Қай-қайсымызды алсақ та тарыдай боп кіріп, таудай боп шығатын мекеніміз мектеп. Бүгінгі жаныңда жүр жақсы адам жобасы бойынша жалпы білім беретін № 87 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ногаева Айнаш Закаряновнамен сұқбаттасып қайттым.
Ногаева Айнаш 1972 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Мақаншы ауданында туған. 1979 жылы мектеп табалдырығын аттап, оқуды үздік аяқтайды. Қолындағы құжаттармен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне оқуға түседі. Бес жылдық білімнен соң журналист болуға отбасылық мәселесіне байланысты мүмкіндік болмады. Еңбек жолын №37 Ресей-Қазақстан гимназиясынан бастайды. Сол жерде жеті жыл жұмыс істеп, орыс сыныбына қазақ тілінен сабақ берген соң методика аздау болғанын жасырмады. Соған байланысты екінші жоғары білім алу үшін Қыздар педагогикалық институтының басқа ұлт өкілдері қазақ тілі пән мұғалімі факультетіне түсті. 2002 жылы бітіріп, содан бастап осы мамандықта өзін толыққанды ұстаз ретінде көреді. Ал аталған № 87 мектепте 2001 жылдан бері қызмет етіп жүр. Осы уақытқа дейін 23 жылдық енбек өтілі бар ұстаздың өжеттілігі мен өткірлігі өн бойынан білініп тұр. «Орыс сыныптарына сабақ берген соң орысша да, қазақша да жақсы сөйлеу керек. Осыны ту қып ұстап, өзге тіл өкілдерін де ана тілімізде сөйлеткім келеді», — дейді. Иә, ол сөйлетті, сөйлете жүріп, сыйлы атанды:
2015 жылы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директорының Алғыс Хатымен;
2015 жылы «АҚ»БАҰО «Өрлеу «филиалы директорының Мақтау қағазымен;
2016 жылы «Нұрлы Жастар — Болашаққа жол бастар» атты байқауда Қазақ радиосының дикторының Алғыс хатымен;
2016 жылы Өрлеу білім-ғылым технология порталының директорының Құрмет грамотасымен марапатталды;
Өткенге орала отырып, ой қозғадық. «1994 жылдары қиын кездер болды. Отбасылы болған соң, сөмкемді көтеріп алып ана жақтан мына жаққа шабуға біріншіден жағдай және екіншіден жеке басымызда пәтер болған жоқ. Жалдамалы үйде тұрдық. Кейін жолдасым екеуміз ақылдаса келе ұстаздық жолдың жаман емес екенін ескере отырып, өзімше менен де басқа журналистер табылатын шығар деген оймен екінші жоғары оқу орнын аяқтадым», — деді. Ең үлкен арманы – Қазақстанның көркейіп, үлкен мемлекет болуы. Бұл өзінің ғана емес, жалпы қазақ әйелінің арманы екенін ескертті. Ескердік. Иә, елбасының дұрыс саясаты жандана беретін болса, ел тұтқасында жүрген азаматтардың бәрі дерлік салмақты болса жақсылыққа жол өзі-ақ ашылатынын айтып өтті. Жылдамдығы мен жан-жақтылығы тең ұстаз бүгінгі күні мектепшілік шаралардың ұйымдастырушысы. Бұған журналистика факультетінде оқыған бес жылдық білімін сөзінде себеп етті. Тиянақтылығынан тәрбие алуға болатын ұстаздың аты бүгін үлкен тақырып болса, ертең тарихта тағы мың мәрте аталатынына сеніммен қарадым. Ендеше, ертеңгі күннен тек қуаныш күтетін Айнаш Ногаеваның ешқашан еңсесі түспесін!
Жадыра Бағашар,
Білім айнасы
Алматы қаласы