Оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығын арттыру мақсатында қолданылатын мәтіндер төмендегідей жіктеледі:
- тұтас мәтіндер (көркем шығарма, ертегі, ауыз әдебиеті үлгілерінің мәтіндері);
- жадағай немесе тұтас емес мәтіндер (жарнама, хабарландыру, хабарлама т.с.с мәтіндері, маңдайшадағы жазулар, жол бергілері, сызбанұсқалар, фотосуреттер, диаграммалар, т.б.);
- аралас мәтіндер (ғылыми еңбек мәтіндері, газет-журналдардағы мақала мәтіндері т.с.с).
Жоғарыда атап өткен жадағай мәтіндердің адам өмірінде алатын орнына, «жалпы ол не?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік:
хабарландыру – мекемелердің, ұйымдардың атынан оның мүшелеріне алдағы болатын іс-шаралар туралы хабарлап жеткізетін құжат түрі. Мұнда хабарланып отырған мәселенің (жиналыс, мәжіліс, кездесу, т.б. жайлар) айы, күні, болатын уақыты мен орны көрсетіледі. Соңынан хабарландырушы мекеменің, ұйымның аты қойылады. Хабарланатын мәселенің мазмұны мен мақсатына қарай хабарландыру түрлі-түрлі көлемімен, көркемделуімен ерекшеленеді. Қазіргі нарық заманында баспасөз беттерінде жұмысқа шақыру, бос қызмет орындарына конкурс жариялау үшін де хабарландырулар жарияланады. Хабарландыруларда қызметке алынатын кандидатураға қойылатын талаптар мейлінше тұжырымды, нақты жазылады.
Хабарландыру түрлері мен ерекшеліктері:
- Мәжіліс, жиналыстарға хабарландыруда – күн тәртібі толығымен беріледі.
- Мәдени шараларға хабарландыруда – бағдарламасы қоса ұсынылады.
- Тендерге хабарландыруда – шарттары ұсынылады.
- Вакансияға хабарландыруда – жұмыс орнына тиісті талаптар.
Хабарландыру! (І-үлгі)
2015 жылдың,14 сәуірі күні, сағат 15.00-де Жаратылыстану-гуманитарлық институтының ұйымдастыруымен «ҚызПИ көктемі шақырады» атты фестиваль өткізіледі. Келемін деушілерге есік ашық. Бағдарламада:
- Филология факультеті деканының құттықтау сөзі.
- Институт көркемөнерпаздары өнер көрсетеді.
Деканат.
Хабарландыру! (ІІ-үлгі)
«Томирис» мейрамханасына сымбатты қыз-жігіттер конкурс негізінде жүмысқа қабылданады. Қатысамын деушілерге есік ашық, талапқа сай құжаттарды 2017 жылдың, 1 мамырға дейін тапсыруға болады. Мекен-жайы: Алматы қаласы, Достық даңғылы, 15а-үй, Абай даңғылының қиылысы. Телефон: 56-48-31, ұялы телефон: 8-777-768-65-34.
Мейрамхана әкімшілігі
Хабарландыру! (ІІІ-үлгі)
Ертең, 2016 жылдың, 15 мамыр күні, сағат 19.00-де, Республика сарайында Қазақстан халық әртісі Р.Рымбаеваның » Көктем шақырады » атты концерті болады. Билеттер Қазақконцерт кассасында сатылады. Келіңіздер! Келіңіздер!
Мәдениет министрлігі
ХАБАРЛАНДЫРУ
2003 жылдың 8 мамыр күні, таңертеңгі сағат 10-да университеттің мәжіліс залында Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесу өткізіледі.
Бағдарламада:
- ҚазҰТУ ректорының кұттықтау сөзі.
- ¥лы Отан соғысы ардагерлерінің естелік-әңгімелері.
- Көркемөнерпаздардың концерті.
Ректорат
Жарнама дегеніміз – белгілі бір зат пен құбылысты, іс-әрекет пен қызметті елге таныту, насихаттау, оларға деген сұранысты күшейту мақсатымен жарияланған хабарлама жиынтығы. Жарнама (жар+нама; «жар» — жария етті, мәлімдеді, хабар таратты, жарияланды; «нама» — араб, парсы «жазылған хат, шығарылған бәйіт, дастан» — қазақ мәдениетінде кең қолданылған ұғым, дефинициясы айқын термин. Энциклопедиялық, лексикологиялық, мағлұматнамалық, терминологиялық еңбектерде берілген анықтамалардан шығатын қорытынды – «жарнама – спектакль, концерт немесе көрермендерге арналған басқа да мәдени шаралар, спорттық жарыстар, ойын-сауық туралы хабарландарудың бір түрі».
Жарнама – тілдік құралдар арқылы да, вербалды емес құралдар арқылы да ұлттық мәдениеттің белгілерін көрсетуі қажет. Ал ұлттық мәдентиеттің танылуы тілдің ұлттық белгілері: сөз қолдану, граматикалық заңдылығы, нормалары игерілгенде көрінеді. Жарнама мәтіні ұлт тілімен, ұлттық мәдениетпен байланысты қалыптасатын жағдайда ғана, өзінің негізгі мақсатын атқара алады. Қазіргі қазақ жарнамалары таралу жолдарына, қамтитын тақырыптарына, түрлеріне қарай әр түрге бөлінеді:
— сыртық жарнама (маңдайшалар, жарнамалық қалқандар, панно, плакаттар);
— теле және радио жарнама (жарнама роликтері, жарнамалық телерепортаждар, теледидардағы жарнамалық қатарлар, радио хабарландырулар, радио роликтер);
— парақша жарнама (каталогтар, буклеттер, жапсырмалар, шағын жарнама парақтар, шақыру билеттері, баға көрсеткіштері);
— газер жарнамасы (газет-журналдарда жарияланған жарнама мәтіндері);
Жарнама, реклама (франц. reclame, лат. reclamo — жар саламын) — тауарлардың, қызмет көрсетудің тұтынушылық қасиеті туралы ақпарат беру және оған деген сұранысты көбейту мақсатында таратылатын хабарлама; белгілі бір адамдар, ұйымдар, әдебиет пен өнер шығармалары туралы хабар таратып, оларды әйгілеу. Жарнама көпшілік ақпарат құралдары (теледидар, радио, газет, Интернет, проспектілер, плакаттар, т.б.) арқылы жүзеге асырылатын коммуникацияның ақылы түрі болып табылады. Кез келген Жарнама хабарламалық, болмаса назар аудартушылық сипатымен ерекшеленді. Жарнаманың түрлері көп: сату орнындағы Жарнама, институционалдық (жақсы пікір қалыптастыру мақсатындағы) Жарнама, хабарламалық Жарнама, сауда және көлік жүйесіндегі Жарнама, көше Жарнамасы (плакат, афиша), ауызша жарнама, баспалық жарнама, т.б. Жарнаманың қарапайым түрлері б.з.б. пайда болды. Ежелгі Грекия мен Ежелгі Римде жарнама хабарландыруларын ағаш тақтайларға жазып, халық көп жиналатын алаңдарда айғайлап жар салатын болған. Баспаға басылған Жарнамалар Англия мен Францияда 17 ғ-да пайда болды. Жарнама қазақ халқына да ежелден белгілі. Оның ауызша үлгілері фольклорлық әдебиетте “жарлық шашу”, “жар салу” ұғымдарымен берілген. Жарнама үлгілері “Қобыланды батыр”, “Мұңлық-Зарлық” және “Оғызнама” жырларында бар. 19 ғ-дың аяғында “Түркістан уалаяты”, “Дала уалаяты” газеттерінде саяси-экон. мәселелерге байланысты, оқу-ағарту, әдебиет және өнер-білім бойынша Жарнамалар берілген. 20 ғ-да Жарнаманың мақсаты мен мазмұны кеңейіп, икемділігі артты, жарнама тілінің ішкі құрылымы сараланды. Нарықтық экономиканың қанат жаюына орай Қазақстанда жарнамалық қызмет түрлері сан алуан болып дамуда. Жарнама стратегиясымен айналысатын жарнама компаниялары пайда болды. Жарнаманың бір түрі — афиша (affіcher — хабарландыру, іліп қою). Театр афишалары — спектакльдер және басқа да көңіл көтеретін шаралар туралы хабарландырулар. Афишалар театрдың алдына, көшелерге, алаңдарға және басқа да көпшілік жүретін орындарға ілінеді. Жарнама — тауарларға сұранымды қалыптастырып, ұлғайту мақсатында олардың қасиеттері мен көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты тиімді бағытта тарату. Ең алғаш жарнама жұмысын 1841 жылы ағылшын азаматы Волни Пальмер ашты. Ең үлкен жарнамалық агенттіктің бірін XIX ғасырда Джордж Роуел басқарды. Әлемнің әр түкпірінде жарнама жасаумен айналысатын арнайы компаниялар құрыла бастады. Бұл жарнама бизнесінің дамуына үлкен әсер етті. Мысалы: «Хайнс», «Американ тобакко», «Проктер энд Гэмбл» т.б. осының үлкен дәлелі. Қашан да тұтынушылар жарнамасы сәтті сауда маркаларын қолдайды. Жарнамалардың жылдам дамуына байланысты ХІХ ғасырда тек қана жарнамалық сипаттағы көлемді журналдар шыға бастады. 1885 жылы жарнамалық журналдардың таралымы 100000 данаға дейін жетті, ал 20 жылдан кейін жарнамалық журналдың бұл көрсеткіші бес миллионға жетті.
Жарнама тарату тәсілдері мен түрлері:
— қала көшелерінде ілінетін суретті жарнамалар;
— қала көшелеріндегі ауыспалы-аудармалы көп нұсқалы жарнамалар;
— қала көшелеріндегі арнайы экран арқылы ұлғайтылған ролик жарнамалар;
— бұқаралық ақпарат құралдары арқылы берілетін ролик жарнамалар;
— мерзімді басылым беттерінде жарияланатын фото жарнамалар;
— киімге салынатын сурет жарнамалар;
— шаруашылық тұтыну заттарына (сіріңке қорабы, сумка-пакеттер)
салынатын сурет жарнамалар;
— кітап, дәптер, альбомдардың сыртқы мұқабасына салынатын сурет
жарнамалар;
— күнтізбеде салынатын сурет жарнамалар;
— плакаттарға салынатын сурет жарнамалар;
— визит карточкаларына салынатын жарнамалар;
Жарнаманың қызметі:
— тауардың өтімділігін арттыру;
— коммерциялық мақсатта;
— жұртшылықты белгілі бір өніммен таныстыру, құлағдар ету;
— тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Жарнаманың ерекшелігі:
— насихаттылығы;
— тартымдылығы;
— дәлдігі;
— түсініктілігі;
— тосындылығы;
— көркемділігі;
— мазмұндылығы.
Жарнама түрлері мен құралдары
Тұтынушыға жарнама әр түрлі құралдар арқылы жетеді. Жарнама түрлерін былайша жіктеуге болады:
- Мақсаттық белгіленуіне қарай:
— тауарлар мен қызметтер жарнамасы;
— идея-ойлар жарнамасы;
— пайда алу үшін бағытталған коммерциялық жарнама;
— пайда алуды көздемейтін коммерциялық емес жарнама.
- Мақсатты бағытына сәйкес жарнама типтері.
1) Марка жарнамасы тұтынушылардың тауар маркасы туралы хабардар болуына және фирманың нарықтағы үлесін арттыруға бағытталған. Оның мақсаты – бәсекелес марканың сатып алушыларын үйіру арқылы таңдамалы сұранысты ынталандыру.
2) Тауар жарнамасының мақсаты – жалпы тауар категориясына алғашқы сұранысты ынталандыру. Мұндай жарнама салалық өткізуді өсіруге бағытталған болса, марка жарнамасы осы өткізу көлемінен өзі үлесін бөліп алуға арналған.
3) Корпорация немесе компания жарнамасы олардың бейнесін жасауға бағытталған.
4) Бірлескен жарнамада өндіруші бөлшек саудагерлердің тауарды жарнамалауға кеткен шығындарының орнын толтырады.
Имидж жарнаманың негізгі мақсаты – адамдар санасында тауардың немесе фирманың жағымды бейнесін жасау, ал ынталандырушы жарнаманың мақсаты – тауарлар мен қызметтердің өткізілуін ынталандыру.
- Практикалық мақсаттар үшін ең ыңғайлысы — өткізу арналары арқылы жарнаманы жіктеу.
Баспа жарнамасы – ол тек көріп, қабылдауға арналған жарнамалық-каталогтық басылымдар (каталог, проспект, буклет, плакат, листовкалар) және жарнамалық-сыйлықтық басылымдар (үстелге қоятын және қабырғаға ілінетін фирмалық күнтізбелер, іс күнделіктері, жазу кітапшалары, қалта күнтізбелері, т.б. жатады). Баспа жарнамасының мақсаты-болашақ сатып алушыларды жарнамаланған фирма тауарларымен толық таныстыру.
Баспасөздегі жарнама. Бұл – хабарландыру және шолу-жарнама жарияланымдары сипатында баспасөзде жарияланған әр түрлі жарнамалық материалдар (мақалалар, репортаж, шолу, т.б.). Басылымның маңыздылығы оның кезеңділігіне, жарнаманың осы басылымдағы орнына және көлеміне байланысты болады.
Радиожарнама. Негізгі түрлері – радиохабарландырулар, радиожурналдар, радиорепортаждар, радиороликтер.
Тележарнама. Ең танымал түрлері: телеролик, телехабарландыру, жарнамалық бағдарламалар, бағдарлама арасындағы телезаставкалар.
Аудиовизуалды жарнама. Бұл – жарнамалық роликтер, жарнамалық-техникалық фильмдер, жарнамалық-беделді фильмдер, бейне фильмдер және слайдтар.
Сыртқы жарнама. Бұл – көру сезімі арқылы қабылданатын жарнама. Негізінен бұл жарнама тұтыну тауарлары үшін қолданылады. Қалың көпшілікке арналған. Оның түрлері: жарнамалық тақталар, афишалар, транспаранттар, түрлі-түсті жазбалар, билбордтар, экрандар, дүкендер сөресі, фирмалық жазулар.
Көліктегі жарнама. Бұл – автобус, троллейбус және тағы басқа көлік түріне орналастырылатын жарнамалық мәліметтер, хабарландырулар.
Тікелей пошталық жарнама – жарнамалық хабарларды тұтынушы мекен-жайына жарнама хаттар немесе хабарландыру-ақпараттық материалдардың басылымдары ретінде жіберу.
Жарнама сувенирлері – фирма қызметін таныту үшін қолданылатын фирмалық сувенирлер, сериялық сувенирлік заттар, сыйлықтар, фирмалық орамалар.
Компьютерлендірілген жарнама. Жарнаманың бұл түрі шетелде жақсы дамыған. Ол компьютерлендірілген ақпарат және кабельді теледидар арқылы жүргізілетін жарнама.
Интернет арқылы жарнама. Өзінің жеделдігіне, қайталануына және таратылуының ауқымдылығына байланысты баспасөздегі жарнаманың ең тиімді құралы болып табылады.
Жалпылама сұраныстағы тауарлар мен қызметтер үшін радио және тележарнама тиімді болып табылады.
Тележарнама – жарнаманың ең қымбат түрі және оның бағасы әр кезде өсіп отырады.
Жарнама тәсілінің ең қарапайым түрі – жарнама хабарларын поштамен тарату.
Осылайша жадағай мәтіндердің ең көрнекті түрлері-хабарландыру мен жарнаманың адамдар өмірінде алатын орны ерекше екендігіне, олардың алуан түрлеріне тоқталып өттік. Заман ағымына қарай адамдардың басым көпшілігінің жадағай мәтіндермен шұғылдануы, оларды қажет етуі бүгінгі таңда қалыпты жағдайға айналуда.
Н.У. Қылышбекова
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы,
Алматы облысы бойынша педагог
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,
«Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-
педагогикалық тұрғыдан қолдау»
кафедрасының аға оқытушысы