Home » Білім және тұлға » Ешкімнен ештеңе күтпеймін….

Ешкімнен ештеңе күтпеймін….

Үкілеген үміт. Уақытпен жарысқан жан. Алыстан көзіме ақшыл пиджактағы орта жасқа таяу апай түсті. Топырлаған аяқ дыбыстарының арасынан тақ-тақ етіп шыққан туфлидің дауысына елең ете қалдым. «Бұл мектеп қой, мұғалім болар» деп әдеттегідей амандастым да, директордың кабинетіне кірдім. Менің артымнан лезде еріп кірген кісі жаңағы мен көрген апай. Танысымдай аң-таң болғанымды көрген директор бізді жақын таныстырды. Міне, сол ғажап жан мақаламның кейіпкері болғалы тұр. Толық аты-жөні Тулеубаева Қарлығаш Калиевна.

Бүгінгі күні Алматы қаласы, Жетісу ауданы жалпы білім беретін № 2 мектептің география-экология пәнінің мұғалімі әрі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. Туған жері мен туған жылына тоқталмауымды өтінген Қарлығаш ханым қызыққан қауымға ең бірінші еңбек жолы маңызды екенін айтты.

Иә, сөздің төркіні осы жерде тұр. Кішірек кезінде әртіс болуды армандап, сол арманына қол жеткізген кезде өзі бастартқан екен. Себебі бәрі өз ойлағанындай болмай қалған. Басымды изеп сөзіне қосылдым, өйткені бала қиялымыз сағат тілінен де жылдам екені өтірік емес.

         

Ойда-жоқта қызметі көтеріліп, өзі күтпеген жағдайға тап бола беретін Қарлығаш ханым «ешкімнен ештеңе күтпеймін, бұның бәрі Алладан келген бұйрық» — дейді. Жүзі жылылығын былай қойғанда, рухани сөздері мейірбандығымен қоса мықтылығын растайды. 15 жылдық тәжірибесімен бөлісіп отырғанда, құрметтілердің қатарында болып, бірнеше рет марапатталғанын білдік:

2013 жылы «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Құрмет грамотасымен;

2015-2016 оқу жылында пәндер бойынша өткен қалалық олимпиадада оқушылары үздік болғаны үшін;

2017 жылы Алматы қаласының әкім орынбасарының Құрмет грамотасымен;

2017 жылы «Ең үздік ғылыми жоба» номинациясы бойынша «ZIAT» ҒӘО жетекшісі бекіткен дипломпен марапатталды.

Екі жүзділікті ұнатпайтын ұстаздың ұстанымы, оқырман қауым, сізге ұнайтын болар. Бастаған ісін бітірмей тастамайтын пысықтығы парасаттың адамы екенін айтып тұрды. Жауапкершілікті бірінші орынға қоятын Қарлығаш Калиевна қашан да өзінен гөрі өзгелерге пайдасын тигізгісі келеді. Бәлкім, білім жолында жүргендігіне осы себеп болар. Пысықтықтың іргетасын көтеріп, мектептің жандануына жол ашқан адам екенін аңғару қиын болмады. Қазақша да орысша да сайрап тұр. Келе-келе тілге деген сүйіспеншілігі ағылшын және неміс тілдеріне қызықтырыпты. Менің де көзім жетіп, көңіліме түйдім. Егер адам ниет етсе, нені болса да істей алады. Оған дәлел – Қарлығыш Калиевна.

Көп ішінен көзіме түсіп, санама сан сұрақ жүгірткен ұстаздың қысқа да нұсқа әңгімесі әсерлі болды. «Жолың оңғарылсын», — деп шығарып салған жақсы жан жанында жүрген кез-келгеннің құм жігерін қатайтатынын аңғардым.

Меніңше, мына мінсіз мектептің айнасы – осы мұғалім. Шаршауды білмейтін әрекеті осыған айғақ. Амандық тіледім!

                                                                                           Жадыра Бағашар,

                                                                                             Білім айнасы,

Алматы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.