Home » Білім және тұлға » ЕСЛӘМ ЗІКІБАЕВТЫҢ АҚЫНДЫҚ ШЕБЕРХАНАСЫ

ЕСЛӘМ ЗІКІБАЕВТЫҢ АҚЫНДЫҚ ШЕБЕРХАНАСЫ

Кім оянып, мәңгіге кім жатады,
Тоқтамайды күн шығып, күн батады…
Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын,
Ерік бердім жан сырым – жырға тағы, — деп жырлаған Еслам Зікібаев ағамыз тірі болса сексеннің сеңгіріне шығар еді.
Бала шақтан болашаққа болжам арқылы тағдырдың талай тауқыметін көріп, соның ащы дәмін татып өскен ақын Есләм ерте ер жетеді. Оны мына өлең шумақтарынан аңғаруға болады:
Бір үйдің жалғыз қалған еркегімін,
Жараспайды бала боп еркелігім.
Алдымда – аға
Артымда – жеткіншек жоқ,
Ойдың да арманына ерте кірдім!
Осыдан кейін жас ақын қолына қалам алып, қағаз ұстап өлең жазуды бастапты.
Талайды тамсандырған, біреуге ән салдырған ақын өлеңдерінің негізгі тақырыбы – Туған жер. Туған жерге деген ыстық сезімін былай жеткізеді:
О, туған жер,
Менің байлық – ырысым,
Арманымның шешек атқан гүлісің.
Өмір саған өзектес қып жаратқан
Тағдырымның бір ұшын! — деп оған деген ыстық сүйіспеншілігі мен туған жерге деген махаббатын өмірінің бір бөлшегі етіп көрсетеді.
Ақынның өмірлік мұраты – поэзиясы. Ақын арманының асқағына айналған, ақын поэзиясының бойтұмары оның туған жері дедік. Ешкіммен бөліспейтін атасы да, анасы да туған жері.
Туған далам!
Анам да, панам да – өзің,
Сұқтанып маған біреу қадар көзін.
Сен барда асқар таудай тірегім бар,
Сен барда жолбарыстай жүрегім бар,
Оқтан да алып қалар жанымды аман,
Сен менің қорғаушымсың жанымда әман-
Сол үшін арындаған
Сол үшін жалындаған…
Мен –сенің қорқу білмес шабандозың! — деп ақын, ағынан жарылады.
Есләм Зікібаевтың тағы бір қыры – аудармашылық. Бұл кісі орыс, эстон, қырғыз, түркімен, башқұрт, татар, қарақалпақ ақындарының өлеңдерін аударуға ат салысты. Ақын Солтүстік Кавказ, Қарақалпақ поэзиясының антологияларын аударуға қатысты. Сонымен қатар түркімен жазушысы Керім Құрбаннепесовты, қырғыз жазушысы Жәлел Садықовты, башқұрт ақыны Шариф Бекқолды өз ана тілімізде сөйлете білді.
Есләм ағамыз Мағжан ақын туралы және замандас ағалары Сырбай Мәуленовке, Мұзафар Әлімбаевқа, Балғабек Қыдырбекұлына арнаған көптеген өлең-жыр арнаумен қатар, мақалалар жариялап отырды. Ақындығы мен көсемсөздігі қатар жарасқан ақын қаламынан Кәкімбек Салықовқа арналған «Ағама да рахмет» атты эссе-толғаныс дүниеге келеді…
З.Қабдоловтың, «Әуезові» секілді өмірде де, өнерде де, өлеңде де, үйде де, түзде де, дос-жаран ортасында да көңіл айнамызға сәулесін түсірмеген менің де өз Кәкімбегім бар – деп толғанады, ақын. Бәлкім басқаларға ол бөлектеу көрінер, ол әркімнің өз танымы, өз тағылымы.
Сылқыл қаққан ақ бұлақтан байқадым,
Туған жердің қымбатын.
Сыбырласқан жас құрақтар айтады,
Айдын көлдің сымбатын.
Ерте сүйдім құзар шыңның заңғарын,
Бұлттар көшін үзбеген.
Өзен сырын ағысынан аңғардым,
Теңіздерді іздеген.
Екінің бірі байқап, бағалай бермейтін көріністер. Ғаламның ғаламаттарына ғашық көзбен қарап, іңкәр жүрекпен жыр тудыратын менің Кәкімбегім осылай тебіренсе, көңілім теңіздей толқиды, деп ақын ағынан жарылады.
Ақынның ерекшелігі соншалықты, қаламдас достары айрықша бағалаған. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов былай дейді: Есләм ақынның ерекше үш қасиеті бар еді: адал, әділ және намыскер болатын. Адалдығы сондай – біреудің жолда жатқан алтынына қол созбайтын.
Әділдіктің белгісі – өзіне зиян келсе де, ақ істі ардақтаудан танбайтын. Ал, намыскерлігі қандай десек – біреу жазықсыз жәбір көріп жатса, оны өзін қорлағандай көретін. Жәбір көрушіні қорғап, жиындарда жалынды сөз сөйлейтін, жәбірленушіні әшкерелеп, отты өлеңдер жазатын, дейді.
Есләм Зікібаевты сөз еткенде тек ақындығын, жазушылығын, журналисттігін ғана емес, сонымен қатар ақынның көптеген өлеңдерінің сөзіне музыка жазылған айтпай кетуге болмайды. Атап айтсақ: «Сағындым сәулешім», «Аяулым, арманымдай асылым ең», «Әнші сыры», «Жыл құсы», «Жеңеше», «Сағыныш», «Ғашығым ардағым», «Ұйқың, жаным, қанды ма?» т.б. Бұл әндерді бүгінгі таңда Қазақстанның халық артистері Роза Бағланова, Зейнеп Қойшыбаева, Гүлнәр Сиқымбаева, Алтынай Жорабава сияқты асыл қыздарымыздың орындауында сахна төрінен түспей келеді. Ақын қиялына қанат бітіріп, көкке самғар қазақтың әсем ән әуенімен биікке самғауды жақсы көреді.
XXI ғасырдың дәмін татқан екі ғасырдың куәсі болған ақын Есләм Зікібаев соңында талай туынды қалдырды. Әкеден жас қалған, ащы мен тұщыны жақсы білетін ақын «Әке» туралы, «Ана» туралы да көп жазды. «Жарғақ құлағы жастыққа тимей» соғыс тақырыбында талай тебіренсе, жеңіс тақырыбынан да құр қала алмады, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігі берік болса, махаббатты да жырлаудан жалықпады. Қорыта айтқанда, кез келген тақырыпқа қаламы жүйрік, ойы ұшқыр ақын.
Бірде ашық көңілім, бірде тұман,
Бір беті – мұң өмірім, бір беті – ән,
Өлгенде де солардан жұбым жазбай,
Мәңгілік тұғырында бірге тұрам, — деп, ақын өзін-өзі сұлу жырымен әлдилеп тұрғандай сезіледі. Ақын өлеңдерін оқыған сайын жаныма тыныштық табамын. Елінің ардақтысы бола білген ақын рухы асқақтай берсін!

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың
аға оқытушысы Кокбас Жазира

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.