріп, бір серпілтіп тастаған еді.
Осы Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі – жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру болғаны баршаға аян. Осыған кеңірек тоқталатын болсақ, дәл қазіргі таңда патриотизмді қалыптастыру мәселесі бұрынғыдан гөрі өткір болып тұрғандай. Себебі жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жолына мемлекет басшылары да ерекше ықылас танытып, көңіл бөліп отырғаны анық. Бұл туралы Елбасының соңғы Жолдауында айтылуы тегін болмаса керек. Жолдаудың жетінші тармағында «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» екені айтылып, Елбасы өз сөзінде: «Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты. Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі», – деп ерекше атап өтті.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі қазақстандық патриотизмге, төзушілікке, биік мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Бұл жастарға этнопедагогикалық негізде білім беріп, патриоттыққа тәрбиелеу ісіне нұсқау әрі оның қажеттілігін айқындайтын бағдарлама деуге болады. Сол сияқты тәрбие тұжырымдамасында тәрбие үдерісін ұйымдастырудың қағидаларында этникалық қағида этникалық мәдениет негізінде жалпы ұлттық мәдениеттің гүлденуіне ықпал жасайтын мәдениет жасаушы ортаны қалыптастыруды, азаматтық келісім жөнінде атап көрсеткен.
Азаматтық-патриоттық, құқықтық және полимәдениеттік тәрбие гуманизмге, қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, оның таңдаулы дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға, азаматтық ұстанымды және патриоттық сананы, қалыптасқан ұлттық өзіндік сананы, ұлт аралық мәдени қарым-қатынасты қалыптастыруы тиіс. Балалар мен жастардың азаматтық патриоттық білім беру ұйымдарында азаматтық құқықтық, патриоттық тәрбие беруде мазмұны мен әдіс-тәсілдер, оқу тәрбие құрылымының өзара іс әрекеттестік негізінде деңгейін көтеру белгіленген. Ондай әрекеттестікті біздің ұлы ойшылдарымыз ертеден-ақ ескеріп, өз ойларын қосқан. Осындай адамның еркін әрекеттесетін мінез-құлқын тәрбиелеуде Әл-Фараби «Әдеттенудің арқасында бізді жақсы мінез-құлыққа жеткізетін әрекеттер жақсы әрекеттер болып табылады. Ол адамның жетілуі оның мінез-құлқының жетілуіне сайма-сай келеді» деген ойы арқылы қазіргі кезде тұлғаның жеке қасиетін, мінез-құлқын қалыптастыруда жақсы әрекеттер қалыптастыру керектігі туралы ой айтады.
Ата-бабаларымыз Отанды қорғауда жан-тәнін аямай, патриотизмнің ең озық үлгісін көрсеткен. Себебі, ол табиғаттан, ұлттық тәрбиеден берілген сезім болатын. Қазыбек би: «Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады. Атадан жаман ұл туса, көшінің соңы болады», – деген. Осындай аталы сөздер ғасырлар бойы халқымызды жігерлендіріп, қанына сіңген қасиетке айналған. Біз әлі де осы қасиеттен ажыраған жоқпыз. Алайда ендігі мәселе ұлттық патриотизм үлгісін жаңа қазақстандық патриотизммен ұштастыру, басқа ұлттарға өзіміздің елімізді, жерімізді, ұлтымызды, мемлекетімізді сыйлауына жол, бағыт көрсету болмақ. Бұл, әрине, құптарлық мәселе.
Жалпы Қазақстанда тұратын халықтардың қазақ халқының ұлттық тарихына деген қызығушылығын дамыту, ұлттық сана-сезімді қалыптастыру оның патриоттық сезімін тәрбиелеуде негізгі бағдар болады. Ал қазақстандық патриотизм Қазақстан азаматының өзін осы елдің төл баласы, нағыз азаматы ретінде сезінгенде, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады. Қазақстанның патриоты дегеніміз:
- Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне ерекше құрметпен қарап, шын ниетімен қадірлеуі.
- Қазақстанда тұратын барлық халықтардың ұлтына қарамай, Отанды қорғауға дайын болуы.
- Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің әскер қатарында болатынына ұлттық патриоттық мақтаныш сезімінің болуы.
- Қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, оның таңдаулы дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға ынталы болуы т.т.
Дәл бүгінгі шақта көтеріліп отырған маңызды мәселелер қатарында жастарды патриоттық сезімге баулып, өсіру өзекті саналады. Қазақстанның кез келген азаматын отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеудің орны бұрын да бөлекше болған, бүгін де маңызын жойған емес. Кез келген елдің дамуы саналы азаматтар қатарының көбеюімен де байланысты. Себебі болашақ – қазақ жастарының қолында. Ал осы жолда тайсалмай, елім үшін деп ерінбей еңбек ететін болсақ, өз үлесімізді қосарымыз анық. Келешекте ел тізгінін қолға алатын жастардың барынша білімді, жан-жақты, білікті болуы қаншалықты маңызды болса, олардың Отанына деген сүйіспеншілігінің мол болуы басты қажеттілік болса керек. Өйткені, елін, жерін сүймеген азамат Отанына адал қызмет ете алатыны күмән тудырады. Ұлтының патриоты болған адам ана тіліне бей-жай қарай алмайды. Ал өз тілінде де, өзге тілдерде де еркін сөйлейтін маман қай кезде де еліне пайда келтіре алатыны анық. Қазіргі тәуелсіздік жағдайында патриоттыққа баулу – айырықша маңызға ие мәселелердің бірі болып отырғаны да сондықтан.
Бір қырынан алғанда көпұлтты Қазақстан үшін ұлтаралық татулықтан асқан маңызды мәселе жоқ шығар. Ел ішіндегі тұрақтылыққа мемлекет тарапынан жете мән берілуі де сондықтан болар. Және ел ішіндегі әлеуметтік құрылымдардың қалыптасып, жұмыс істей бастағаны да көңіл көншіктірерлік жағдай. Осындай ұйымдар мен орталықтардың басты мақсаты да қоғамдағы тұрақтылықты, қоғамдық сананы және ұлттық идеяны қалыптастыруға бағытталып отыр. Осындай маңызды мәселелердің қатарында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту де алдыңғы орында тұрғаны рас. Әсіресе, жастардың арасында мемлекеттік тілді қастерлеу, қазақ тілін жетік меңгеруге бағытталған іс-шаралардың қолға алынғанына да біраз уақыт болып қалды. Алайда межелі нәтижеге қол жеткізу үшін әлі де қыруар шаруаның атқарылуы қажет екені айдан анық. Ал қазақ қазақша білмесе, өз елінің шынайы патриоты болмаса, өзгеге үлгі боламыз, басқаға өзімізді сыйлатамыз деу қисынсыз.
Егер еліміздің болашақ жастарын Отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелейміз десек, ең алдымен, қазақ мәдениеті мен өнеріне, мемлекеттік тілге мән бергеніміз жөн. Біздің қазақта Отаншылдыққа тәрбиелеудің тамыры тереңде, халық ауыз әдебиетінде – мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерінде, ертегілер мен батырлар жырында, терме және халық әндерінде жатқаны ақиқат. Қазақта «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол», «Ер бір өледі, ез мың өледі» деп, жас ұрпақты елін сүюге, намысты таптатпауға тәрбиелеген. Ендігі мақсат осындай ұлағатты да даналы сөздерді елімізді мекен етіп жатқан барлық ұлттар мен ұлыстарға жеткізу, олардың да Отанға деген сүйіспеншілігін ояту болмақ.
Ұлттық тәрбие – адам өмірінің алтын арқауы. Ұлттық тәрбие жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, қайта солармен үндесіп жатады. Бұлар бір-бірін байытып, құнарландырып отырады. Ұлттық тәрбиеден тереңдеп нәр алған адам – рухани бай адам. Ондай адам жалпыадамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бойына тезірек сіңіреді, сөйтіп, толық әрі кәміл Адам дәрежесіне тезірек жетеді. Ұлттық менталитет – тұнып тұрған рухани қазына. Халықтың тілі мен мәдениеті болсын, салт-дәстүрі мен наным-сенімі болсын – мұның бәрі де әрбір халық үшін асыл да қымбатты рухани дүниелер. Этнопедагогика – ұлттық тәрбие негізі деп білеміз. Ал ұлттық тәрбие ғаламдағы құндылықтарды бойына сіңіріп, өз құндылықтарын арттыра береді.
Ұлттық патриотизмді қалыптастыруда ата-бабаларымыздың ұлағатты ойлары мен тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше. Ұлттық патриотизм дегеніміз – ең алдымен, белгілі бір ұлттың өкіліне сүйіспеншілікпен қарау, оның ұрпақтан- ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан құндылықтарын бойына сіңіру.
Мағжан Жұмабаев: «Тәрбиелеудегі мақсат-баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару. …Тәрбиешінің қолданатын жолы- ұлт тәрбиесі.Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан , тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» дей отырып, жастарды тәрбиелегенде ұлт тәрбиесінің негізінде тәрбиелеу арқылы, ұлттық құндылықты бойына сіңіре білгенде ғана, ол рухани бай, сол заманға лайық, елі, Отаны үшін қызмет етуге дайын болып шығатынын көрсетеді. Бұл- келешек ұрпақтың патриот болып шығуы үшін, тәрбиелеуді ұлттық тәрбиеден бастауымыз керектігін көрсетеді.
Патриотизм міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін көрсетеді, өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, қоғамға, ел жұртқа, халыққа қызмет ету үшін биік серпін болып табылады.
Сонымен қорыта келгенде, қазақстандық патриотизм, ол – бүкіл қазақстандықтарға тән. Себебі бізде ортақ Отан, ортақ тарих, ортақ салт-дәстүр, ортақ тіл мен мәдениет. Басқа ұлт өкілдері осыны саналы түрде қабылдауы тиіс. Қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық татулықтың маңыздылығы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тарихи еңбектері толық қамтылып, жазылған. Бұның өзі көп нәрседен хабар берсе керек.
Сөз соңын Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан үзінді келтіре отырып түйіндесек: «2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс».
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақтың мақал-мәтелдері Алма-Ата 1955
- Қазақтың би-шешендері Алматы 1993
- Назарбаев Н.Ә. “Тарих толқынында” Алматы 1999
- Назарбаев Н.Ә. “Қазақстанның болашағы-қоғамның идеялық бірлігінде” Алматы 2000
- Н.Ә. Назарбаевтың жолдауларынан.
Венера Жолмухамбетова
№9 орта мектеп
тарих пәні оқытушысы
Жаңаөзен қаласы