Жаныңда жүр жақсы адам
Кез-келген мекеменің жұмысы басшысының қандай екенінен хабар беріп тұрады. Басқарушы қандай болса, ұжым да сондай болатыны бесенеден белгілі. Кез-келген басшы қызметкерлерінің барлығы өзіне қарап тіктелетінін, түзелетінін жақсы біледі. Сондықтан да олар өзгелерге қарағанда екі есе ауыр жүкті көтеруге мәжбүр. Басшылық жолда он жылға жуық қызмет етіп келе жатқан, бүлдіршіндердің екінші анасы, қызметкерлердің сыйластығына бөленген Алматы облысы, Сарқан ауданы, Екіаша ауылындағы «Балдәурен» балабақшасының меңгерушісі Светлана Ахуалқызы Исаханова бүгінгі мақаламның басты кейіпкері.
Светлана Ахуалқызы Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, биология факультетін бітірген. Осылайша, бас кейіпкеріміз бала кездегі мақсатына қол жеткізіп, ұстаздық жолда 37 жыл бойы қызмет етіп келеді. «Төзімділік пен шыдамдылықты талап ететін ұстаздық жолды таңдауыңызға не түрткі болды?» деген сұрағымызға балабақша меңгерушісі: «балаларға деген шексіз махаббатымнан» деп жауап берді. Бүлдіршіндердің былдырлаған тілдері, тәтті қылықтары жалпы кішкентай періштелерді жанына жақын тартатыны меңгерушінің көзінен-ақ көрініп тұрды. Жаны таза бүлдіршіндер жайлы сөз болғанда, олардың таусылмас қызығын айтып, жас баладай алаңсыз күліп те алды. «Олармен мен де бала сияқты бірге ойнап, бірге күлгенді, бірге уақыт өткізгенді жақсы көремін», – деп бүлдіршіндерге деген махббатын дәлелдей түскісі келді. Бір топ кішкентайлардың анасы кез-келген педагогтың бойында ең алдымен мейірімділік болу керек дегенді қадап айтты. Бар баланың жауапкершілігін өзіне алған кез-келеген жан алдымен жауапты, өз ісіне тиянақты, жолында кездескен қиындықтар мен кедергілерге шыдамдылық таныта алатындай қасиеттерге ие болуы керек. Сонымен бірге бала жанына тереңінен үңіліп, оған түсіністік таныта білу де педагогқа тән қасиеттердің бірі екендігін тілге тиек етті.
Бас педагогтың сөзінен позитивтілікті, толассыз энергияны байқауға болады. Ауыл ішіндегі іс-шараларда үнемі топ жарып, алда жүретіндерін қабырғада қаздай тізілген мақтау қағаздары мен дипломдар хабарлап тұрғандай болды. Елуді еңсеріп, алпыстың ауылына жақындаса да бала сияқты көңілін кір шалмаған, ақ жүрегіне дақ түсірмеген. Көзінде от, жүрегінде жігер байқалған жаннан осыншалықты күш-қуат пен жалын қайдан келеді дегенде: «бастысы, өзің жана білсең, өзгенің шамшырағын жағуға қауқарың әбден жетеді» дегенді айтты. Бір орында тоқтамай өзін үздіксіз жетелдіріп отыратынын да куәсі болдық. Үстелінде шашылған газеттер мен салалық журналдар соның дәлелі болды. «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деген ұранды басшылыққа алатын Светлана Ахуалқызы білмеген нәрсесін сұраудан еш қысылмайтынын жеткізді. Үйренер дүниесі болса, жасы кішілердің де көмегіне жүгінуден еш қысылмаймын деді.
Кез-келген әйел жұмыста сөзін жүргізіп отырған қатал басшы болса да, отбасында сүйікті жар, аяулы ана, ардақты әже. Екі жақтың жұмысын қатар алып жүрген бүгінгі кейіпкеріміз барша жанға үлгі болары сөзсіз. Өз перзенттерінің тәртібі мен тәрбиесі орнықты болмаса, ауыл жұрты балдырғандарын бұл кісіге сеніп тапсырмас та еді. Отбасының түтінін түзу шығарып отырған Светлана Ахуалқызының екінші үйінде де темірдей тәртіп орнағанын табалдырықтан аттағаннан-ақ байқауға болады.
1997 жылы жекенің қолына өткен «Балдәурен »балабақшасы он жылға жуық қаңырап бос тұрған. Кейін мемлекет меншігіне өтіп, 2008 жылы тұрғындарға өз есігін айқара ашты. Әуелгі кезде 4 топ болса, қазір бақшада 6 топ, 120 бүлдіршін тәрбиеленуде. 120 бала 17 педагогтың қарауында. Оның ішінде музыка жетекшілері мен ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдері де бар. Үш жыл бойы экология негіздері бойынша жұмыс істеген балабақша ұжымы, биыл жаңа бағыт алды. Алдағы уақытта педагогтар бүлдіршіндердің шығармашылық қабілеттерін театр түрлерін қолдану арқылы дамытатын болады. 2018 жылдағы басты жоспар – балабақшаның 10 жылдық мерейтойын атқару.
Мекеме қызметкерлері балабақшаның кез-келген жеңісі мен жетістігін Светлана Ахуалқызымен етене байланыстырады. Өйткені, әрбір үлкен істің артында сол кісінің ерен еңбегі жатыр деп біледі. Уақытын жұмсақ жерде өткізуден гөрі бүлдіршіндермен көп болғанды жаны қалайтын басшы – біз үшін кез-келген мекеменің бағы. Бүгінгі кейіпкеріміз аудан көлемінде де, облыс көлемінде де лайықты деңгейде бағаланып, марапаттар мен қошеметтерге де ие болып жүр. «Алатынымнан беретінім көп болса» деген тұжырымды ұстанатын білікті басшының еңбегіне табыс тілеп, масаттанып қайттық. Еліміздің болашағын тәрбиелеп жатқан бала жанының бағбандары аман болсын!
Назира ҚАСЫМБЕК