Баршамызды қазіргі шәкірттеріміздің болашағы, мектебіміздің ертеңі қатты толғандырады. Қазіргі таңда өркениетті елдерде білім мен ғылымның орны ерекшеленіп, шешуші маңызға ие болып отырған кезде, Қазақстанның білім беру жүйесінің осы ағымға ілесуге ұмтылуы қандай дәрежеде? Біздің мектетердегі жағдай қандай? Неліктен менің жоғарғы сыныптарда оқып жүрген оқушыларым «шет мемлекеттен оқып, білімді шетелден алсам, ол менің жарқын болашағымның кепілі» деп санайды?
Сағат сайын интеллектуалды өнімдер мен идеялар туындап, күн сайын таң қалдырған мына жаңа заманда өмір сүрудеміз. Бұл ақпараттар алмасуы үдеп, өмір ортасы біртұтас боп кеткен жаһанданған заман…
Күнделікті сабақтарымызға жаңа технологияларды енгізіп, оқыту құралдарын дамытып жатырмыз. Қазiргi кезеңде менің әріптестерім қолданып жүрген инновациялық технология түрлері де сан алуан: модульдік оқыту технологиясы; ынтымақтастық педагогикасы; проблемалы оқыту технологиясы; білім беруді ізгілендіру технологиясы; тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясы; деңгейлік саралап оқыту технологиясы; міндетті нәтижеге негізделген саралап оқыту технологиясы; жобалап оқыту технологиясы. Әрқайсысының білім беру процесінде жеке орны, маңызы, ерекшелі және кемшілектері бар. Қазіргі білім беру саласындағы инновациялық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты білгір маман болу мүмкін емес екенін барлық мұғалім түсінеді. Инновациялық технологияны меңгеру мұғалімнің зейін-зерделік, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген ұстаздық келбетінің қалыптасуына әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін жүйелі ұйымдастыруына көмектесендігі анық болып отыр. Бірақ сонда да алдымызда отырған оқушылардың ынтасы кеміп, қабілеттері төмендеуі неліктен?
«Бұл ненің әсері» деген сұрақтар мені қатты толғандырады.
Көптеген осындай мәселелерді шешіп, мазалаған сұрақтарға жауапты денгейлік курстан өтудің арқасында алған болатынмын. Денгейлік курстан өткен мұғалімдер менің байқауымша, алдарындағы оқушыны басқаша танып, оған басқаша көзқараспен қарайтындықтарымен ерекшеленеді. Біз өзімді алдымыздағы балаға білім беруші емес, білім алудың жолын көрсетуші, баланың бойында оқуға деген қажеттілікті оятушы, оның ойлауын дамытушы екенімізді сезінеміз.
Білім берудің негізі сабақ болғандықтан мұғалім сабақтың түрін, оның құрылымын жетік білуі керек. Оқушылардың ойлау белсенділігін арттыру үшін көп жағдайда математика сабақтарында есептің мазмұнын өзгерте отырып, өмірмен байланыстыратын болсақ сабақ нәтижесі артады.
Мысалы, «365-ті 7-ге бөлгенде қандай қалдық қалады?» деген есепті мынадай мазмұнға түрлендірсек, оның барлық балаларға қызықты болары анық.
Есеп №1. Бір жылда ең көп дегенде қанша жексенбі күндері болуы мүмкін?
Есеп №2. 2011 жылы сенбі күндері 53 рет болды. 2012 жылғы 1 қаңтар аптаның қай күніне келеді?
Есеп №3. 2010 жыл жұмадан басталды, 2016, 2017 жылдар аптаның қай күнінен басталады?
Кейде есептің шартын сәл өзгерту арқылы оқушылардың көбін осы есеппен қызықтырып жіберуге болады.
Мына салыстыруға арналған тапсырманы түрлендіруді қарастырайықшы.
Тапсырма. Салыстыр: 15м/с және 60 км/сағ.
Есеп. Егер қасқырдың жылдамдығы 15м/с болса, онда ол жылдамдығы 60 км/сағ болатын киікті қуып жете ме?
Есеп. Алмаларды 3-тен, 4-тен, 5-тен, 12-ден топтаса әр кезде 2 алмадан артық қалып отырады. Сонда алмалар саны қанша болғаны?
Бұл есепті «мына сандардың (3, 4, 5, 12) ең кіші ортақ еселігін тап» деген тапсырманы түрлендіру арқылы алып отырмыз.
Сонымен оқушыларымыз алған білімдерін өндірістік және өмірдегі әр қилы жағдаяттарда қолдана білулері керек.
Яғни, ұрпағымыздың болашақ сұранысына сай дамуы басты қажеттілік болып отыр. Мен сабақтарыма жеті модульді ықпалдастырғаннан кейін байқағаным, оқушылар сабақта белсенді, сабақта үндемей қалған оқушы болмайды, сабақта тек мұғалім үні емес, оқушы үні басым, мәселелерді бірлесіп шешіп, қызу талқылап жатады, бір-бірін бағалап, өз-өздерін сенімді бағалап отырады. Сабақтарда оқушылар топпен жұмыс істеуге асқан қызығушылықпен кірісіп кетеді. Олар бір-бірімен өзара әрекеттестікпен жұмыс жасап, бір-бірін тыңдай білуге, сыйластыққа, бір-бірінің пікірін бағалауға, бір-біріне көмек көрсете білуге үйрене бастады. Әрине, бәрі бірден қалыптаса қойған жоқ, реніштер, бір-біріне өкпелер болып жатты. Бірақ, бәрі кейін түзеліп кетті.
Мектептегі өзгерісті әрине, ата-ана да қабылдайды, өйткені бұл жаңартулардың балаларына жақсы әсер еткенін көрген ата-ананың баласының болашағына деген сенімі артады және баласын ынталандырған мұғалімге ата-ана да риза болары сөзсіз.
ЭЫДҰ жүргізген инновациялық ортаның салыстырмалары талдауы жасаған қорытындыға сүйенсек: біздің мұғалімдерге көптеген оқыту стратегиялары, түрлі педагогикалық тәсілдерді араластырып қолдану мүмкіндіктері, нақты әдістер мен стратегияларды қалай, қай жағдайда қолдану қажеттігі туралы білім қажет [МАН].
Қазіргі кезде оқушыларымыздың талабы да, талғамы да артқандықтан «қолымызда барға қанағат» деп отыра берсек, алдымызда отырған шәкірттеріміздің болашағына қиянат жасаған болар едік. Оқушылардың қолдарындағы гаджеттерді оқуға кедергі деп қарамай, оны оқуға көмекші құралға айналдырып жіберу де ұстаздың шеберлігіне байланысты.
Әрине, мектептен алған білімнің әр адамның тағдырына тигізер әсерін ескерсек, мұғалімге қойылатын талаптың зор екенінде сөз жоқ. Мұғалім жаңармай, оқу ісі жаңармайтынын барлық ұстаз түсінеді.
Менің ойымша, мұғалім білім берушіден оқушымен әрекеттесе отырып, білімді игеруге бағыт беруші болуы үшін қазіргі техниканы да, технологияны да, оқушының ойын дамытатын әр түрлі әдіс- тәсілдерді жетік меңгеруі керек. Сондықтан мұғалім жаңашыл болып, жеке қабілетіне сәйкес келетін методикасын тауып алу керек. Мұғалім «Неге үйретемінмен» бірге «Қалай мұны үйретемін?» деген сұраққа жауап іздей отырып, оқушыны «Мен мұны қалай үйренемін» деген ойға итермелеуі қажет.
Өз жұмысынан ләззат алып, алдында отырған оқушыны білімге құштарландыру үшін ұстазға тынымсыз еңбек, шығармашылық ізденіс, бір-бірінен үйрену қажеттілігі туындап отыр.
Сөйтіп, ұстаз қауымы бірлесе атқаратын жұмыстардың арқасында болашақта дұрыс таңдау жасай алатын, ұтымды шешім қабылдай алатын, өмірге икемделе білетін өзін-өзі реттейтін тұлға қалыптастыру оң шешім табады деп ойлаймын.
Оқушыларды өмірге дайындау мектептен басталатындықтан, білім беру жүйесінде үлкен өзгерістер болуда, мектеп тек біліммен қаруландырушы рөлінен тұлғаны дамытушы рөліне көшуде.
Ендеше, мектеп ісін түзеуді мұғалімнен бастау дұрыс шешім деп санаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Дьюи Дж.(1997) Ойлау психологиясы педагогикасы М.: Совершенство.
- Нысанбаев А.Н., Соловьева Г.Г. Изменимся вместе с детьми –Алматы 2002.
- «Білімдегі жаңалықтар» журналдары.
- Мұғалімдерге арналған нұсқаулық.
Ж.М. Рамазанова,
№35 мектеп-лицейі математика пәнінің мұғалімі,
Астана қаласы