Ақын емен, көрмекшімін сөз түзіп,
Өз жанымның қалауына көз сүзіп.
«Білім – теңіз, мектеп — кеме», білесіз?!
Сол кемемен мен де келем бір жүзіп.
Жан қалауым, бар қалауым – ұстаздық.
Ізгілік пен парасатты ұстамдық.
«Білім» атты шыңға шығып шәкіртпен,
Мәңгілікке әнге айналған құштарлық.
Ұстаздықты таңдап едім, жан қалап,
Жұмсамаққа күш пен қуат, зор талап.
Әкем салған сара жолдан тайқымай,
Ұлағаттың жүгін бірге арқалап.
Мұратына жетсе, кетер құлпырып,
Ұстаздарды ғылым, білім құлпы ғып.
Керек еткен кілтін салып ашатын,
Алла оны жаратқан ғой мықты ғып.
Таусылмайтын жазулардан бас алмай.
Қоғамдағы жұмыстардан тыс қалмай,
Жас ұрпақтың зейінін аша дамытып,
Үйретеді ұшуды талмай самғай.
Ұстаз елге әрдайым пана болған.
Сауатсыздық жоюда сана болған.
Әуелі, ел басқарған ағаларым,
Ұстаз алдын көргеннен дана болған.
Мақсатына жеткенін көзбен көріп,
«Мұғалім бол!» дейтұғын сөзбен өріп.
Арқа қағып, шабыт бере қолпаштай,
Үлкен разы болатын бата беріп.
Оны көрсек, шықпайтынбыз селтеңдеп,
Қатарласа жүрмейтінбіз кердеңдеп.
Қазіргі жас тыңдамайды ұстазды,
Мейлі, қазір айналса да жер мен көк.
«Ұстазды шәкірт тек сыйлауға хақылы!»
Деген жалғыз қадиға бар болатын.
Оны бұзған, қоқиланған «батырды»,
Үйдегілер бірден жөнге салатын.
Қарсы келмей, сыйлайтұғын тік тұрып,
Айтатұғын ұлылығын ұқтырып,
Сол кездегі қадір, құрмет қайда екен?
Күйе жағып, жала жауып ұттырып.
Шәкірт шықса биікке көңілі толып,
Қуанады балаша риза болып.
Алғыс айтсақ, ұстазға жетіп жатыр,
Анық басып жүретін, бәрін шолып.
Ешкім де өрге шықпас, өзін мақтап,
Жаратпайды ұстазды кетсең даттап.
Алып шығар межеден Абайша айтсам:
«Еңбегі мен ақылы екі жақтап!».
Міне, менің жан қалауым осындай,
Кім сұраса, жауап берем тосылмай.
Еккенін елеп, атын оның ардақтап,
Жүрсе екен кім болса да басынбай!
Мәртебенің тұлпарына нық мініп,
Жарысқа түс оза шауып, қақ тіліп.
Ізет пенен қошеметке бөленіп,
Әріптесім, мерекеңде тұр күліп!
Төлеубаева Жанна Дәрібайқызы
№25 жалпы орта білім беру мектебінің
жоғары санатты
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Павлодар қаласы