Home » Мақалалар » Жарасбай Сүлейменов – журналист, публицист, қаламгер

Жарасбай Сүлейменов – журналист, публицист, қаламгер

Жақсаң да эфир алауын,

Жүректің тыңдап қалауын,

Газетке қайтып оралдың,

Желбіреп асқақ жалауың!

К.Мұсырман

 

70 жылдық тарихтың бастауы қарапайым шопан,  тракторшы қызметтен ақырын жылжып, қоғам қайраткері, публицист, журналист, жазушы, қаламгер, ұстаз деген сан қырлы атақтың иесіне қажырлы еңбегімен жетті.

Ж.Қ.Сүлейменов әскери міндетін өтеген соң Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетіне кіші әдеби қызметкер болып орналасып, жылдар өте әдеби қызметкер, тілші, бөлім меңгерушісі міндеттерін атқарады. Яғни, қоғамда болып жатқан ірілі-ұсақты саяси-әлеуметтік мәселелерді көтере білуде осылай өмір мектебінен өте жүріп, қалтарысты қалт жібермейтін от тілді, орақ ауызды журналист бола алды. Журналистика саласында 40 жылдан артық қызмет еткен Жарасбай Қабдоллаұлы облыстық радиожурналистиканың, тележурналистиканың дамуына үлкен үлес қосқан бірден-бір журналист.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Журналистика» кафедрасының ұйымдастыруымен Жарасбай Қабдоллаұлы Сүлейменовтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Журналист. Қайраткер. Қаламгер» тақырыбында  дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелді М.Қозбаев атындағы СҚМУ-дың ғылым және инновациялар жөніндегі проректор т.ғ.д. Ыбыраева Ақмарал Ғосманқызы жүргізді.

Алғашқы сөз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимовке берілді. «Қоғам қайраткері туралы сөз» деген тақырыпта Жарасбай Сүлейменовтің қызметтегі әр ісін санамалап, туған елі, халқы үшін атқарған қызметтеріне баға берді. Журналистің телеарна саласында жұмыс жасаған жылдарындағы «Ойқамшы», «Тағдыр» сияқты бағдарламаларының тақырыбының ерекшелігіне тоқталып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып жүрген кезіндегі ел жүрегінен жол тапқап «Мылтықсыз майдан немесе Қызылжар үшін қиын күрес» мақаласына ерекше тоқталып, қоғамдағы орнын осыдан артық қалай айтуға болады, деп тұжырымдады.

Елбасымыздың мақаласында ұлы даланың жаңа есімдерімен жастарды құлақтандырып, олардың бойына рухани байлық пен ерлікті дәріптеп жеткізу керек деген еді. Ұлы даланың тағы бір қыры Ж.Сүлейменов шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау болып отыр.

Шындықты іздеп, тынбадың,

Шарболат мінез шыңдадың.

Майысқан жоқсың еш жерде,

Ешқашан да шорт сынбадың!,-

деп әріптес інісі қазіргі күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман айтқан екен.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың профессоры, ф.ғ.д Табакова Зинаида Петровна «Деятель с душой писателя» деген тақырыпта баяндама оқып, әр шығармасына ерекше ықыласпен тоқталды.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі профессор, ф.ғк. Қадыров Жанбай Тұрарұлы «Жарасбай Сүлейменовтің көркем шығармашылығы» деген тақырыпта баяндама жасады.

Жарасбай Сүлейменовтің достары, әріптестері, шәкірттері, бауырлары жақсы лебіздерін білдіріп, «жігітке жеті өнер аз» дейтін қазақ сөзін дәлелдей түсті.

Мысалы, Әділдікті мәңгі-бақи жыр еткен,

«Шындық» дейтін шыңды биік күзеткен.

Құтты болсын, Жарас аға, ұлы той,

Келдік біздер аппақ көңіл, ниетпен, — деп Нұрсайын Шәріп әріптесі ағынан жарылып, ақтарыла сөйледі. Аға буынға ағамыздың әр қадамы, әр ісі үлгі-өнеге екенін айтты.

Әділдікті ту еткен, шындықты шырылдап айтатын қаламгер журналистке айтылған ақ тілек көп болды. Сол айтылған алғыстардың ұлысы бүгінгі таңда бар білгенін ұрпағына үйретіп жүрген ұлағаттың иесі Жарасбай Сүлейменовке М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың құрметті профессоры атағының берілуі болды. Мұндай құрметке құрметті адам ғана жететінін білеміз!

 

Көкбасқызы Жазира
«Білім айнасы»
СҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.