Соңғы кезде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде көптеген позитивті өзгерістер болуда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев кәсіптік техникалық білім беру жүйесін жаңғыртуға қоғамның және экономикалық индустриялық – инновациялық даму сұраныстарына сәйкес, әлемдік білім беру кеңістігіне енуіне үлкен дәрежеде көңіл бөліп келеді.
Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім беру жүйесіндегі реформалау мен модернизациялау үдерісінің негізгі мақсаттары мен бағыттары көрсетілген. Бұл саладағы жүргізіліп жатқан реформаның да басты мақсаты- өндіріске бейімделген, кәсіптік шеберлігі шыңдалған, білікті кәсіби маман дайындау.
Қазақстан Республикасының индустриалды инновациялық бағдарламасын іске асыру барысында өндірістің барлық салалары бойынша орта буын мамандарын кең көлемде дайындауды қажет етеді. Олай болса экономиканы дамытудың кілті кәсіптік білімде жатыр. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі елімізге қажетті орта буынды мамандар даярлайтын Қазақстандағы бірегей оқу орны .
Қызылорда аграрлық техникалық колледжі Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1997 жылғы 8 мамырдағы №814 қаулысымен Қызылорда ауылшаруашылық, политехникалық және теміржол колледждерін біріктіру арқылы қайта құрылды.
Қызылорда облысының әкімдігінің 07 наурыз 2017 жылғы №729 санды қаулысына сәйкес Қызылорда облысының білім басқармасының «И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болып қайта аталды.
Бүгінгі таңда колледждің күндізгі және сырттай бөлімдерінде 1979 студент оның ішінде жергілікті бюджет- 1129, келісім- шарт негізінде –850 студент оқиды. 37 мамандық бойынша дәріс алуға мемлекеттік лицензия берілген, оның ішінде 26 мамандық бойынша аграрлық техникалық сала мамандары даярлануда.
Колледжімізде тәжірибелі, кәсіби сауатты кадрлық құрамның базасы қалыптасқан. Студенттердің кәсіби білім деңгейін жоғарылату үшін колледжде 198 оқытушы дәріс береді, оның ішінде 60 пайызы жоғары және 1 санатты оқытушылар. Колледжде бір техника ғылымдарының докторы, үш ауылшаруашылық ғылымының кандидаты, бір Алтынсарин төс белгісінің иесі, үш Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, екі оқытушы «Үздік педагог-2015», «Үздік педагог-2018» республикалық конкурстың жүлдегерлері, 16 ғылым магистрлары жұмыс жасайды.
Білікті мамандар даярлауда, материалдық- техникалық базаны нығайту мақсатында колледж 2016 жылдан бастап Қазақ Ұлттық аграрлық университетімен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Оқу-ғылыми-өндірістік орталығы ұйымдастырылды. Құлан ауылшаруашылық колледжінің «Ветеринария»мамандығына, Қазалы көлік-техникалық колледжінің «Теміржол жылжымалы құрамдарын пайдалану және техникалық қызмет көрсету» мамандықтары бойынша Халықаралық Даму банкі бөлген гранттарға алынған зертханалық оқу жабдықтарын бірлесіп пайдалану жөніндегі келісім-шарт жасалып, жыл сайын оқытушылармен студенттер іс-тәжірибеден өтуде.
Кәсіби мамандарды даярлауда Қазақстан Республикасының жалпыға міндетті мемлекеттік стандартын жүзеге асырудың негізгі мақсаты-ғылым мен білімді тәжірибемен ұштастыру.Теория мен тәжірибені ұштастыру негізінде студент оқу бағдарламасын жақсы меңгеріп қана қоймай дайын маман болып шығары анық. 2012-2013 оқу жылынан бастап заман көшінен қалыспай облысымыздың экономикалық ерекшеліктеріне ауылшаруашылық мамандарының қажеттілігін ескере отырып, «Агрономия» мамандығын дуалды оқытудың эксперименталды алаңына енгіздік. Дуалды оқытудың негізгі бағыттарының бірі-әлеуметтік серіктестік. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі осы мамандық бойынша 5 мекемемен келісім-шартқа отырған.Солардың бірі-Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты. Нәтижесінде мекемемен және білім басқармасымен біріге отырып жұмыс оқу бағдарламасы, оқу жоспарлары дайындалды. Келесі әлеуметтік серіктестік мекеме- Алматы қаласындағы Қазақ Тағамтану Академиясының жанындағы «Амиран агро» ауылшаруашылық кешені. Дуалды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің №50 бұйрығына сәйкес білім алушы өндірістік оқыту мен практикадан өту уақытында білім алушының еңбек өтіліне есептелетін белгілі бір функционалдық міндеттерді орындайды және сол уақыт үшін өтемақы төлемі жүргізіледі деген ережесіне байланысты мекеме студенттерге 20 мың теңге мөлшерінде айлық төледі. 2016-2017 оқу жылында «Шыны талшық және шыныдан жасалған заттар өндірісі»мамандығын дуалды оқытуға енгізілді. Әлеуметтік серіктестері Шымкент қаласындағы ЖШС «Еврокристалл» шыны зауыты, Қызылорда қаласындағы «Orda glass LTD» мекемесі.
Ұлт жоспары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 77 қадамын жүзеге асыру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Кәсіпқор» Холдингі»КЕАҚ бірігіп Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында индустриялық-инновациялық дамудың басым жобаларын іске асыру, біліктілігі жоғары мамандарды «нақты даярлауды» қамтамасыз ету мақсатында 10 базалық колледж айқындалған болатын.Солардың бірі-
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі.
2016-2017 оқу жылынан бастап КЕАҚ «Кәсіпқор»Холдингі» ұсынған 0902000-« Электрмен қамтамасыз ету»
1304000-«Есептеуіш техника және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандықтары интеграцияланған жаңа үлгідегі оқу бағдарламалары бойынша сынақ алаңына енгізілді.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан кәсіптік техникалық білім беру жүйесін жетілдіруде белсенді шаралар жүргізілуде, яғни инженер-педагогтардың біліктілігін арттыру мәселелеріне көп көңіл бөлінуде. Осы саладағы жүйені әлемдік стандартқа сәйкестендіруге алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені зерделеп қолдануға бірнеше жобалар енгізілді. Колледжде мамандарды дайындау бейініне сәйкес жақын және алыс шет мемлекеттерден біліктілігін көтеріп, тағылымдамадан өткен оқытушылар да жетерлік. Солардың бірі: Ермұхан Бауыржан Бақытжанұлы Израиль, Белоруссия мемлекеттерінде халықаралық дәрежеде іс-тәжірибеден өтсе, Есахаева Данагүл Алдабергенқызы 2015 жылы Туркия мемлекеті, Стамбул қаласында және Өтепова Мира Кеңесқызы, Жапахова Гүлнар Өтешқызы, Үйсінбаева Гүлмира Тоқшылыққызы Беларусь мемлекетінде, Жунусова Жазира Кенжебекқызы 2017 жылы Ұлыбритания мемлекеті, Глазго қаласы «Глазго Каледониан университетінде», Молдабаева Назира Асылбекқызы 2017 жылы Малайзия, Азия және Тынық мұхит инновациялар және технология университетінде халықаралық дәрежеде алған білімдерін оқытушылар арасында кеңінен талдап, тәжірибе алмасты. Колледждің 6 арнайы пән оқытушысы, 3 менеджері Беларусь мемлекетінде «Дуалды оқытуды енгізудің халықаралық тәжірибесі», «Өндірістік оқытуды ұйымдастыру және оның әдістемесі» тақырыптарында біліктіліктерін арттырып, іс-тәжірибе алмасып келді.Астана қаласында 1 ай көлемінде 6 арнайы пән оқытушылары «Кәсіби педагогика және психология негіздері» тақырыбындағы курстарында біліктіліктерін арттырды
Нарық талабы озық технологияны игеріп, жаңа техникамен, заманауи құралдармен, қондырғылармен жұмыс жасауды талап етеді.Осыған орай, бүгінгі техникалық және кәсіптік білім саласы да жаңа сатыға көтерілуі тиіс. Жылдар бойы жинақталған педагогикалық тәжірибе мен қазіргі білімдік бағдарламаларды біріктіріп, жаңа жүйе бойынша іргелі білім беріп, дүниетанымы кең, білімпаз, өз алдына мақсаттар қоя білетін, оған қол жеткізу мүмкіндіктерін қарастыра алатын, тиімді қоғамдық қарым-қатынас орната алатын, ақпараттық және көпмәдениетті әлемде өмір сүре алатын, кәсіби құзыретті, бәсекеге қабілетті білікті маман, саналы түлек дайындау – қазіргі кәсіби білім беру мекемелерінің басты мақсаты болып отыр. Осы мақсатты жүзеге асыруда колледжде жаңа модульдік технологияны енгізуде «Кәсіпқор»Холдингі» коммерциялық емес Акционерлік қоғамы колледжден 5 арнайы пән оқытушыларынан штаттан тыс тренерлер дайындап,облыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлеріне біліктілікті арттыру курстарын үздіксіз ұйымдастырып келеді. Қазіргі уақытқа дейін колледж бойынша 140 арнайы пән оқытушысы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Нәтижесінде мамандық бойынша жаңа үлгідегі модульдік құзіреттілік оқу бағдарламалары дайындалып,оқу процесіне енгізілді. Модульдік технологиялардың ерекшелігі – тек білімді меңгерту ғана емес, студенттің танымдық қабілеті мен үдерістерін, шығармашылық деңгейін арттыру, бұл бірінші кезекте оқытушыдан жоғары кәсіби шеберлікті талап етеді. Оқу үдерісінде осындай озық технологияларды белсенді пайдалану айтарлықтай оң тәжірибе беріп отыр.
Қазіргі таңда жаңаша форматтағы оқытушының бойында кіріктірілген білімнің жоғары деңгейде болуы, сонымен қатар иновациялық технологияларды меңгеруі, кәсіптік педагогикалық қасиетке жаңаша көзқараспен қарауы, педагогикалық міндеттерді шешудегі кәсіптік, шығармашылық іскерлігі мен шеберлігі болуы басты міндет.
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің сан салалы кәсіптік техникалық мамандықтар даярлауда орны ерекше. Агроөнеркәсіптік, электрмен қамтамасыз ету, мұнай-газ құбырлары мен қоймаларын салу және пайдалану, шыныталшық және шыныдан жасалған заттар өндірісі,ветеринария,агрономия,балық шаруашылығы,орман шаруашылығы, жұмысшы мамандықтары т.б қазіргі заман талабына қажетті мамандықтардың бірі. Электрмен дәнекерлеуші деген қарапайым мамандық иелерінің өзі атқаратын жұмысының компюьтерлік бағдарлама арқылы іске асатынын білгені абзал. Сондықтан жастар қолымнан іс келеді дегеннен бұрын қажетті мамандықтарды оқу арқылы игеруге ұмтылса жаңа заман көшіне ілеседі. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінде техникалық және кәсіптік білім беруді жақсарту мақсатында ұдайы жаңа технологиялармен жұмыс жасап келеміз.Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті білімді де сапалы маман даярлауда колледжіміздің алар орны зор.
С.Т.Тәуіпбаев
«Нұр Отан» партиясының мүшесі,
техника ғылымдарының докторы,
профессор
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің директоры