«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күштi қанатты
Мен жастарға сенемiн!» — деп Мағжан ақын айтқандай, құмарың қанбайтын, жігеріңді қомдайтын, талаптыны қолдайтын, дарыныңды шыңдайтын күн туды, қазақ! Келешектің күні енді тек біз үшін жанбақ жас дос ! Кең байтақ қазағымның, дархан даламның мақтаныштары болатын, жарқын еліміздің шамшырақтары жас мамандарымыз. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни біздерге бұйырған бақыт деп ойлаймын. Ата-бабаларымыз болашақ ұрпақ үшін ақтық демі қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Қазақ даласы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен және сол жолда зор құрбандықтарға душар болып, өз тәуелсіздігін жеңіп алды. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де жастардың мойнында .
«Өткеннің өнегесі – бүгінгінің
баға жетпес байлығы» деп елбасымыз Қазақ жастарына, білімді де білікті тұлғаларына үлкен үмітпен қарай отырып, сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Қайта келмес жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты деген болатын. Осыған орай ұлт болашағы үшін жасалған ұтымды жобалардың бірі дипломмен ауылға бағдарламасы болатын болса , ал биыл Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек деп Елбасы жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы болып бекітілді. Жарқын болашақ жастардың қолында. Бұл – біздің мойнымызға артылған үлкен жүк. Оны түсіну бар да, түйсіну бар. Болашақ туралы ойлану бар да, әрекет қылу бар. Әркім – өз өмірінің суретшісі. Сондықтан да әр тұлға өз болашағын өзінше керемет етіп суреттейді. Азаттықтың ақ таңы атты! Күні ертең тарихтың бетіне жазылар өтпелі бүгіннің көшіне, үміт еткен жастар, біз шықтық. Бүгінгі біздің ісіміз болашақтың бастауына айналмақ.
Сондықтан да жас дос Тәуелсіз Қазақстанның көгіне жарқырап шығып күн болайық! Нұрымызды, сәулемізді айбынды Қазақ еліне таратайық! Келешек үшін бірігіп іс қылайық! Өйткені еліміздің болашағы біздің қолымызда!
Бекмаханова Ботагөз Маратқызы
Білім айнасы