Қараша айында Абай Құнанбаев атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектепте «Шаңырақ» облыстық жобасын іске асыру мақсатында 8 «А», «Ә», «Б» сыныптарында және сынып жетекшілері У.Қ.Сағынтаева, О.Т.Исина, Р.Қ.Нығметованың жетекшілігімен «Жасаумен киіз үйді дайындау» атты мектепшілік іс-шара өткізілді.
Іс-шараның мақсаты: жас ұрпаққа ата-бабаларымыздың тұрмыс тіршілігімен таныстыру. Бұл іс-шарада қазақтың киіз үйінің көшпелі қазақ елі үшін маңызы, тұрмыс-тіршілігіндегі орны туралы ақпараттар беріліп, сонымен қатар, киіз үйдің жинақталуы, жабдықтары көрнекіліктер арқылы таныстырылды. Оқушылар бейнефильмдер, фотоларды көру арқылы халқымыздың өткен өміріне шолу жасады. Қазіргі күндегі қолданысы туралы өз білімдерімен бөлісіп, ой-пікірлерімен алмасты.
Киіз үйге, жалпы отау үйге қатысты Дала заңының ертеден қалыптасқан өз тәртіп-тыйымдары бар. Сабақ барысында оның тәрбиелік мәні түсіндіріліп, бір қатары таныстырылып өтті. Мысалы:
- Киіз үйге қолына қамшы ұстап кіруге болмайды;
- Қазақта ер адамның дұрыс отыруы ретінде «малдас құру»-ға басымдық берілген;
- Күйеуі бар әйел, бәйбіше – ошаққа қарап, оң аяғын астына басып, сол аяғының тізесін бүгіп отырған;
- Салт атты адам киіз үйге артқы жағынан келуі керек және тағы басқалар.
Көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыз жаз – жайлауда, қыс – қыстауда, күз – күзеуде отырған. Отағасы мен ересек ер балалар жайлаудағы төрт түлік малға бас-көз болса, қыстауда қалған кедей-кепшік пішен шауып, егін шаруашылығымен айналысқан. Сондай-ақ, бабаларымыз мал шаруашылығын ғана емес, сөз өнері мен қол өнерін де шебер меңгеріп, қайыстан таспа тіліп, ағаштан түйме түйген. Қазақ – адам баласының өмірге келгеннен, өмірден өткенге шейінгі уақыт аралығын асқан даналықпен жіктеп, рухани-философиялық баға берген, ұлан-ғайыр жері, тағлымды тарихы, сәулелі салт-дәстүрі, өзіне ғана тән бай ұлттық педагогикасы бар дана халық. Қай заманда болмасын, «отау», «шаңырақ» ұғымдары – қастерлі, киелі деп саналған. Киіз үй – ата-бабаларымыздың бізге мирас боп қалған теңдесі жоқ асыл мұрасы. Ол биік таным мен тектіліктің таңғажайып эталоны ретінде зор құрметке лайық!
Іс-шара барысында қазақтың қасиетті киіз үйі төл мәдениетіміздің дара көрінісі ретінде дәріптелді. Оқушылар келтірілген әр мәліметті қызыға қабылдады.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» баяндамасы шеңберінде жүзеге асқан бұл жиын жасөспірімдерді ұлттық мұраға құрметпен қарап, төл құндылықтарымызды терең түйсінуге шақырды.
НЫГМЕТОВА Рымкуль Камидоллаевна,
Екібастұз қаласы,
Абай Құнанбаев атындағы
№2 жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі
Павлодар облысы