Home » Білім және тарих » ЕҰУ-ДЕ «ҒЫЛЫМ ДЕКАДАСЫ – 2018» ІС-ШАРАСЫ ӨТУДЕ

ЕҰУ-ДЕ «ҒЫЛЫМ ДЕКАДАСЫ – 2018» ІС-ШАРАСЫ ӨТУДЕ

 Бүгін, яғни ағымдағы жылдың 4 сәуірінде «Ғылым декадасы-2018» іс-шаралары аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінде Баспасөз және баспа ісі кафедрасының ұйымдастыруымен «Алашорда баспасөзі: «Қазақ» газетінің 105 жылдығы, «Абай» журналы мен «Жас азамат» газетінің 100 жылдығы және ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсыновтың 135 жылдық мерей тойларына» арналған «Алаш тағылымы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
 Конференцияға факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.
Айтулы шараның әлқиссасы факультеттің 1 курс студенті Құрақбаева Нұрайдың орындауындағы «Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашылды. Халықтың, даланың өзіндей кең әрі шексіздігін танытатын қазақтың дәстүрлі музыкасының шыңында тұрған шығармадан соң Баспасөз және баспа ісі кафедрасының аға оқытушысы, талантты ақын Жұлдыз Тойбекова айтулы шараны «Арнау» өлеңімен жалғады.
Одан әрі факультет деканы, профессор, алаштанушы ғалым, өткізіліп отырған тағылымды шараның ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қайрат Сақ конференцияға қатысушыларды құттықтап, алғысөзін арнады.
« — Біз Алаш қайраткерлерінің атын айтуға тыйым салған қиын кезеңді бастан кешірдік. Олардың шығармаларына шөліркеп өстік. Бабаларымыздың «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегенді қапысыз қалай атқанына қайран қаласың. Себебі арада аттай 100 жыл өткенде Алаштың аңсаған арманының орындалғанына куә болып жатырмыз. Сіздер сол үшін бақытты ұрпақсыздар! Себебі, сіздер балабақшадан бастап Алашты танып, олардың еңбектерімен сусындап өстіңіздер. Ал Алаш азаматтарының ісіне адал болу, солар секілді халыққа қызмет ету — сіздердің тікелей міндеттеріңіз.
Алаш баспасөзінен асқан журналистика жоқ. Журналистиканың беделін, мәртебесін әлемдік деңгейге көтеріп тұрған ол – Алаш баспасөзі. Біз сол Алаш баспасөзін ұстын, бағдаршам етіп жүруіміз керек. Арыстарымыз «Жас азамат», «Қазақ», «Абай» сынды баспасөзді шығарып, оны елге таратып, сол үшін саяси зобалаңға түсіп, бүгінгі тәуелсіздікті аңсап кетті.
Конференциямыздың «Сарыарқа» күйімен ашылуында да үлкен негіз бар. Қуғын-сүргінге ұшырап жүрген шағында жазылған Құрманғазының «Сарыарқасы» бүкіл қазақ халқының еркіндікке, азаттыққа деген құлшынысының көрінісіндей еді. Алаштың азаматтары қазақтың сол Сарыарқасы үшін күресті. Осы иен даланың иесі болу үшін жұдырық болып жұмылды, бастарын бәйгеге тікті. Міне, тәуелсіздіктің арқасында астанамызды осы Сарыарқаға көшіру арқылы дархан даламызды сақтап қалдық. Кезінде «Астананы қайда жасаймыз?» дегенде Сәкен Сейфуллиндердің «Астананы Ақмолада жасасақ» деген ұлы армандары ішінде кеткен болатын. Яғни, бұл – Алаштың арманы. Азаттықтың ақ таңы атып, астанамызды Сарыарқаға көшіріп, Алаштың арманына қол жеткіздік бүгінде, тәубә!
Ұлтымызда «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген даналық сөз бар. Өткен жылдың сәуір айында мемлекет басшысы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсетер маңызды құжат болып саналатын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Халық тарапынан қызу қолдау тапқан аталмыш тұғырнаманы жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің бастауы деп бағалауымыз керек. «Ұлттың рухани коды» дейтін академиялық ұғым ұлт көшбасшысының ой-санасында бірнеше рет елекке түсіп, таразыға тартылған, сан жылдардан бері сарапталып, пісіп жетіліп, өзінің сын сағатын күтіп келген дүние екені даусыз. Мақалада көрініс тапқан Елбасының келелі ойы, салиқалы пікірі бірінші кезекте жас ұрпаққа, яғни өздеріңізге арналған, құрметті білім алушылар!
Осы рухани жаңғыру мен Алаштың арманы астасып жатыр. Себебі, біздің рухани құндылықтарымыз бен ұлттық кодымызды әуел баста көтерген Алаш азаматтары болатын. Рухани жаңғыру дегенде өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, оның ішінде алаш баспасөзін қадірлеп, соны оқып, санамызға тоқып, насихаттауымыз керек. Конференцияның маңызы — осында.
Петропавлда жарияланып тұрған алашшыл қазақ жастарының тұңғыш газеті — «Жас азаматқа» биыл 100 жыл. Шын мәнінде Алаш қайраткерлері өрімдей жас кезінде ұлттың сөзін сөйлеп, елдің көшбасшысы бола білді. Мәселен, М.Жұмабаев:
«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам!
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда кім болам?! — дегенді жалындаған 17 жасында айтса, М.Дулатов 23 жасында елге «Оян, қазақ!» деп ұран тастап, қалың қазақтың санасын сілкіген. Сондықтан өздеріңді әлі де бала санамай, Алаш қайраткерлерінің өнегелі ісінен үлгі алып, солар жүрген ізден адаспасаңдар, болашақтарыңның жарқын боларына сенім мол!
«Абай» журналының негізін салушылар әрі шығарушы редакторлар болып Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов қызмет етті.  Абайдың ісін, жолын ілгерілетейік деген мақсатта шығарылған журналға биыл 100 жыл толып отыр.
Ал «Қазақ» басылымы жайлы Әуезов былай деген: «Қазақтың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін «Қазақтың» сүтін еміп өсіп, үлкен іс-майданына шықты. Ал екінші буын сол «Қазақ» газетінің есігін ашып, табалдырығынан аттап жатырмыз». Сол «Қазақ» газетінің биыл 105 жылдығы. Сондықтан бұл үш басылым – ұлтымыздың ұстыны болмақ.
Алаш — мәңгі зерттелетін шексіз әлем. Ендеше, Алаш баспасөздерінің мерейтойлары құтты, баянды болсын!» — деді Елбасының ұлттық сананы жаңғырту идеясының Алаш көсемсөзі құндылықтары мен рухани сабақтастығына айрықша тоқталған Қайрат Өмірбайұлы.
Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы, Ықылас Ожай Ж.Аймауытовтың сөзіне жазылған «Алаштың әнұранын» нақышына келтіре орындап, конференцияны әнмен тұздықтады.
«Самал тау, шалқар көл, Сарыарқа жеріміз.
Біз жүрген Алаштың шын кемеңгеріміз,
Долданса болмайтын жаңа дәу періміз.
Ежелден ер Түрік, оқ тескен етіміз,
Қаймығып еш жаудан қайтпаған бетіміз.
Лап десе, от болып зуылдап шабамыз,
Лап десе, от болып дүрілдеп жанамыз.
Алаштың ақ туын ақырып қолға алып,
Алаштап шапқанда жауға ойран саламыз!
Жаусын оқ, ақсын қан, шықсын жан, қорқу жоқ.
Алаштың жолында жан пида етіміз!» — деп әр қазаққа рух сыйлаған Ықыластың орындауындағы бұл әннің тұсауы аталмыш шара барысында кесілуі – зор мақтаныш!
Бар қазаққа ортақ Алашорданың осы ұлттық ұраны мен маршы кезінде Шығыс Түркістан қазақтарының да азаттық жаршысына айналған еді.
Одан әрі тарих ғылымының докторы, профессор, конференцияның ғылыми жұмыстары жетекшісі Қырықбай Алдабергенов «Алашорда баспасөзінің үш тұғыры» атты негізгі баяндамасында ұлттық журналистиканың қайнар көзі саналатын Алаш баспасөзіне терең тоқталып өтті.
«Қазақ», «Сарыарқа», «Абай» сынды ұлттық басылымдардың ізбасары іспеттес «Жас азамат» газетінің редакторы болған Қошке Кемеңгеровтің тікелей ұрпағы, «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығы институты директорының орынбасары, алаштанушы ғалым Қайырбек Кемеңгеровтің «Жас азамат» газетінің редакторы Қошке Кемеңгеров» атты баяндамасында да қатысушыларға тың мағлұмат, тұшымды пікір жеткізді.
Факультеттің  1 курс студенті Жұмасатова Шынар Абай атамыздың «Сегіз аяқ» өлеңімен серпілтіп алған соң, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Тапанова «Алаш баспасөзіндегі әйел теңдігі мәселелерінің жазылуы» атты баяндамасына кезек берілді.
М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» (3 курс студенті Мұқанова Нұржауған) атты өлеңімен өрілген конференция ф.ғ.д, профессор Меңдігүл Шындалиеваның «Ахмет Байтұрсыновтың Алаш баспасөзінде жарияланған материалдары» атты баяндамасымен жалғасты.
Факультеттің 1 курс магистранты Мүтарбек Ардақтың орындауындағы «Нұршашу» күйінен соң филология ғылымдарының докторы, профессор Әсима Ишанованың жасаған баяндамасымен конференция қорытындыланды.
 Аталмыш шара конференцияға қатысушыларды арнайы сертификаттармен, құрмет грамоталарымен марапаттау және іс-шараның жабылу рәсімімен тәмәмдалды.
Тағылымы мол шара факультетте алдағы күндерде де жалғасын таппақ.

 

 

 

 

 

Гүлжазира ЕРТАСОВА,
«Білім айнасы» газетінің Бас редакторы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.