Home » Сценарийлер » Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды

Мақсаты: «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданы ұстана отырып, жас ұрпақты тарихымызды тереңнен тануға баулу. Оқушылардың Отан тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, Жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтей білуге, дүние жүзіндегі басқа ұлт өкілдерінің достығын нығайтуға тәрбиелеу (Зал мерекеге сай әдемі, әсем безендірілген. Көңілді әуенмен  қолдарына әдемі гүл шоқтарын, әсем шарларын ұстаған балалар көтеріңкі көңіл-күймен залға кіреді).
Жүргізуші: Құрметті асқар таудай әкелер, арқа сүйер аталар және де біздің мектептің азаматтары, сіздерді келе жатқан  Ұлы Жеңістің 72 жылдық мерей тойымен және Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға бақыт, бірлік, береке тілейміз.
Жеңіс күні, Жеңіс жыры
Асқақтата шырқалсын.
Ардагерлер қалауы
Мәңгі өшпесін алауы.
Желбіресін жеңімпаздар жалауы
Жүргізуші:   Жеңіс күні адамзат аңсап күткен қастерлі күн.
Бұл Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қазақтың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк есімін, аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлын, осы соғыста ерлік көрсеткен ата-апаларымыздың, әкелеріміздің есімін қашанда мақтанышпен айтамыз. Олардың ерліктері ешқашанда ұмытылмайды. Ендеше осы батырларымыздың құрметіне ән орындаймыз.
Ән: «Әлия»
Орындайтын: Құттыбай Камила мен Дүймеханова Нұргүл

Жүргізуші
:  Бүгін біз өте қуаныштымыз, бізге бүгін қонаққа аталар,
әкелер келіп отыр. Осынау айтулы мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, абзал азаматтарымызға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес.Олар — өмірдің мәні, көңілдің жыры, әр отбасының алтын қазығы. Ендеше бүгінгі мерекелік кешіміз өздеріңізге арналады.
Жүрекке адалдықтың ескен гүлін
Ғажайып келешектің төккен үнін
Ардақты ағаларға шын көңілден
Жолдаймыз алғыс пенен сәлем бүгін.
Отанға адал, елге қайырымды, отбасына мейірімді болыңыздар. Жүректеріңіз оттай лаулап, жандарыңыз әрдайым жас болсын. Еңбекте табыс тілейміз-дей келе құттықтау сөз кезегін мектеп директоры Бертлеуова Анастасия Ермекқызына береміз.

Жүргізуші:

Құтты болсын жеңіс күні ағайын
Көптен күткен ұлы күнде жар салайын.
Ата-бабам қан берісіп шайқасқан,
Ата-бабам намыс бермей айқасқан
Жеңіс күнін қарсалайық бәріміз.
Жеңіс күнін тойлайық жас кәріміз.
Осындай бір бейбіт өмір сыйлаған
Ардагерлер, ағаларға мың алғыс дей отырып бүгінгі кешіміздің қонақтарына сөз кезегін береміз.
Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз. Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілейміз.
Күндеріңіз толсын гүлге, желекке,
Отбасында болсын ырыс-береке
Құттықтаймыз шын жүректен Сіздерді
Өмір думан, бақ әкелсін мереке
Алдарыңызда 7 «Б» сынып оқушыларының орындауында  хор «Вставай страна огромная». Қабыл алыңыздар!
Кешіміз өтіп жатыр салтанатты,
Төгілген күн нұрының шапағаты.
Ортада биші қыздар би билейді,
Халайық қол соғыңыз мархабатты.
Алдарыңызда би «Катюша»
Орындайтын:6 «А» сынып оқушылары Нұрмағанбетова Іңкәр, Умирбекова Аяулым.
Жүргізуші
:  Бүгінгі мамыражай тыныш өмір аталарымыз қалыптастырған берік бірлік нәтижесінде келді. Ер жігіттің құл болмай, ару қыздың күң атанбай, халықтың бірлікте өмір сүруі нақ осы ардагерлеріміздің арқасында!
Соғыстың соңғы көктемі

Жасылмен бояп қойған ба?!

Жап-жасыл таудың бөктері

Қырлар да, мынау ойлар да,

Жап-жасыл болып көктеді.

Соғыстың соңғы көктемі.

Көп болды, жасыл тауларға,

Жап-жасыл бұлттар шөккелі.

Әкелді шуақ бар маңға,

Соғыстың соңғы көктемі.

Бұл мереке — әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен елдіктің нышаны, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі, ал құрметті ардагерлеріміз — болашақ ұрпақтар үшін жарқын үлгі болып қала берері сөзсіз. Ендеше аспанымыз ашық, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын деген тілекпен мерекелік кешімізді аяқтаймыз.
Мамырдың мамыражай күндерімен келіп жеткен мерекелеріңіз тағы да құтты болсын, ардақты азаматтар!
Өздеріңізге қонар бақтың баяндысын, бітер дәулеттің көл-көсірлігін, келер ырыстың ысырап болмауын, жүрек гүлінің мәңгі солмауын, шаңырағыңа шаттық орнауын, Тәңірдің шексіз қолдауын тілейміз! Сау-саламатта болыңыздар!

Исатаева Алмагуль Макишовна

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы,

«Дарын» мектеп-лицейінің ұйымдастырушы педагогі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.