Биыл «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам!» деп жырлап, небары 27 жыл ғұмыр кешсе де, өлмейтін өлең, өшпейтін із қалдырған Алаш арысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы. Осыған орай, Павлодар облысы, Ақсу қаласы гимназия қабырғасында «Тілдер үштұғырлығы» шеңберінде «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты үш тілде өткен әдеби кеш ұйымдастырылды.
Тың жол, айқын мақсат үшін ғылымды үйренуді өзіне мақсат тұтқан ақын өмірінен әдемі көрініс ана тілінде қойылды. Қойылымда туған жерін сағынып келген ақынды елі ыстық құшақпен қарсы алуы, ондағы талғаммен таңдап алынған әуен, Сұлтанмахмұт ақынды сомдаған 8 сынып оқушылары Жомарттың қанаттана сөйлеген сөздері, Асхаттың мәнерлеп оқыған «Алаш ұраны» өлеңі сол бір кезді көз алдымыздан өткізгендей болды.
Ағылшын тіліндегі ақын өмірбаяны, Жаңа өкіметке тілектестік білдірген, оның елдегі шараларына қатысқан ақын өмірінің бір белгілерін орыс тіліндегі өлеңдер арқылы жеткізді. Ол да бір шағын көрініспен берілді. Ақынға арнау өлең айтылып, ән шырқалып, би биленді. Оркестрдің күйі де төгілді.
Сұлтанмахмұт өзінің ана тілін қадірледі, соның барлық ерекше қасиеттерін танып білді.
«Сүйемін туған тілді, анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін» — деп, халқының асыл мұрасын бойына сіңіріп, жақсылығын мақтан еткен ақынға арналған бұл әдеби кештің маңызы зор, әрі кешке қатысқан оқушылар мен көрермен- дерінің есінде көпке дейін сақталатынына сенімдімін.
Бізге рухани азық сыйлаған осы кешті ұйымдастырушы ұстаздарға және оған қатысып, атсалысқан өнерлі оқушыларға шығармашылық табыстар тілеймін.
Қабыкен Іңкәр,
Ақсу қаласының дарынды
балаларға арналған мамандандырылған гимназиясы