Ақырын жүріп,анық бас
Еңбегін кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға. Абай атамыздың өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Адамды жақсылыққа жетелейтін жақсы қасиеттермен әрбір жақсы істің шапағаты. Мұғалім — мамандық, ұстаздық-қасиет. Яғни, ұстаз болу бойындағы қасиеттердің бірі. Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар ғұмырын осы салаға арнаған, ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артық етпейді. Мұғалімдік қызығы мен қиындығы қатар жүрер, мол еңбекті, үлкен шыдамдықты талап ететін қызмет. Қай заманда да «ұстаз»- құрметті орындардың төрінен табылады. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған- Аққулы ауданы Аққулы ауылының Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі және аудан көлемінде «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үлестіруші үйлестірушісі Жиеналина Гүлбарам Жақыпбекқызы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады.
Себебі ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Гүлбарам апамыздай ұстаздың өмірі – болашақ үшін үлкен өнеге. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» дегендей, уақытпен санаспай шәкіртерінің болашағы үшін аянбай жұмыс жасап, жаңа заманның адамын тәрбиелеп жатқан ұлағатты ұстаздың бірі. Білімін, біліктілігін арттырып, үнемі ізденіс үстінде жүретін маман иесі. Үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманын, білім шынына жетелеп, асқақ армандарына жол ашатын ардақты жан. Оларды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие бойына жақсы қасиеттерді дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беріп, келе жатқан еңбекқор жанның бірі. Білгенің, үйренгеннің аямай, өз әріптестерімен бөлісіп, ортаға салып, пікір алмасып отырады. Мамандықтың шынайы иесі десек артық болмас.
Білімді, тәжірибелі ұлағатты ұстаз, білікті маман, аяулы ана, немерелеріне сүйікті әже, достыққа адал, шәкіртіне сыйлы, әріптестер арасында еңбегімен алған өз орны бар, жанашылдыққа жаңы құмар жан. Талай шәкіртеріне білім дарытқан ұлағатты ұстаз өзінің өнегелі еңбек жолында көптеген белестерді бағындырды. 2004 жылы мектебімізде «Ұлан» ұйымы құрылып авторлық бағдарламасы облыс көлемінде таратылған болатын. 2010 жылы «Өзін-өзі тану» адамгершілік рухани білім беру курсын ұйымдатырудағы ғылыми әдістемелік бағдарлар жинағына, еңбегі енді. 2011 жылы С.А.Назарбаеваның 70 жылдық мерейтойына арналған эссе конкурсында — 2 дәрежелі дипломмен, 2011 жылы «Үздік балалар бірлестік ұйымының Мадақтау қағазымен, «Парад проектов» конкурсына ІІ дәрежелі Дипломмен, 2011ж ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2013 жылы «Менің ұйымым» атты сайыста облыс көлемінде І орын, 2013 жылы республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» ұйымының бірінші жинағына «Білім берудегі инновациялық процестер» жинағына енді (Астана-2003ж). 2013 жылы облыстық педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында облыс мұғалімдерімен өз тәжірибесімен бөлісті. 2013 жылы І Республикалық педагогикалық оқулардың кезеңінде І орын алды, және облыстық Дипломант атанса, 2014ж «XIV Сәтбаев оқулары» атты халықаралық коференциясының Серификатын алды. 2015 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының Алғыс хат және «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаттымен марапатталды. 2015 жылы «Өзін-өзі тану» курсы бағдарламасының авторы, 2015 жылы «Болашақ бүгіннен басталады» VII облыстық құрылтайдың, 2016 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің «Жас ұлан ұйымының, «Балдәурен» орталығының Алғыс хаттарына иеленді. 2017 жылы Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» Қазақстан Республикалық білім беру жүйесінің үздік қызметкерлері жинағына енді. (Алматы-2018ж). Республикалық оқыту және дамыту орталығының І, ІІ орын иегері, Л.Е.Гумилев университетінің ұстаздар арасында республика көлемінде шебер сынып көрсетті. Облыстық «Нұр-Отан» партиясының және Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Алғыс хатына иеленді. Осы 2019 жылы республикалық деңгейде облыс аясында өткізілген семинарда аудан «Жас Ұлан» ББЖҰ-ның әдіскері Г.Ж. Жиеналина биік деңгейде өз тәжірибесімен бөлісті. Облыстық оқушылар сарайының «Жас Ұлан» ББЖҰ-ның аймақтық хатшысы Сулейменова Самал Сағатқызы өз пікірін айтып, 27 мамырда Астана қаласында өкізілетін халықаралық конференциясында шебер сынып өткізуіне Г.Ж.Жақыпбекқызына ұсыныс жасады. Келген әртүрлі саладағы жетекшілер Г.Ж.Жиеналинаның жұмысын жоғары бағамен бағалап, жылы лебіздерімен ризашылығын білдірді. Жақында облыстық «Жыл әдіскері — 2019ж» байқауында Гран-при иегері атанып, облыс атынан республикаға жолдама алған болатын. Айта берсек, жеткен жетістіктері мен сіңірген еңбегі қаншалықты көп болса да, үнемі қарапайым қалпын сақтаған шебер ұстаз, қашан көрсекте жарқын жүзімен күлімдеп қарайтын-осындай керемет, асыл жан. Өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуат салуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейтіні, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды, адамға тән қасиет. Әр баланың жан-дүниесін танып білуі, әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының дұрыс жолға сала білетін шебер маман иесі. Ардақты ұстаз еңбегі еленіп, бұл күнде республикалық, облыстық білім басқармасының және аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Көп жылғы еңбегінің жемісі мен жеңісін көру – ол да бір ғанибет. Өзі білім берген көптеген шәкірттері бұл күнде еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп, ел құрметіне бөленуде. Оқушылары жоғары оқу орындарын үздік бітіріп, әр түрлі салада еңбектенуде. Еңбегің жанды деген осы емес пе?! Ендеше, осындай жанымызда жүрген жақсы адамдардың қадірін біліп, құрметтеп, сыйлап жүрейік. Әрбір адамның қасында жақсы жанның жүруін тілеймін.
Сандуғаш Айтпайқызы Бикенева,
Павлодар облысы Аққулы ауданы
Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінің
даярлық тобының мұғалімі