Home » Жаңалықтар » Жасанды серік жасөспірімдер жанарымен

Жасанды серік жасөспірімдер жанарымен

Ағымдағы жылдың 2-ақпанында Астанадағы Елбасы кітапханасының Мұражайында «Жердің алғашқы жасанды серігінің ұшырылуы Байқоңыр балаларының көзімен» атты балалар суреттері көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Аталмыш шара Жердің алғашқы жасанды серігінің ұшырылуына 60 жыл толуына орай ауқымды акцияның нәтижесінде жүзеге асырылған.

Аталмыш акцияны былтыр Байқоңыр ғарыш айлағының негізін қалаған Г.Шубников атындағы №1 орта мектеп оқушылары бастаған болатын. Оны Қазақстан Республикасына қарасты Байқоңыр қаласындағы білім беру мекемелерінің оқушылары қолдап, нәтижесінде байқоңырлық оқушылар 5 мыңнан астам сурет дайындаған.

Кейіннен бір мезгілде екі құқықтық негізде қызмет ететін «Байқоңыр» кешенінің айрықша мәртебесін ескере келе, балалар өз шығармаларын Қазақстан және Ресей Президенттеріне жолдауға шешім қабылдайды.

«Мен ең алдымен аталмыш №1 орта мектеп басшылығына ризашылық танытамын. Осынау бастаманы алғаш көтерген ұжымның оқушылары бүгінде әлем назарын өздеріне жалт қаратқандай. Біріншілік ұғымы алғашқы жеңістермен сабақтас болып табылады. Бүгінде жас бүлдіршіндердің ол шығармалары Мәскеудегі Ресей Федерациясының Қоғамдық палатасында көрсетілмек. Президент В.Путиннің атына жолданған 500-ге тарта суреттер көрме қонақтарының қызығушылығын арттырады деген сенімдеміз» дейді Елбасы кітапханасының музейі директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов.

Көрменің ашылу салтанатына балалар көркемөнер мектебі – ЮНЕСКО клубының директоры Гүлзия Исенова және Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.

Көрме бес мың суреттің ішінен іріктеліп алынып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа 200 сурет топтамасы жіберілді.

Балалардың барлық шығармалары «Балалық шақтан көзқарас» жобасы аясында Астана қаласындағы Елбасы кітапханасының Музейінде өткізілетін көркемсурет көрмесінде қалың қауымға ұсынылды.

Суреттердің бір бөлігі бұрын РФ президенті В.Путинге де жіберілген. Сондай-ақ ғарыштың кішкентай жанашырлары салған сурет РФ Мемлекеттік думасының депутаттары: Геннадий Зюганов, Максим Сураев, Денис Кравченко, Оксана Пушкина, Алексей Русских және Александр Максимовке де табыс етілді.

21 желтоқсанда суреттер РФ Қоғамдық палатасында көрмеге қойылды. Жуырда Байқоңыр елшілерінің қатарына қосылған РФ Білім, ғылым министрлігінің қызметкері Вера Тятенкованың бастамасымен ұйымдастырылған көрме бір айға жалғасады.

«Жердің алғашқы жасанды серігінің ұшырылуы Байқоңыр балаларының көзімен» көрмесі 2018 жылдың 18 ақпанына дейін жалғасатын болады.

 

Гүлжазира ЕРТАСОВА,
«Білім айнасы»,
Астана

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.