«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша
Садуақасов Ғомар Садуақасұлы 1919 жылғы қазан айының 27-сі күні қазіргі Қызылжар ауылында дүниеге келген. Отбасының жалғыз тірегі болған әкесі қуғын-сүргінге ұшырап, қайтыс болады. Өзі 1931-1933 жылдардағы аштықтың ауыр азабын бастан кешіреді. Со жылдардағы ауыл балалары секілді ол да мезгілі жетпей есейіп, қаршадайынан еңбекке араласады. 1934-1935 жылдары жоқшылық ауылдағы күнкөрісті тұралатып жібереді. Жасөспірім Ғомар да қатарластарымен бірге Жданов колхозына жұмысқа орналасып, дала басында өгіз айдап, жер жыртқан соқашыларға қолғабыс етеді. Уақыт өте ауыл тірлігі де бір қалыпқа түсе бастайды. Ауылда «Жастар мектебі» ашылып, хат таныған қабілетті балаларды оқуға ала бастайды. Солардың бірі болып, Ғомар Садуақасұлы да мектепке жазылады. Зейінді жас білім алуға бар ынта-шынтасымен құлшына кіріседі. Бос уақытын оқу-жазуға арнайды. Оның ендігі арманы – мұғалімдік мамандықты меңгеру болады. Содан 1938 жылы Павлодар қаласындағы педагогикалық техникумына түсіп, 1939 жылы тәмамдап шығады. Жас маманды Жданов мектебі құшақ жая қарсы алып, алғашқы ұстаздық қызметін бастауға мүмкіндік береді. Алайда, қуанышы ұзаққа созылмады. 1940 жылы елге екінші дүниежүзілік соғыстың басталғаны туралы суыт хабар жетеді. Ғомар Садуақасұлы аудандық әскери комиссариатқа шақырылады.
Көп ұзамай, Украинаны неміс басқыншыларынан азат ету майданына қатысады. 1941 жылы орыс тілін жетік білуінің арқасында 85 мм калибрлі зеңбірекшілер құрамына, кейін барлаушылар тобына қосылды. Ол өмір мен өлімнің, оқ пен оттың арасында жүріп, ерлікпен шайқасты. Кеңес әскерлері неміс фашистерінің сұрапыл күшін тас-талқан етті. Жау сәт сайын жеңіле отырып, өз «апанына» тығылып, үні мәңгіге өшті. «Қырық жыл қырғын болса да, кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегендей, 1945 жылдың тамыз айында Ғомар Садуақасұлы елге жеңіспен оралды. Сол жылдың қараша айында Шәмшар Кенжеәлі қызымен шаңырақ көтеріп, отау құрады. Майдангер ұстазға Потанин мектебінен директорлық қызмет ұсынылып, жаңа жұмысқа тағайындалады. Лауазым иесі заман талабына сай, жоғары оқу орнына түсуді жоспарлайды. Сөйтіп, 1952 жылы Алматы педагогикалық институтының география факультетін сырттай бітіріп, Қызылжар ауылындағы жетіжылдық мектепке директор болып тағайындалады.
Ғомар Садуақасов осы мектепте зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек етеді. Ол ауыл балаларына білім берумен қатар жерлестеріне де қадірлі, сөзі өтімді, абыройлы елағасы атанады. Ағарту саласында 40 жыл үздіксіз қызмет етеді. Ардагер ұстаз қажырлы еңбегімен мыңдаған шәкірттеріне үлгі-өнеге болып, олардың құрметіне бөленді. Шәмшар апай екеуі өмірге 7 бала әкеліп, оларға «елінің азаматы» деген атқа сай білім мен тәрбие берді. 1947 жылы тұңғышы Бақытжамалы өмірге келді. Жас отау иелерін бақытқа кенелткен алғашқы қуаныш еді бұл. Сөйтіп, олар толыққанды отбасына айналды. Араға алты жыл салып, екінші перзенті – Жарылғасын, одан кейін қалған балалары – Нұржамалы, (1958 жылғы), Гүлжамалы (1959 жылғы), Салтанаты (1961 жылғы), кенжесі – Дәурені бірінен соң бірі өмірге келіп, отбасы қуанышы жалғаса берді. «Әр баланың Алла тағала берген өз ризығы болады» демекші, ардагер ұстаздың шаңырағында дүние есігін ашып, тай-құлындай ойнақтаған сол балақайлар уақыт өте ер жетіп, жоғары білім алып, ұлы ұяға, қызы қияға қонды.
Ардагер ұстаз «Отан соғысының ІІ дәрежелі» ордені мен «Жеңіске – 20 жыл», «25, 30 жыл, … 55 жыл» тағы басқа атаулы мерейтойлық медальдардың толық иегері.
Саналы ғұмырын халқының игілігі мен бақытына арнап, екінші дүниежүзілік соғыстан елге ерлікпен оралған майдангер ұстаз Ғомар Садуақасов 2002 жылы сексен үш жасында өмірден озды. Бірақ, «ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деп халқымыз қалт айтпаса керек. Ғомар ата әрдайым ұрпақтары мен жерлестерінің жадында!
Айгүл МОЛДАШ,
Білім айнасы,
Павлодар