Мақсаты: оқушылардың шыдамсыз, ашуланшақтық сезімдерін басу, бір-біріне сенімділіктерін, жақындықтарын арттыру. Қарым-қатынас деңгейлерін жетілдіру. Көңіл-күйлерін көтеру.
Оқушылар үстел басында отырып сұрақ-жауап ретінде әңгімелесу өткізіледі.
Барысы: оқушылардың көбінесе неден шаршайтынын білу үшін төмендегі сұрақтар қойылады, талданады.
- Сен көбінесе неден шаршайсың?
- Ойдың, яғни мидың шаршауы басым ба, әлде дене шаршауы ма?
- Ашуланшақтықты басу үшін сен қандай әдістерді қолданасың?
- Дене жаттығуларын жасайсың ба? Қай кезде?
- Спорттың қай түрімен шұғылданасың?
- Өз-өзіңді қалай ұстауға болады?
- Тез тіл табыса аласың ба?
- Құрдастарыңмен қарым-қатынастарың қандай?
- Сынып ұйымшыл ма?
- Ұйымшыл сынып болу үшін не істеу керек?
Психологтың кеңесі
Қиындықтан қалай арылуға болады?
- Өзіңізді ойландыратын мәселелерге қайталап соқпауға тырысыңыз. Өмірдің үйреншікті ырғағына түспеңіз, бірақ шаршамаңыз.
- Көңіл-күйіңіздің қолайсыз сәттерінде, сіздің өміріңізде болған қуанышты және жағымды кездерді, сол бір бақытты уақыттардың кішкене бөліктеріне дейін еске алу. Қолайлы жағдайларды қайтадан бастан өткізгендей сезіну пайдалы.
- Көбінесе қиындыққа себепкер болатын- жыл мезгілі. Мысалы, көптеген адамдар үшін көктем айы – психологиялық қатынастың ең қиын кезеңі. Бұл мезгілде шаршауға, өзіңізге «көптеген істерді» жүктеуге болмайды. Таза ауадағы серуен, дұрыс ұйқы, жақсы әуен, достармен әңгіме, спорт көмек бере алады.
- Сіздің көңіл-күйіңіздің нашар болуының себебі неде екенін түсінуге тырысыңыз. Мүмкін, бұл белгілі адамдармен таласта, жеке басыңыздың шешілмеген мәселелеріне, шаршауыңызға немесе көп уақытқа созылған стреске байланысты болар.
- Ең бастысы: ашу кезінде маңызды шешімдерді қабылдамаңыз. Бұл мезетте көптеген мәселелер бұрмаланған қалыпта қабылданады. Адам қызбалықпен әрекет жасауы мүмкін. Ол туралы соңынан өкініп, немесе өзінің қате жібергенін, кінәсі бар екенін сезінуі мүмкін.
Адам бойындағы қысымды, ашуланшақты түсіретін жаттығулар.
А) Бойыңыздағы барлық шаршағандықты жою, күш жинау үшін далада 5-10 минут серуеңдеңіз.
Ә) 5-10 минут бойына баспалдақпен жоғары шығып, төмен түсіңіз.
Б) Орындықта отырып, арқаңызды түзеп, қолыңызды бос ұстаңыз. Бір иықты көтеріп, баяу артқа жіберіңіз. Содан кейін иығыңыздағы ауырлықты түсіріп, иығыңызды босаңдатыңыз. ( Бұл жаттығуды әр иық үшін 10 рет істеңіз)
«Мағыналы күлкі».
Бір-бірімізге күлкі сыйлап көрелік. Амандасуды мейірімді күлкімен бастау керек. Жаныңыздағы әріптесіңізге, құрбыңызға жақсы сөздер айтыңыз. Мейіріммен күліңіз. Енді өзіңіздің сезіміңізге көңіл аударыңыз. Күлген сәтте қандай күйде болдыңыз? Күлкінің әсері бар ма? Егер сізге біреу арнайы жымиса ше? Қиындықты күлкімен жеңе аласыз ба?
Кері байланыс. Кері байланыс жасау. Не ұнады? Не ұнамады? Қандай жаттығуды орындау қиынға түсті?
Ордабаева Жанар Бейсенбаевна
№25 жалпы орта білім беру мектебінің
педагог-психологі
Павлодар қаласы