«Баланың бақыты ұстаздың қолында» — деп Л. Толстой айтпақшы, бүгін Алматы қаласы Жетісу ауданы М. Жұмабаев атындағы № 137 жалпы білім беретін мектептің талапты тәлімгерімен тілдесім қайттым. Еркін сөйлесу үшін жеке кабинетке бас сұқтық. «Қош келдіңіз, құлағым сізде» деп мейірлене жауап берген мұғалімді алғаш көруім. Есімі — Калиякбарова Алма.
1970 жылы Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылында дүниеге келген. Бала күнінен қуыршақтарды бірқатар отырғызып қойып мұғалім болып ойнайтын Калиякбарова Алманың жүйрік қиялы мақсатына жеткізді. 1992 жылы химия-биология пәні бойынша Абай атындағы Еңбек Қызыл ту орденді Мемлекеттік Педагогикалық университетін үздік бітірді.
Бүгінде 21 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санаттағы ұстаз. 21 жыл аз уақыт емес. Содан ойымдағы сұрақты сап еткізіп: «21 ғасыр. Қазіргі жастар қағаз жұмысынан қашады, ал сіздегі қағаз жұмысына деген құмарлық қайдан келді?»-дедім. «Сұрағыңыз көңіліме қонып отыр» деп ойын ортаға салды. «Мен қағаз жазғанды өте жақсы көремін. Қазіргі таңда ақпараттық технологияға көштік. Бірақ біздің кезімізде бұл система болған жоқ. Тіпті пән кабинеттеріне арналған қажетті құралды қолмен жасайтынмын. Керек болса сызу да сызатынбыз. Сол себепті жазу жазған ұнайды», — деді. Оқушының өмір қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын Алма Калиякбарова білім беру мен тәрбие осыдан кейін тұратынын айтты. Баланың жүрегінен орын алуға ықпал етіп, онымен дос болып сөйлесе алатын ұстаздың адамды баурап алатын қасиеті барын байқадым. Құрғақ сөзбен сабақ өткізгісі келмейтін ұстаз тәжірибе бөліскенде мысал келтіре отырып жұмыс жүргізетіні эмоциясынан білініп отырды. Армандарының жетелеуімен жеткен жетістіктерін де ақтарылып айтып берді. Соған тоқтала өтейін:
2009 жылы «Химия пәнінен дәстүрлі емес сабақ түрлері» атты кітапшасы жарық көрді.
2010 жылы Алматы қаласының білім басқармасы,білім беру жүйесі мамандарының біліктілігін көтеру және қайта даярлау институтының мадақтамасын;
2011 жылы Жетісу аудандық «Ең үздік химия мұғалімі» байқауының I-орын иегері;
2011-жылы Жетісу аудандық білім бөлімінің мақтау қағазы;
2011-жылы Жетісу аудандық Кәсіподақ ұйымының алғыс хаты;
2012 жылы шығармашылық жетістіктері үшін мақтау қағаз;
2013 жылы «Нұр Отан»партиясы Жетісу аудандық филиалының алғыс хаты;
Сонымен қатар оқушылары аудандық, қалалық пән олимпиасының жүлдегерлері. Шебер ұйымдастырушының оқу процесінде өткізген ашық сабақтарының әрқайсысы қайталанбайтын, әрі қызықты тақырыптар талқыланатын. 2010-2011 оқу жылында Садық Айдана, 2012-2013 оқу жылында Айтқазинова Диана есімді білімгерлері аудандық олимпиада да алдыңғы қатардан көрініп, жеңіске жетті. Барлық ізгі қадір-қасиеті көзінен көрініп тұратын Алма Калиякбарованың шәкірттеріне деген ерекше ілтипаты елең еткізеді.
Бұрынғы кезі туралы, қызықты кезеңі туралы сұрадым. Тіл ұшында тұрған сәтін бірден сипаттап берді: «Ең алғаш жас маман боп келген жылы оқушылардың өзі бізді сынайтын. Ауылмен салыстырғанда қаланың қағидасы жер мен көктей. Маған жоғары сыныпты берді. Есікті ашып бөліп берген классқа кіргенім сол еді, бір нәрсе тарс етіп құлады. Ештеңеге мән бермегендей болдым да, оқушылардың сынағысы келгенін түсіндім. Есікке тіреп қойған еден жуғышты (шлавра) жерден алдым да, бұрышқа қоя салдым. Ары қарай сабағымды жалғастыра бердім. Бір уақытта балалар жәйлап шыбынның дыбысын шығара бастады. Біреуі бастаса, қалғаны қоштайды. Содан мен «Балалар, қазір күз айы, шыбын-шіркейдің кеткен уақыты. Бізге шыбын-шіркей қаптап кеткен бе? Кеше терезені жабуды еден жуатын апай ұмытып кеткен болар. Онда есікті ашып қояйын, шыбындар шығып кетсін» дедім. Солай орнымнан тұрып есікті аштым. Балалар тым-тырыс болып қалды. Ары-қарай сабағымды жалғастыра бердім. Бір кезде бір оқушы тұрып: «Апай, есікті жауып қойсам бола ма?»- деді. «Жоқ, шыбындардың бәрі шығып кетсін деп күтіп отырмын. Шықсын, сосын есікті жабамын» — дедім. Содан орнынан тұрып, «Апай, кешіріңізші, бұдан соң қайталанбайды» деп кешірім сұрады. Сосын, мен, сабырмен «жарайды» дегендей сабақты өткіздім»- деп сөзіне нүкте қойды.
Бұл оқиғасын тыңдап отырып, ашудан аулақ, салмақты, салиқалы ұстаздың жылы жауабына тәнті болдым. Тапқырлығы мен тектілігі алған тәрбиесі мен беріп жатқан білімінің жоғарылығы ғой. Педогогикалық көзқарасы адами, рухани кісілігін көрсетті. Сүйегі асыл, сөзі сүбелі ұстазға ұзақ ғұмыр тіледім!
Жадыра Бағашар,
Білім айнасы,
Алматы қаласы